Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Атырау: Тәуелсіздік құрдастары көп балалы отбасы үшін үй салып жатыр

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылыой ауданы – Атыраудағы өнеркәсіпті ауданның бірі. Мұнда 121 жыл бұрын Қарашүңгіл кен орнынан қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған еді. Қазір бұл ауданның аумағында  көмірсутекті қорының молдығымен әлемге танымал болған Теңіз кен орны да бар.

Атырау: Тәуелсіздік құрдастары көп балалы отбасы үшін үй салып жатыр

Алайда, бұл ауданда тұратын тұрғындардың бәрін бірдей бақуатты деуге болмайды. Мәселен, аудан орталығы Құлсары қаласында тұрмысы төмен отбасылар кездеседі. Соның бірі – көп балалы Бақтыгүлдің отбасы. Тоғыз жыл бұрын күйеуі өмірден өткен. Төрт баласының екеуі мүгедек. Ал баспанасы әбден тозған. Терезедегі әйнектің орнын пленка алмастырыпты.

– Бірнеше жыл бұрын досым әрі көршім Абылай Төлеповпен бірге волонтерлік істі қолға алған едік. Мұқтаж жандарға қолғабыс беруді көздеп, бастапқыда өз қаражатымызды жұмсадық, -дейді құлсарылық Диас Ибатаев. –Кейін біздің қатарымызға өзге достарымыз да қосылды. Өзіміз тұратын №8 ауылдағы қарапайым тұрғындарға азық-түлік алып беріп жүрдік. Жақында Бақтыгүлдің отбасындағы ахуалмен танысқан соң, жаңа баспана салып беруді жөн көрдік.

Өйткені, көп балалы отбасы тұратын баспана елу жыл бұрын саман кірпіштен салыныпты. Волонтерлар құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйдегі көп балалы отбасының тұрмысы туралы шағын ролик түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Қаржы жинау үшін арнайы қор құрды. Бұл жомарт жүректі жандарды бейжай қалдырмады. Қорға түскен қаржының есебін әлеуметтік желіде ашылған парақшада жариялап отырады.

– Біз әуелі бұл отбасыға үй жалдап бердік. Содан соң ескі үйді бұзып, орнын тазаладық. Бақтыгүлдің отбасымен ақылдасып, жаңадан бой көтеретін баспананың жобасын жасадық. Жобаға сәйкес, жаңа үйде төрт бөлме болады. Бұған асүй бөлмесін қосыңыз. Жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайды. Себебі, бұл отбасының  көп балалы екені ескерілді, -дейді Диас Ибатаев.

Қазір волонтерлар бастаған үйдің қабырғасы биіктеп келеді. Бір ерекшелігі, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді қолға алған жастардың бәрі – тәуелсіздіктің құрдастары. Олар жақында төрт баласымен баспана тауқыметін тартқан жесір ананы жаңа үйге қоныстандырмақ. Алдағы уақытта да осындай қайырымдылық істі жалғастыруды көздеп отыр.