Облыста егістіктің еш кедергісіз жүруіне барынша жағдай жасалуда. Әсіресе, жанар-жағармай жеткізу жолға қойылған. Диқандарға қажетті 5 300 тонна дизель отыны шаруашылықтарға тасымалданып, 4 200 тоннасы іске жаратылыпты. Шаруалар жанармайдың әр литрін 165 теңгеден сатып алуда.
- Аймақта «Қолдау» жүйесі арқылы берілген электронды өтініш негізінде 1086 шаруа субсидия алды. Бұл агроөнеркәсіп кешені бойынша тауар өндірушілерді қолдауға берілетін мемлекеттің көмегі. Қазірге дейін облыстың шаруа қожалықтары 1 024,9 млн теңге субсидияға қол жеткізді. Сол сияқты егіс науқанын мерзімінде әрі сапалы атқару үшін «Аграрлық несие» корпорациясының «Кең Дала» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 78 займ алушыға 888,4 млн теңге сома несие берілген. Мұнан бөлек, облыстағы 11 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші нысан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 290 млн теңге несие алуға өтініш берді, - дейді облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.
Алматы облысы