21 Қыркүйек, 2013

Кәсіподақтар рөлі күшейтілетін болады

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Әділғазы Құсайынов журналистермен кездесіп, осы ұйымның алдындағы міндет-мақсаттары туралы айтып берді. Әңгіменің негізгі өзегі елімізде әзірленіп жатқан «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасы төңірегінде өрбіді.

Кеше Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Әділғазы Құсайынов журналистермен кездесіп, осы ұйымның алдындағы міндет-мақсаттары туралы айтып берді. Әңгіменің негізгі өзегі елімізде әзірленіп жатқан «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасы төңірегінде өрбіді.

– Енді екі жылдан кейін Қазақстанда кәсіподақтардың құрылғанына 110 жыл толмақ. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес одағы тұсында кәсіподақ қоғамда үлкен рөл атқарған болатын. Ол биліктің үш тармағының бірін құрады. Сол кезде Қазақстанда 7,4 млн. кәсіподақ мүшесі болды. Қазіргі күні бұл сан 2,1 млн. адамды құрап отыр. Көрсеткіштің төмендеуіне елімізде жүрген өзгерістердің өзіндік ықпалы болды. Өйткені, нарықтық қатынасқа көшкен кезде көптеген еңбек ұжымдары тарады. Мұның сыртында, экономикада жеке меншік ұйымдар құрылды. Олар өздерінде кәсіподақтың бастауыш ұйымының болуын оншама қалаған жоқ. 1993 жылы елімізде «Кәсіподақ туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заң қазір ескіріп, заман талабынан артта қалып қойды. Сондықтан Елбасымыз кәсіподақтың рөлін күшейту бағытында жаңа заң қабылдау қажеттігін бірнеше рет ескертіп, ақырында нақты тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде жаңа заң жобасы жасалынып отыр. Бұл заң заман талабына дұрыс жауап береді деген ойдамыз. Жобаны жер-жерлерде талқылаудан өткіздік. Сондай-ақ, жуықта халықаралық сарапшылардың қатысуымен тағы бір жан-жақты талқылау жасадық. Оған Халықаралық еңбек ұйымының өкілдерімен қатар, еліміздің депутаттары да қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды, – деген Әділғазы Қалиақпарұлы заң жобасында қарастырылып отырған негізгі өзгерістер мен толықтырулар жайлы айтып берді. Бұл өзгерістер негізінен алғанда, қоғамдағы кәсіподақтың рөлін күшейтуге бағытталып отырғандығын атап көрсетті.

Кәсіподақтар қызметі әбден дамыған батыс елдерінде жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында кәсіподақтың тұратындығы, ол негізінен алғанда жұмысшының мүддесін көздеп, осы бағытта жұмыс берушімен сауатты, заң талаптарына сай келіссөздер жүргізіп, орын алған кикілжіңнен шығудың екі жақтың да ыңғайына келетін ортақ жолын табатындығы белгілі. Кәсіподақтар, міне, осындай қызметімен бағалы. Кез келген ұжымда еңбек адамдарының мүддесі дұрыс қорғалу үшін ең алдымен, жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасында ұжымдық шарт жасалынып, онда еңбек ұжымына жұмыс берушінің ұсынатын әлеуметтік қорғау шаралары, тағы да басқа жайттар белгіленуі керек те, осы шарттың дұрыс орындалуын кәсіподақ ұйымы бақылауда ұстауы тиіс. Міне, осылайша ортақ түсінікпен жұмыс істеудің өзі ұжымды кездейсоқ сілкіністерден қорғайтын береке бастауы болып табылады.

Бүгінгі күні елімізде Қазақ­стан Республикасы кәсіподақтар Федерациясынан басқа да Ең­бек конфедерациясы, Еркін кәсіп­одақ­тардың конфедерациясы секілді ұйымдар жұмыс істейді екен. Осылардың ішінде ең ірісі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясы болып табылады. Бұл ұйымның әр облыста облыстық буындары, сондай-ақ 26 салалық кәсіподақтар құрылымы жұмыс істейді. Алдымызға қабылданатын заң жобасында кәсіподақтардың бастауыш ұйымдарынан бастап әрбір буынының құқықтары мен жауапкершіліктері көрсетілген.

Жұмысшылар мен жұмыс бе­рушілер кейбір жағдайда неге тіл табыса алмайды? Кәсіп­одақ­тар Федерациясы осы мәсе­лені зерделей келе көп мәселе­нің екі жақтың да еңбекке қатыс­ты заңдылықтарды дұрыс мең­гер­мейтіндігінен екендігін анық­та­ған. Осы проблеманы шешу үшін Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі бастауыш ұйымдардан бастап, кәсіподақтар жетекшілерін оқыту ісін ұйымдастырған. 8 айда 2553 бастауыш кәсіподақ жетекшілері оқудан өткен. Ал жұмыс берушілерді оқыту мә­селесін әкімдіктер, яғни жергілікті атқару органдары қолға алған.

Әділғазы Құсайынов журна­листерді Кәсіподақтар Федера­циясы тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыра келе бұдан былайғы уақыттары БАҚ-пен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтіндіктерін мәлім­деді. 10 қазан – Кәсіподақтар күні екендігін айтып, биылғы жылы бұл шараны лайықты атап өтуге әзірліктер жасалынып жат­қан­дығын да хабарлай кетті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23