Континенттік хоккей лигасының тұрақты чемпионатында ойнап жатқан Астананың «Барыс» командасының хоккейшілері бұрнағы күні Ханты-Мансийскіде жергілікті «Юграны» 6:2 есебімен талқандап шықты.
Континенттік хоккей лигасының тұрақты чемпионатында ойнап жатқан Астананың «Барыс» командасының хоккейшілері бұрнағы күні Ханты-Мансийскіде жергілікті «Юграны» 6:2 есебімен талқандап шықты.
Астаналықтар өздерінің бірінші сырт жақтағы матчын өте қарқынды бастады. Олар 10-минутқа қарай 3:0 есебімен алға шығып үлгерді. Жерлестерімізден бұл шайбаларды Дмитрий Уппер, Алексей Литвиненко және Брэндон Боченски түсірді. Алаң иелері бұған Алексей Пепляевтің белсенділігімен бір рет қана жауап қайтара алды.
Қонақтар екінші кезеңде Михаил Рахманов соққан бір шайбаның арқасында басымдылықты бұрынғы қалпына келтіре білді. Соңғы кезеңде астаналықтар Дастин Бойдтың екі шайбасы арқылы есепті талқандау дәрежесіне жеткізді. Ал соңғы нүктені 46-минутта югралық Владимир Горбунов қойды.
Осымен 6 матчта 15 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында топ бастап келеді. Ол келесі ойынын ертең Астанада «Автомобилиспен» өткізеді.