Таным • 06 Мамыр, 2020

Дәулеткерей өмірбаянына дәлдік керек

188 реткөрсетілді

Ұлт ұлыларды тудыратын болса, ұлылар ұлт рухын асқақтатады.Бүкіл қазақ ұлты есімін ардақтаған сондай ұлылардың бірі – биыл туғанына 200 жыл толып отырған атақты күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлы. Лирикалық күй жанрының негізін салушы Дәулеткерейдің атақ-даңқы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзіне белгілі.

Өкінішке қарай күні кешеге дейін ұлы күйшінің туған жері, туған және қайтыс болған жылдары туралы әртүрлі дерек айтылып келді. Солардың кейбірі мынадай: кезінде Дәулеткерей Шығайұлы 1799 жылы туған деген пікір болған. Осы пікір негізінде 1939 жылы күйші-композитордың туғанына 140 жыл, 1949 жылы – оның 150 жылдығы республикамызда кең түрде аталып өткен;1961 жылы Алматы қаласында басы­лып шыққан «Күйлер» атты жи­нақтың алғысөзінде «Д.Шығаев 1821 жылы бұрынғы Бөкей хан­дығындағы Қарамола (қазіргі Бө­кей ордасы ауданы аумағында – автор) де­ген жерде туған», деп жа­зыл­ған. Тарих ғылымдарының док­торы, профессор Е.Бекмаханов 1966 жылы шыққан «Очерки исто­рии Казахстана ХІХ века» де­ген кітабында да «Дәулеткерей 1821 жылы Бөкей хандығында туған», деп көрсетеді. Күйшінің ту­ған жылы мен туған жері туралы Б.Ерзакович, А.Жұбанов және бас­қа да зерттеуші ғалымдардың пікірлері де бір-біріне қарама қай­шы. Ал Қ.Ахмедияровтің автор­лығымен шыққан «Жігер» атты кітапта Дәулеткерей 1814 жылы туған делінген. Ж.Ақбай «Радуга Ақжайық» атты кітабында ұлы күйші 1814 жылы туған деген пі­кірді қостайды. Алайда күйші-композитордың туған жылы туралы мәселеге біржола нүкте қой­ған белгілі өнертанушы-ғалым Петр Васильевич Аравин болды. Ол Дәулеткерей Шығайұлының 1821, 1814 жылдары туғандығы туралы пікірлерді толықтай теріске шығарды. 1984 жылы Москва қа­ласында басылып шыққан «Дау­леткерей и казахская музыка ХІХ века» деген монографиясында өнертанушы ғалым былай деп жазады:  «1853 жылы Ішкі (Бөкей) ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес «Ішкі қазақ ордасындағы руларды басқарушылардың тізі­мін» жасаған. Сол тізімнің 14-ші санында «сұлтан Дәулеткерей Шығаев 33 жаста, 1852 жылғы 21 ақпаннан бері уақытша Ноғай руын басқарады», деп көрсетілген. Егер 1853 жылы Дәулеткерей 33 жаста болса (1853-1833=1820), онда оның туған жы­лы 1820 болып шығады. Автор сонымен бірге осы мәліметті мы­на архивтен алдым деп оларды қоса көрсеткен. Олар: ҚазақССР мем­лекеттік архиві, 78 қор, 2-ші тізбе, 10-іс, 5-6 парақ және 4 қор 1-ші тізбе 5669 іс, 4-ші парақ. Олай болса Дәулеткерей Шығайұлының туған жылын архивтегі құжатқа сүйене дәлелдеген П. В.Аравиннің ұлы композитор 1820 жылы туған деген пікірі бірден-бір дұрыс екендігі еш талас тудырмайтын ақиқат болып табылады. Демек биыл ұлы күйші-композитордың туғанына 200 жыл толып отыр.

Ендігі үлкен мәселе – Дәу­лет­керейдің қай жерде туған­дығы туралы. ХХ ғасырдың 80-жыл­дарының орта кезіне дейінгі бас­падан шыққан еңбектердің қай-қай­сысында да Дәулеткерей Бө­кей хан­дығында, соның ішін­де қазіргі Батыс Қазақстан об­лы­сының батыс аймағында ту­ған деген пікірлер айтылып кел­ді. Ал Ж.Ақбай жоғарыда атал­ған «Радуга Ақжайық» деген кі­та­бында Дәулеткерей Каспий те­ңізінің жағалауында, Астрахань облысының аумағында туған деп көрсетеді. Тіпті авторлары З.Қа­был­динов пен А.Қайыпбаева болып табылатын «Атамұра» бас­пасынан шыққан 8-ші сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқу­лығынан тайға таңба басқандай етіп «Дәулеткерей Шығайұлы «Қа­­рамола» деген жерде дүниеге келген» деген сөйлемді көреміз. Мұның өзі Қазақстандағы мектептерде ұлы күйшінің туған жері туралы оқушыларға жаңсақ мәлімет берілгендігін көрсетеді. Шын мә­нінде Дәулеткерейдің туған жерін дәл көрсеткен өнертанушы ғалым- П.В.Аравин. Оның 2008 жылы Алматы қаласындағы «Өнер» бас­пасынан шыққан «Дау­леткерей и казахская домбровая музыка ХІХ века» атты кітабынан мына­дай жолдарды оқимыз «…но­­вые архивные документы открытие нами... свидетельствует, что Даулеткерей родился не в мест­ности Карамола, а на прибрежье Каспия, недалеко от ватаги Коневской, где находилась ставка Шигая и где он проживал в последние годы жизни...» (стр 46).

Ұлы күйшінің өмірі мен шы­­ғармашылығын зерттеуші ға­лым П.В.Аравин айтып отыр­ған Конево деген село Атырау об­лы­­сы Құрманғазы ауданы­ның тұр­­ғындарына жақсы таныс. Бү­гінде ол селоның орны қа­зіргі Құр­­­манғазы ауданының орта­лы­ғынан шығысқа қарай 10 км жерде, Атырау-Астрахань ав­то­­мобиль жолының бойында кө­рініп жатыр. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының аяғына қарай Көнеу (қазақтар солай деп атайды – автор) өзегіндегі судың тартылуына және бала оқытатын орысша мектептің жабылуына байланысты селоның негізінен славян ұлтынан тұратын халқы аудан орталығы Ганюшкин селосына қоныс аударады. Сөй­тіп біржарым ғасырдай өмір сүр­ген Конево елді мекені тарих сахнасынан біржола кетті.

Бұл жерде ерекше көңіл аударатын жай – П.В.Аравиннің Дәулеткерейді: «Коневоға жақын жерде орналасқан әкесі Шығайдың ставкасында дүниеге келді», деуі. Осы жерде мына жайды атап өткеніміз жөн. Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін баласы Жәңгір ержеткенше 1815-1823 жылдар аралығында хандықты уақытша Бөкейдің інісі Шығай басқарды. 1820 жыл­дың 28 қаңтары күні сұлтан Шы­ғай Астрахань губернаторына хат жазып, қарауындағы қазақтарды оты­рықшылыққа көшіруде үлгі көр­сету мақсатында өзіне ағаш үй салдыратындығын мәлім­дей­ді. Көп кешікпей Шығай сұлтан­ның еңселі ағаш үйі де дайын бо­ла­ды. Ішкі орданың басқа қазақ­тары да осы жерге ағаштан үй сал­ды­рып, орныға бастайды. Кез­інде Бөкейханның ставкасында бол­ған Дон казак әскерлерінің командасы енді сұлтан Шығайдың ставкасында болып, оған қызмет етеді. Шығай сұлтан мен оның отбасы орыстармен, украиндармен достық қарым-қатынаста болады. Мұның өзі Дәулеткерейдің орысша және мандолин, балалайка сияқты музыкалық аспаптарды үйренуіне қолайлы жағдай жасайды. Осылайша Шығай сұлтан ставкасының негізі қаланған 1820 жылы болашақ күйші Дәулеткерей де осы жерде дүниеге келген.

1824 жылы Бөкейханның мұ­рагері Жәңгір хан таққа отыр­ған­нан кейін Шығай сұлтан мем­лекеттік қызметтен біржола босайды. Оған қоса императордан Каспий теңізінің солтүстік-батыс жағалауын жалға алған граф Безбородько осы кезде сұл­тан Шығайдан бұрынғы ставка орналасқан жерден кетуін үзілді-кесілді талап етеді. Суы мол, шөбі шүйгін жерден шағыл басқан қырға көшіп барған Шығайдың малы қырылып қалады. 1825 жылдың қараша айында сұлтан Шығайдың өзі де дүниеден өтеді. Осылайша Дәулеткерей 5 жасында әкесінен же­­тім қалады. Әкесі өлгеннен кейін Дәулеткерей Шеркеш руы­ның басқарушысы, немере ағасы Меңдігерей Бөкейхановтың қо­лында тәрбиеленеді. Ішкі ордада малы мен жері, дүние-мүлкі жағынан Жәңгірден кейін екінші орында болған Меңдігерей інісі Дәу­леткерейді болашақта ірі ел бас­қарушы сұлтан болуға тәрбиелейді. Дәулеткерейдің әкімшілік қыз­метпен шұғылдануына ХІХ ға­сырдың 50-жылдарында Ішкі орданы басқару жөніндегі Уа­қытша кеңесті Г.В.Ващенконың басқаруының үлкен әсері бол­ды. Оның қолдауымен Дәулет­керей 1852 жылы Ноғай руы­ның бас­қарушысы болып тағайын­далады. Осы кезде Дәулеткерей атақты домбырашы, композитор, Беріш руының Бегіс бөлімінің бұрынғы старшинасы Мүсірәлі Бердиевпен кездеседі.

1836-1837 жылдары Ішкі ор­да­дағы И.Тайманұлы бастаған көтеріліске белсене араласқаны, патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққаны үшін қызметінен қуылған М.Бердиев бұдан былай Дәулеткерейдің өнер жолындағы жетекшісіне айналады. Күйші-сазгер М.Бердиевтің Дәулеткерейдің өнердегі ұстазы болғандығын Дина Нүрпейісова да растайды.

1854 жылы жазда Бөкей ордасына Орыс географиялық қоғамынан келген арнаулы экспедицияның құрамындағы суретші Р. Чередеев киіз үйде домбыра тартып отырған Дәулеткерейдің суретін салады. Бұл сурет Санкт-Петербург қа­ласындағы архивте сақтаулы.

Қазақ делегациясы құрамында Петербургке барып қайтқан күйші-композитор Дәулеткерей өміріндегі 1859 жыл ең ерекше жыл болды. Ол Н-Новгород қаласында, Москвада Үлкен театрда болып, Вер­дидің «Травиата» операсын тамашалайды, астанада делегация мүшелерімен бірге суретке түседі. Петербургке саяхат Дәу­леткерейдің қоғамдық, де­мо­­­кратиялық көзқарасының қа­лып­тасуына зор әсерін тигізеді. Осы жылдарда қазақ халқы үшін орыстың алдыңғы қатарлы мәде­ниетімен жақындасудың қажет­тілігін ол жақсы түсінген.

60-жылдары Дәулеткерей Қы­зылқұрт, Масқар, Төлеңгіт, Шер­кеш руларын және Бө­кей хан­ды­ғындағы қалмақ бөлі­мін бас­қарады. Көп ұзамай Дәулет­керей әкімшілік қызметтен бір­жола босайды. Ол осы жылда эт­но­граф-ғалым Мұха­мед-Салық Ба­бажановпен жа­қын дос болады. Ол мезгілсіз қай­­тыс болғанда «Салық өлген» ат­­ты күй шығарады. Сазгерлік шы­­ғар­машылық өнерінің нағыз ша­­рықтаған шағында, яғни ХІХ ға­сырдың 60-жылдарының аяқ кезінде Дәулеткерей ұлы күйші Құрманғазымен кездеседі.

Дәулеткерейдің қайтыс бол­ған жылы туралы да әртүрлі пікір айтылып келді. Мысалы, Б.Ерзакович «ҚазақССР тари­хының» ІІІ томында Дәулеткерейді «ХІХ ғасырдың 70-жылдарында қайтыс болған»,  десе, А.Жұбанов: «Дәулеткерей 1882 жылы қайтыс болды», деп жазады. Ж.Ақбай «Радуга Ақжайық» деген кітабында ұлы сазгер 1878 жылы қайтыс болды дейді. Алай­да күйші-композитордың қайтыс болған мезгілін дұрыс анық­таған ғалым тағы да П.В.Аравин болды. Ол жоғарыда көрсетілген еңбе­гінде: «Дәулеткерей 1887 жылдың көктемінде өзі ұзақ жылдар мекен еткен «Қарамола» деген жерде дүниеден өткен», деп жазады. Дәулеткерейдің көптеген күйін кейінгі ұрпаққа таратушылар арасында алдымен оның өз баласы Салауаткерей, күйшілер Бала­май­саң, Сейтек, Науша Бөкей­ханов және басқалар болды. Мі­неки, күй алыбы Дәулеткерей Шы­­ғайұлы туралы бір мақала кө­лемінде осындай жайларды жазуға болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­­лашаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру» мақаласында елі­міздің әр өңірінің тарихын, мәдени өмірін зерттеп, зерделеу мәселесіне үл­кен көңіл бөлінген. Осы тұрғы­дан алғанда даңқты күйші Дәу­леткерей Шығайұлының туға­нына 200 жыл толуына ар­налған белгілі бір шаралардың атқарылу қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Дәулеткерейдің өмірі мен шы­ғар­машылығы республикамызда кеңінен насихатталуы керек. Тұң­ғыш президентіміз Н.Ә.Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қы­ры» атты еңбегінде көрсет­ілген «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар қатарында күйші-композитор Дәулеткерей Шы­ғайұлының да болғаны жөн. Республикалық БАҚ арқылы көп-т­е­ген хабар серия­сы дайындалып, Академиялық халық аспаптар ор­кестрлері мен облыстық филар­мониялардың жекеленген домбырашылар топтары аудандарды аралап, Дәулеткерей Шығайұлы туралы лекциялар оқып, оның шығармаларынан концерттер ұйымдастырса, құба-құп болар еді.

Оған қоса, негізгі және орта мек­­тептерде, арнаулы музыка мек­тептерінде, музыка кол­ледж­­­­дерінде және жоғары оқу орын­­­дарындағы өнер фа­куль­тет­терінде Дәулеткерейдің шы­ғар­ма­шылығын терең түрде оқыту және оның өмірбаянына бай­ла­нысты тың деректерге оқу­шылар мен студенттердің назарын кеңінен аудару қажет болады. Сонымен бірге биылғы жы­лы аталып өтілетін Домбыра күні ұлы күйші Дәулеткерей Шы­ғай­­ұлына арналып, ол дүние­ге келген жерге, яғни Аты­рау об­лысының Құрманғазы ауда­нын­дағы бұрынғы Конево елді ме­кенінің орнына, Атырау – Ас­трахань магис­тралінің батыс бе­тіне Дәулет­керейдің 1820 жы­лы осы жерде туған­дығын көр­сететін домбыра түрінде стелла орнатылғаны жөн деп есептейміз.

Осының бәрі дәулетке­рей­тануға қосылған үлкен үлес, бү­гінгі ұрпақтың рухани дамып жетілуіне көмектесетін маңызды шаралар болмақ.

 

Аманкелді ШАМГОНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры,

Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

 

Соңғы жаңалықтар

Жол жауапсыздықты көтермейді

Аймақтар • Бүгін, 08:02

Қасиетті қала – балалар көзімен

Аймақтар • Бүгін, 07:55

Елдік таңба – ел мұраты

Руханият • Бүгін, 07:50

Есте қалған ерекше күн

Саясат • Бүгін, 07:47

Көк Туды көрсеткен сәт

Саясат • Бүгін, 07:42

«Әнұранды қосыла шырқаймыз»

Руханият • Бүгін, 07:42

Тағылымы мол мереке

Пікір • Бүгін, 07:35

Қазынасы ұрпаққа мұра

Таным • Бүгін, 07:30

...Бойыма қуат береді

Руханият • Бүгін, 07:09

Бояу қолданбайтын суретші

Қоғам • Бүгін, 07:06

Ауылдағы аяқ киім фабрикасы

Экономика • Бүгін, 07:00

Ел тарықпасын десек...

Экономика • Бүгін, 06:56

Отандық өнім 72 елге экспортталды

Экономика • Бүгін, 06:48

Мақтааралдағы ахуал бақылауда

Аймақтар • Бүгін, 06:42

Симптомсыз сыбайластық

Қоғам • Бүгін, 06:40

Айқын бағыт, тура жол

Пікір • Бүгін, 06:37

Алатау мен Алматы

Руханият • Бүгін, 06:35

Тарих таразысындағы төрт жайт

Руханият • Бүгін, 06:33

Азаттықтың айшықты нышандары

Қазақстан • Бүгін, 06:31

Ұқсас жаңалықтар