31 606 адам эвакуацияланды
Алдымен Өзбекстандағы бұзылған дамбаның салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына байланысты Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Тұрғындар саны 6 127 адамды құрайтын 5 елді мекен – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған.
– 7 елді мекеннің әлі де су астында қалу қаупі бар, ал екі ауылда – Мырзакент пен Ақжолда қауіп сейілгендіктен, халық үйлеріне оралды. 15 мың адам тұратын Мырзакент кентінде су басу қаупін болдырмау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атакент және Мақтаарал кенттерінің, Жамбыл ауылдық округіндегі мектептердің базасында 14 эвакуациялық қабылдау пункті ұйымдастырылды, онда бүгінгі таңда 3 200 адам орналастырылған. Қалған адамдар туысқандарын паналады. Эвакуациялық қабылдау пункттері барлық қажетті жабдықтармен жарақталған. Карантинге байланысты жағдайды ескере отырып, 120 медицина қызметкері көмек көрсетуде, – деді Ө.Шөкеев.
Оның айтуынша, 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ұйымы, 1 мәдениет үйі мен 10 дүкен су астында қалған. Сонымен қатар Жеңіс ауылындағы көпір мен республикалық және облыстық маңызы бар 54,7 шақырым автожолды су басты. 7 639 гектар егіс алқабы зардап шекті. Сондай-ақ су басқан аумақтағы өліп қалған мал саны нақтыланды. Бүгінде келтірілген залалды есептеу жалғасып жатыр.
– Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерін су баспауы үшін бөгеттер салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында Мырзакент бағытында коллектор қойылды. Сонымен қатар Мақтаарал ауданынан суды жылдам шығару үшін Өзбекстан тарапы канал қазды. Өзбекстандық мамандармен тығыз әрекеттесіп отырмыз. Көрші елдегі жағдай тұрақтанды. Сондықтан олар өз техникасымен келіп, біздің коллекторларды тазартып беруге әзір, – деді Ө.Шөкеев.
Облыс басшылығы су астында қалған елді мекендерді су кеткен соң аралап, әрбір зардап шеккен отбасына өтемақы төлеу мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді.
Бұл мәселеге байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Р.Склярдің төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Премьер-Министр А.Мамин бес ауылға – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залал шұғыл есептеліп, одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталатынын айтты. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететін болады.
2 410 жоба қаржыландырылады
Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев баяндама жасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтің айтуынша, коронавирус пандемиясы экономикаға және еңбек нарығына теріс әсер етуде. Осыған байланысты Үкімет қабылдап жатқан маңызды шаралардың бірі – жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы».
– Бағдарламаның негізгі шарттары – қызмет көрсетушілердің және пайдаланатын құрылыс материалдарының кем дегенде 90%-ы отандық өндірушілер мен мердігерлерден болуы тиіс. Құрылып жатқан жұмыс орындарына жұмыссыз жүргендердің, әсіресе жастардың кем дегенде 50%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы керек, – деді министр.
Аталған жобаларды іске асыру аясында барлығы 255 мың жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар іске асырылған жобалар экономиканың түрлі салаларында 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
– Жол картасында іріктелген жобалар уақытша жұмыс ашумен қатар, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге, экономикалық тиімділікті арттыруға, аралас салаларды дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді, – деп атап өтті Б.Нұрымбетов.
Белгілі болғандай, облыс әкімдері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 6 506 жоба ұсынған. Оның ішінде 2 703 жоба – әлеуметтік инфрақұрылымға, 1 039 жоба – тұрғын үй шаруашылығына, 1 799 жоба – инженерлік-көлік инфрақұрылымына, 695 жоба елді мекендерді абаттандыруға арналып отыр. Аталған жобаларды іске асыру аясында барлығы 255 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, «Жол картасы» аясында 80 жаңа білім беру мекемесі салынады. Өз кезегінде, бұл апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешуге, ауылдағы балалардың білім алуын қамтамасыз етуге, педагог мамандарға арналған 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаториялар ауылдық жерлердегі халықтың денсаулығын жақсартуға, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге, ауылдық елді мекендерде дәрігер-мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге жол ашады.
– Барлық 6 506 жобаның 2 410-ы республикалық бюджетте қарастырылған қаражат есебінен іске асырылуда. 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталды, 1 779 жоба бойынша (немесе 73,8%) мердігерлер анықталды, – деді Б.Нұрымбетов. Оның айтуынша, бұл бағытта Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстары алда келеді. Бірқатар өңірлерде 1 265 жоба бойынша жұмыс басталды.
Бұған қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жол картасын» іске асыруды мониторингілеу тетігін әзірлеген. Әрбір облыс, қала, аудан және ауыл бойынша есеп жүргізіледі, әрбір жоба бойынша оның «паспорты» әзірленді. «Паспортта» жобаның атауынан бастап, оның мақсаты, қол жеткізуі тиісті түпкілікті жоспарлы көрсеткіші, орындалу мерзімі, мердігер туралы мәліметтер, құрылатын жұмыс орындарының саны, жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданғандардың жалақы мөлшері көрсетіледі. Барлық бағдарламалардың әлеуетін ескере отырып, 2020 жылы 1 млн 220 мың адамды жұмысқа тартуға мүмкіндік бар.
Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Үкімет бүгінгі таңда тұрғындардың жұмысын сақтауға басымдық беретінін атап өтті. Бұл ретте жұмыспен қамту және халықтың экономикалық белсенділігін сақтаумен қатар, инфрақұрылымды жақсарту ел экономикасын қалпына келтіруде жақсы нәтиже береді.
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жобаларды бастау қарқыны жақсы екенін атап өтіп, керісінше Қызылорда облысы, Алматы және Шымкент қалалары артта қалып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Өңірлердің әкімдіктеріне инфрақұрылымдық жобаларды толық іске асыруды бастауды тапсырамын. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың отандық болуын қадағалау керек. Барлық бөлінген қаражат экономикаға жұмыс істеуі тиіс, – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға жұмыспен қамту бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді, ал Еңбек министрлігіне Жұмыспен қамтудың жол картасының, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру, халықты жұмысқа орналастыру тұрғысынан басқа да мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.