Руханият • 06 Мамыр, 2020

Жақсы күндеріміз әлі алда

232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Барлық қазақстандық Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне айрықша назар аударды. Мәлімдемеге байыппен зер сала, жедел танысып шықтым. Халықтың барлығы да солай жасаған болар.

Жақсы күндеріміз әлі алда

Өйткені біз Президентіміздің осы мәлімдемесінен жақсы хабар, алдағы күндерде не істеу қажет деген пәрменді ұсыныстарды күттік және індетке қарсы күресте тағы да өзіміздің тіршілігімізбен, былайша айтқанда өз өмірімізді қалай ұйымдастырамыз деген ой қорытындысын жасауға да ынталы едік.

Қазір біз індетке қарсы кү­ресте Президентіміздің әр мәлім­­­де­месін басшылыққа алатын болдық. Және де халық осы бір сындарлы да күрделі сәтте Пре­зидентімізді өзінің сенімді бір қорғаны мен панасы есе­бінде сезініп отыр. Тіпті балаға шейін «Президент айтты ғой», «Пре­зидент уәде берді ғой» дейтін болды. Бұл Президентке деген халықтың сенімі!

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай жарияланған
16 наурыздан бастап елімізде қандай істер атқарылғанын айтты. Расында карантин жария­лан­ғаны өте орынды болды! Өйтпе­генде індет жаппай тарап, оның ақыры да дұрыс болмас еді. Карантин кезеңінің жұртшы­лық­қа оңай тимегенін де Пре­зи­дент біліп, соны өзі айтып отыр.

Біз бұған түсіністікпен қарай­мыз. Ел басына күн тумас па, күн туған шақта басқа түскен іс­ті «көппен көрген ұлы той» дей­тін, бәріне де бекемденіп көне­тін және де сабыр мен тәртіп сақтап бәрін де аман-сау жеңетін халықтың ұрпағы емес пе едік?!

Және де Президент пәрмені­мен осы бір карантиндік шектеу кезінде халықтың тұрмыс жағынан қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасалды, жасалып та жатқандығы елдің өз би­лігіне деген сенімін де нығайта түсті. Жалпы, осы бір індетті ке­зең бәрімізді де ширатып, тіпті халық пен биліктің арасын жақындатып, бір-біріне бауыр басуларына ықпал етті ме деймін.

Президент өз мәлімдемесінде бүгінге дейін Қазақстан бойынша 4 млн 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгенін айтты. Жұмыстары тоқтап, күн­кө­ріс­терінің нәпақасын тауып отыр­ғандар үйлерінде отырып қал­ғандардың әрқайсысына 42 500 теңгеден берілуі халықты қуан­тып та, сенімдерін нығайтып тас­тағанының куәсіміз. «Е, Үкі­мет бар екен ғой»деп 42 500 теңгесін алған ағайынымыздың қуана телефон шалғаны да болды. Бұл көмек алдағы айда да болады екен!

Президентіміздің мәлімде­месінде сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем көмегі көр­се­ті­летіндігін айтылды. Бұл да қол­дау емес пе?! Бұл да көмек емес пе?! Әрине. Осы күндері сол коммуналдық төлемді өтеудің өзі кейбір жағ­дай­дағы адамдарға уайым да болып отырғаны да анық мә­се­ле. Енді міне, сол мә­селені ше­шуд­ің де орайы келді.

Осы біздің халқымыздың бо­йында кеңестік тұстың 20-30-жылдарындағы аштықтың үрейі (синдром) әлі де бар ма деймін. Өйткені осы карантин жарияланғаннан бері, «елде азық-түлікке тапшылық болады» деп сәуегейлік танытқандар көбейіп кет­кен-ді. Құдай бетін аулақ қыл­сын, әзірге азық-түліктен тары­ғу­шылық байқалып отырған жоқ. Жергілікті жерлерде азық-түлік­тің қоры жасалып, кейбір аса қат азық-түлік бағасына шектеу қойылғандығы да орынды еді.

Президентіміз карантин жа­рия­ланған алғашқы күннен меди­цина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Расын­да індетпен күрестің алғы ше­бінде жүрген дәрігерлерге қосым­ша ақы төленуі адамдық еді. Дәрігерлердің ер­лі­гі жырға арқау, әнге әуен болып шырқа­лып жатқаны да ха­лық­тың оларға деген зор ықы­ласы мен құрметі деген орынды. Сонымен бірге шағын және орта бизнес­ке де қолдау жақсы екен­дігін Президентіміздің осы мәлім­демесінде анық айтылды. Мы­са­лы 1,6 миллионнан астам адам­ға, 11,5 мың бизнес өкілі­не жал­пы сомасы 360 миллиард­тан астам теңгені құрап отыр­ған өз несиелерін кейін тө­леу мүм­кіндігінің жасалуы да эко­номиканың негізгі бір буынының әлсіремей, нығая түсуіне оң әсер етері анық.

Көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жасалып жатқан шаруа үшін шын қуа­намын. Өйткені «көктемнің бір күні жылға азық» деген сөз бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге жасалып жатқан осы қадам біздің еліміздің алдағы уақытта «нансыз» қалмауына әсер етері де анық. Көктен иіп, жерден берсін деңіз.

Президент өз пәрменімен карантинді 11 мамырға дейін созып отыр. Бұл да жай қабыл­дана салған шешім емес. Үйде оты­рудың күн жылып, көк шық­қан кезде қаншалықты қиын екенін Президент біліп отыр. Алайда індеттің таралуы әлі де болса әлемде де, біздің елде де бәсеңдемей отырғаны анық мә­селе. Шыдаймыз. Жақсы күні­міз алда әлі. Ең бастысы, індет жұқ­тырып алмайық, өзгелердің де өмірін қауіпке тікпейік.

Мәлімдемеде Президент «Тө­зім тілекке жеткізеді», сабыр сақ­тайық дейді! Аталы сөз! Осы сөзге тоқтағанымыз абзал.

Қасым-Жомарт Кемелұлы дәрігерлерге, құқық қорғау орган­дарының өкілдеріне, әскери қыз­метшілерге, волонтерлерге және сонымен бірге журналистерге де алғысын айтып, ризашылығын білдіргендігі қуантты. Кәсіби журналист және газет қызметкері ретінде Президентіміздің бұл алғысы бізді қанаттандыра түсті.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі