Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Ақмолалық «СМЕРШ» сарбазы

507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалынды журналист. Қарымды қаламгер. Батыл барлаушы. Бұл – Ақмола өңірінің тумасы, майдангер Рақымжан Сансызбаев. Алматы қаласындағы «Әдебиет және Өнер» журналының редакциясында қызмет атқарып жүрген ол 20 жасында өз еркімен майданға аттанады. Гвардия лейтенанты «СМЕРШ» барлау органының құрамында болған.

Ақмолалық «СМЕРШ» сарбазы

Рақымжан Сансызбаев 1920 жылы дүниеге келген. Балалар үйінде тәрбиеленген. Өз еркімен соғысқа аттанған. Жастайынан қаламды жанына серік еткен ол майданда жарық көрген «Отанды қорғау» қазақ газетінің тілшісі болады. Өжеттігімен көзге түскен қайсар қазақ жауынгері «шпиондар өлімі» атанған «СМЕРШ» барлау органының құрамына қабылданады.  

Жауынгер Сансызбаевтың Сәбит Мұқановқа жазған хатынан үзінді келтіре кетелік. Онда былай деп жазылған. «Қаламды автоматқа айырбастаған күннен бастап разведкада болдым. Күні бүгінге дейін барлаушымын. Самолеттен үш рет парашютпен жаудың тылына секірдім. Бір рет жалғыз өзім екі фашисті ұстап әкелдім. Соның үшін «Отличный разведчик» деген кеудеге значок тақты... Жүрген жерімде «герой-казах, лихой разведчик» деген атаққа іліндім. Кешікпей «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдым. Кейін жалғыз өзім 3 фашисті тірідей ұстап әкеліп, «Қызыл Ту» орденімен наградталдым».

– Майдангердің ұлы Қорғанбек Сансызбаев музейге ардагердің біршама құжаттарын тапсырды. «Қызыл Жұлдыз» ордені, Кенигсбергті, Берлинді алғаны үшін марапаттаулары бізде сақталған. Кезекті шабуыл кезінде неміс офицерін тұтқынға түсірген,–дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Анар Дүйсенбаева.

«Әкеміз соғыс туралы көп айта бермейтін,–дейді батырдың артында қалған жалғыз тұяғы Қорғанбек аға. Тек майдандастары айтқан әңгімелер ғана есінде қалыпты.

– Нұркеев Бекболат деген пограничник болды. Ертеде соғыста болған ғой негізі. Әкеммен жолдас болды. Әңгімелескенде «Ой, Рахаң 10-20 метрден сіріңкені көздеп атқанда, басына тигізіп, от қып жандырып жіберетін» дейді. Сондай мерген адам болған деп айтып жүретін,–дейді майдангердің ұлы Қорғанбек Сансызбаев.

Майдангер Сансызбаев соғыстан оралған соң, «Көкшетау правдасы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болған. Орысша, қазақшаға бірдей жетік жалынды журналистің фельетон, сатира, проза жанрындағы өлеңдері газет беттерінде жиі жарық көріп отырған. Ұрпағы барлық шығармасының басын құрап, «Бес оқ» деген жинақ әзірлеген. Қайын атасының еңбегін жинақтап жүрген келіні Айтжан апайдың жалғыз арманы бар.

– Біздің арманымыз үш-төрт жылдан бері атамыздың атына бір көше сұрап жүрміз, әлі ала алмай жатырмыз. Ономастиканың отырысында бір азамат «Бұл кісіге «Смерш» контрразведкада болғаны үшін ғана көше атын беруге болады,–дейді майдангердің келіні Айтжан Сәрсенбайқызы.  

Қан майданнан аман оралған Рахымжан Сансызбаев 45 жасында жол апатынан көз жұмады. Артында 4 қызы мен жалғыз ұлы қалып, одан 13 немере, 26 шөбере өрбіген. Көзі тірі болса майдангер 5 мамыр күні 100 жасқа толар еді.