Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Елордада Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылады

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Даңқты жауынгер, әскери қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған мурал Нұр-Сұлтан қаласы, Тәшенов көшесіндегі 10-үйге ілінді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елордада Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылады

Қазақтың біртуар ұлы, кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлына арналған мурал Нұр-Сұлтан қаласы, Тәшенов көшесі, 10 мекен-жайында пайда болды.

Қабырға суретінде Бауыржан Момышұлының жас кезі берілген. Батырдың суретін майданнан туған-туысқандары мен жақындарын күткен мыңдаған аналар мен сарбаздардың жарларын бейнелейтін әйел қолдары ұстап тұр. Мұндай көркемдік шешім Ұлы Отан соғысы ешбір отбасын айналып өтпегенін айқын жеткізген.

Композиция майдангерлердің бейбітшілік үшін соғысқанын, өз үйі мен Отанын қорғағанын, болашақтың ашық аспаны үшін күрескенін көркем бейнелеген. Муралдың авторлары – Қазақстан бойынша 15-тен астам ауқымды жұмыстары бар, Tigrohaudcrew командасының граффити-суретшілері Ержан Танаев пен Али Закир.

Жоба жетекшісі – Кристина Бекмурзаева. Бұған дейін шығармашыл топ елордада коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерге арнап мурал салған болатын. Суретшілер қабырға суретін салуға бір айдан астам дайындалып, бір апта уақыт жұмсаған.