Руханият • 06 Мамыр, 2020

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір

1271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Махаббат – көңіл ішінде бүр жарған лала гүл іспетті. Сүйеді не сүймейді деп әр күлтесін кезек-кезек үзген бала қиялыңның жемісі. Ол өмірдің өзегі. Ал қазақ халқының махаббатының ұлылығы аңызға бергісіз ерліктерден тұратын болса, тазалығы тау суындай тұнық келеді. Сондықтан да сезім қылын шертіп, ғашықтық ғазалдары деп түн жастанып өр сезімін өлеңге қосқан шайырларымыз жетерлік. Заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов «Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір, ал қалғаны жай күндер», – деп жырлауы тегін емес.

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір

Сол шайырлардың арасындағы шоқтығы биік Тұманбай «Сенің көзің қара да емес, көкте емес» десе,  ақын Ақберен Елгезек «сенің көзің пейіш­­тегі гүл сынды», – деп аруын аспаннан түскен періштеге балайды. Ойды қозғап, қиялды қытықтайтын ғажайып жолдардың бәрі әсері бөлек махаббатқа деген құрметтен болар. Ал ертегідей болып бізге жеткен бір ғана «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры қазақ­тың мөлдір махаббатын, сезімге деген адалдығын, сол жолда жан қиюға бар екендігіне дәлел. Ол кемеңгер жұрттың арын атта­май­тын, ақиқаттан қиыс кетепейтін сертке беріктігінде. Сондай-ақ, сезім атаулыны бәрінен биік қой­ған­дығында.

Ал бүгінгі жастардың махабба­тына алдыңғы толқынның көңілі толмайтындығы белгілі жайт. Неге оларды қатарластарымыздың жұп құрып жарасып жүруі алаңдатады? Өйткені, кейбір жастар махаббатқа жеңіл қарап, жар таңдауға асы­ғыстық танытатындай. Тіпті, бірі- бірін көрместен әлеуметтік желі арқылы танысып, табысып жата­тындар да баршылық. Соның сал­да­рынан шаңырақ көтерместен ажырасуды қалап яки қыздың арын аяқ асты етіп кететіндердің саны артуда. Бұл жүрісінде қара нардай салмағы бар қайсар қазақтың ұрпа­ғына тән қылық емес.

«Болашақ жарын интернеттегі авасына қарап емес, үйдегі анасына қарап таңдап, сезімін смайликпен емес, шынайылықпен жеткізіп, отбасын ватсаппен емес, өмірлік мақсатпен құрған ата-бабаңды сағынасың кейде», – депті айтыс­кер ақын Мұхтар Ниязов. Жаны бар сөз. Сүйіктісінің сырын алып, сымбатына тойып, ақылы асқан жан болса ғана жар ететін атала­рымыздың жолын қуғандардың саны сирек. Ал өр мінезді, ердің қасиеті бар, салмақты да байыпты адам болса жұп құруға келісім беретін әжелерімізден өнеге алған нәзікжандыларымыз саусақпен санарлықтай. Сондықтан да, «жең­гетайы – желі» болып тұрған бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі сезімге келіп тіреледі. Табыспай жатып тарқасудың мәнін түсінбей дал болған алдыңғы толқынның жүрегі сыздап, жастарға аянышпен қарай­тындай.

«Отан – отбасынан басталады», – деуші еді шешен халқымыз. Әрбір шаңырақ көтерген жас отбасының Отанға қосар үлесі жетерлік. Ал уығын шаншып болмай жатып шаңырағын шайқалтып алған жандардың күйі ел абыройына нұқсан келтіретіндей. Ар­дың алдында тұрғанда дардың алдында тұрғандай күй кешетін данала­рымыз­дың елдің данқын әлемге аспандатқаны белгілі. Соларға қарап бой түзесек әсте адаспаспыз. Алайда, отбасын сақтай алмауға байланысты Отан анаға кір келтіріп жатқан жастарымыз тағы бар. «Борат» сынды қазақтың абыройын аяққа таптайтын кино түсірілгенде де ел ағалары намыстан нарттай болып, найза тілін безеп жауап берді. Жастар жағы көмбістікке салынып, үн қатқан­дарының қатары санаулы ғана болған­дығы да ақиқат. Міне, осының бәрі айналып келгенде тамырында қасиетті қаны бар қазақтың қаракөздерінің баба жолына көз салмай жүргендігінен.

Махаббат – парасаттылыққа бас­тайтын жол. Адам өмірін нұрландырып, бақытқа бөлер шынайы сезім. Қалқа­ман – Мамыр, Қыз Жібек пен Төлеген, Естай мен Қорланның шынай сезімін аңсайтын күйге жеттік. Естайдай 51 жыл арман ету түгілі, езу тартқанға есі кетіп елпілдейтін болдық. Қорландай әні мен жырына ғашық болып, ішкі сезімін жарты ғасыр ішіне бүгу тұрмақ, сөз салғанның соңынан еруге бар қарындастарымыздың қатары бірша­маға ұлғайды. Бұл әдебиет пен мәдение­тімізге, салт-дәстүрімізге дендей алмау­дың салдары болар деп те ойлаймыз. Егер, қызымыз Жібектей, ұлымыз Төле­гендей болуды арман етсе, қазақы махаб­баттың қалыбы бұзылмас еді-ау!