ЕЛІҢІЗДЕ ЕРІНШЕКТІК ЕСІРЕР
Қос қайыршы
Сіздің тілшіңіз садақа беріп тұрады. Оқта-текте. Шымкентіңізде кейде қайыршылар көбейіп кетеді. Осыдан бір-екі жыл бұрынырақта теледидардан қайыршыларды сықақтаған скетч көрсетілді. Онша жақтырмағанбыз. Қабылдай алмағанбыз. Қайыршыларды қатты-қатты аяйтынбыз. Кенет, күтпеген жерден бір көрініске кезіктік.
Шымкенттегі Тәуке хан көшесінде, “Түркістан” моншасына бұрылар тұста үлкен, үш қабатты “Сауда үйі” бар. Соның маңайында алпыстарды алқымдаған бір орыс шалы отыратын. Садақа тастайтынбыз. Күндердің күнінде, көгілдір киоскіден газет алып тұрғанымызда ше, тасалау тұста сол қайыршының киім ауыстырып жатқанын байқап қалдық. Сол. Соның дәл өзі! Асығып-аптығып, әп-әдемі курткасын шешті. Алба-жұлбасы шыққан, көнетоз кәстөм киді. Шалбарын шешті. Танығандықтан, таңданғандықтан, табанымыз жаяусоқпаққа жабысып, жылжи алмай, сілейіп тұрмыз. Әлгі адам топылдатып топылиын ауыстырды. Тіпті тәп-тәуір кепкісінің орнына кепиетсіз кепеш кигенде ше, тіліміз құрғап, таңдайымызға жабысты.
Үйреншікті орнына барып отырды. Содан былай қарай “Сауда үйіне” жолағымыз келмейтін болды. Біртүрлі. Қайыршының қылығынан оның өзі емес, біз ұялатын секілдіміз.
Теледидардан тағы да қайыршыларды сықақтаған скетч көрсетілді. Күні кеше ғана. Бұрынғыдай емес, басқашалау қабылдағанымыз рас.
Облыс орталығындағы түп-түзу жаяусоқпақтың бір бүйірінде қырықтан асыңқыраған қазақ әйелі қайыр сұрап отырады. Алғашқыда ол ойыншықтар, майда-шүйде кәмпиттер, сағыз-пағыз сатып отыратын. Кейінірек кәмпит-сәмпитін сол жағына тасалаңқырап, оң жағына клеенкасын жайып, тиын-сиынын сеуіп қоятынға айналды. Осы жолмен жұрт көп жүреді. Біржарым жылдан бері байқағанымызды жазып отырыппыз. Бірте-бірте ары-бері кетіп бара жатқандар клеенкаға ақша тастайтын болған. Бірсін-бірсін әлгі әйел сауда жағын мұқым-мүлде тоқтатып, біржолата қайыршылыққа көшті. Жас жағынан егде емес. Денсаулығы тым нашар ғой дей алмайсыз. Аяқ-қолдары бүтін.
Ал енді мынадай әпсана бар емес пе?! Алланың елшісіне әлдебір адам қайыр тілеп келеді. Пайғамбарымыз одан үйінде не бар екенін сұрайды. Қайыршы жалғыз төсенішінің жартысын астына жайып, қалған жағын жамылып жататынын, оған қоса су ішерлік бір ыдысқа ғана ие екенін айтады. Алланың елшісі әлгі мүліктерді тездете алдыртып, екі дирхамға сатқызады. “Бір дирхамына отбасыңа тамақ, екінші дирхамына ара сатып аларсың”, дейді. Қайыршы орындайды. Пайғамбарымыз ағаш аралап, отын сатып күн көруге кеңес береді. Жарты ай өтеді. Қайыршы Алланың елшісіне келіп, он дирхам табыс тапқанын қуана хабарлайды. Пайғамбарымыз ол ақшаға киім-кешек пен азық-түлік алуға ақыл қосып, адал еңбек етпектің қандай түрі болсын, қиямет күнінде маңдайыңа басылар қайыршылық таңбасынан әлдеқайда қайырлы екендігін, тіленшілік тек ешбір амалсыз, ешқандай шарасыз қалғанда ғана жасалатынын ұғындырады.
Кешіріңіздер. Біз қайыршылардың бәрі осындайлар екен деуден аулақпыз. Шымкентіңізде кей кезеңдерде тіленшілердің тым-тым көбейіңкіреп кететінін көріп, қатты уайымдаймыз. Алайда, қос қайыршының қылықтары біраз-біраз ойға түсіргені рас.
Кербез кедейлер
Қос қайыршы хақында көп айта бермейміз, әрине. Осы жақында ғана түсініңкірейді-ау дейтін таныстарымыздың біріне әңгімелегенбіз. “Ойдан ой туады ғой, ертеректе өзің мақтап жазған ажарлы ауылда кербез кедейлер көбейді, – деді ол. – Негізінен бейнеттене білетіндердің жағдайлары жаман емес. Бірақ...”
Танысымыз тұспалдаған ауылдың атын атамай-ақ қоялық. Социализм тұсында мақтаңқырап жазғанымыз жадында жаңғырғанын қараңызшы. “Ауыл ажары” дейтін арнайы айдар бар-тұғын. Біз істейтін газетте. Ауыл көркі әжептеуір, клубының қызметі үлгілі, тұрғындарының бау-шарбақтары тап-тұйнақтай, үлкен қалқоздың алыстағы бригадасы бола тұра социалистік жарыстың озық ұжымы атанғандықтан, өзгелерге өнеге ретінде көрсеткенбіз.
Осы күндері отызшақты үй қалған көрінеді. Оншақтысының әрқайсысында жүзден асатын қой-ешкі, жиырмашақты жылқы, біраз-біраз ірі қаралары бар екен. Келесі оншақты үй орташалар қатарында. Қалған оншақтысы кедейлер деп есептеледі. Ал солардың алтау-жетеуі “кербез кедейлер” екен. “Сен өзгешелеу етіп жазған, баяғы темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын ұста бар еді, сол зергерің бізден кейін іле-шала басқа жаққа көшіп кеткен, – деді таныс. – Ол шын мәніндегі өнерпаз кербез еді ғой. Жекеменшік тірлікке, мал көбейтуге икемделе алмады...”
Тағы да біреуі әжептеуір ұстатұғын. Оны қазір “бірінші кербез” деседі екен. Балға мен балтаны ұмытқан. Ұстамайтын болған. Кетпен-күрекке жоламайды. Іскерліктен гөрі ішкілікке берілген. Мыжымасы көбейген. Тәулігіне он бес сағат ұйықтайды. Тас бүркеніп. Деседі. Сол отағасының әйелі һәм өзіне сай көрінеді. Екеуі де той-томалақтан қалмас. Көршілес ауылдардағы, алысырақта тұратын жекжат-жұраттарындағы жиын-тойларда қона жатып қайтады. Бала-шағалары да тірлікке жоқ. Көшеде, үйлерінің жанында “сылқым-сері” күйде тұрыстары мен жүрістері қызық-ақ. Деседі. Қыдырмаққа бір иықтарын беріңкіреп тұрар. Бір-екеуі үйленіп, ауылдан алыстаған. Қарық болған жағдайлары және жоқ. Пәтер жалдайды, әлдекімдерге жалданады. Дегендей ғой. Үйленбегендері бейнеттеніп үйренбегендіктен, қалғып-мүлгіп, кербез керіліп күн өткізер. Ал тозыңқы үйдің алдындағы теп-тегіс телімдер, қара топырақты қайран егістіктер бостан-босқа қор боп жатыпты. Қирандыға ұқсайтын қора-қопсыда қой-ешкінің иісі де жоқ.
Екінші кербез кедей – “саясаткер”. Солай саналады. Жерден жүгеріпая көтеріп алуға ерінер. Алайда ауыл әкімінен бастап, тү-у-у жоғарыға дейінгі басшыларға жан-жақты сипаттама беріп, кімнің кім екенін, қайсысының қашан ауысатынын сараптағанда бар ғой, былайғылар ауыздарын аңқайта тыңдайды. Деседі.
Мінекиіңіз, осылайша кербез кедейлеріңізге де мінездеме беретіндер бар екен. Ауылдың өзінде де. Жиірек барып тұратындардың арасында да. Күн арқан бойы көтерілгенде “Кербездер кеңесі” өтеді. Деседі. Ауылдың малы жиналып, қыратқа қарай өретін тепсеңде. Жұмыстан қолы тимейтіндердің, яғни жеке тірліктерін тыным таппай тындырмаққа тырысатындардың ондай “кеңесте” шаруасы шамалы. Үйіргелік телімдерін тегістейді. Жер аударады. Көкөніс егеді. Шарбақтарын жамайды. Бауларын бұтайды. Әйелдері сүт пісіріп, айран ұйытады. Май шайқайды. Сондықтан малдарын жотаға шығарар тепсеңге жеткізе бере үй-жайларына асығар. Ал кербез кедейлеріңіз “саясат” соғар. Өсек сапырар. Қалталарында қалған-құтқандарын қағыстырып-соғыстырар.
“Жақында және болып қайттым, – деді баяғы таныс бауырымыз. – Ең масқарасын айтайын ба? Бір мейірімді кісі мешіт салуға ниеттеніп барған ғой. Сөйтсе-е-е, сол ауылдан намаз оқитын, тіпті аздап-аздап аят айтатын адам табылмапты. Әлгі кісі әзірше қоя тұрайық деп, қайтып кетіпті”.
Кегеже кейін кетпегей
Кедейлердің бәрі отыз үйлі ауылдың алтау-жетеуі секілді “кербез” дегелі отырған жоқпыз. “Кедейдің кербезінен сақтасын” дегенді де қазекем айтқан ғой. Жақында бізге қаламгер базына білдіріп, наз айтты. “Сіз осы Оңтүстік туралы тартымды толғанасыз, мақалаларыңызда мадақ жағы басымырақ боп тұрады. Шымкентті оңды-солды шенегіштерден шырылдай қорғайсыз. Жылы жақтың жұрты жатпай-тұрмай жұмыс істейді, еңбексүйгіш, бейнетқор деп жазасыз. Ылғи да. Жалпы алғанда солай ғой. Бірақ осы Оңтүстіктің бейнетқорлығы біраз-біраз жағдайларда бәсеңсіп бара жатқан жоқ па? Ойланып көріңізші”, – деді. Ол кісіні және бір журналист қостады. “Шынында да кейінгі жылдары көрші мемлекеттегі ала топылы ағайындар бала-шағасымен келіп теріп бермесе, ел ырысы – ақ мақтаның қыс қарсаңындағы толассыз жаңбырға дейін жиналмай, жүдә тіпті қар астында қалып қоятыны қалай?” – деді. “Тек мақталы аймақтар ғана емес, өзге аудандарда да кегеженің кейін кеткен көріністері көп”, – деді бізге жолсерік боп жүрген бизнесмен жігіт. Отырғандардың бәрі дерлік осындай-осындай пікір қоздатқан.
Ойланып-ақ қалдық. Ойланғанда да жүдә қатты ойландық. Арғы жағын айтпағанда, оншақты жылдан бермен қарата “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” атанған алтын құрсақты аймақты негізінен жақсы жағынан жырлап келеміз. “Ордабасыға оралу”, “Ауыл және адамдар”, “Артыңда тал да қалсын, мал да қалсын”, “Шымкенттің барына шүкір”, “Ол – кімнің қаласы?”, “Көктем де Оңтүстіктен басталады”, “Сайлау да Оңтүстіктен басталады”, “Жылы жақ: демографиялық дәйектемелер”, “Қазақ мақтасы”... Жә, бәрін бірдей тізбелей бермейік. Осылардың өзі-ақ біраз нәрсені білдірер.
Оңтүстіктің орны бөлек. Еңбексүйгіштігі ерек. Солай болып қала берер. Бірақ талай-талай реттерде бейнетқорлықтың бәсең тартқаны да, “ақ алтынның” ғана емес, жүгерінің, бау-бақша мен көкөністің, жүзім-жидектің рәсуа болатыны да жасырын емес. Жүздеген, мыңдаған гектар суармалы жерлер, шабындықтар игерілмей, қор боп жатыр. Кегеженің кейін кеткен көріністері көп екенін жоққа шығара алмаймыз.
Көп жағдайда күдіре кетпенді, күміс күректі ұстағысы келмей, кежірлік таныту белең алып барады. Шынтуайтына келгенде, қаншама қарыштап, техникаңыз бен технологияңызды оздырыңыз, бәрібір, кетпен-күректен біржолата құтылмақ қиын ғой. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда. Қозалықта, яки мақталықта. Жүгерілікте. Жүзімдікте. Қызанақ пен қырыққабатыңыз һәм қиярыңыз егістікте де, жылыжайда да кетпенсіз көркеймес. Айналайын алма бақтың аралығын үлкенді-кішілі трактормен өңдерсіз, ал түп-түптерін күмістейін жалт-жұлт етер күрекпен ғана қопсытарсыз. Картопты кетпенсіз, қауын-дарбызды шапашотсыз баптап байқаңызшы. Қолыңыздан түк келмес.
Бейқамдыққа берілмеген, жайқуаттық-жайбарақаттыққа жеңдірмеген жандар күдіре кетпендері мен күміс күректерін күтіп ұстайды. Кие тұтады. Баппен пайдаланады. Үйіргелік телім-тегістіктерін де, жекешелендірілген жерлерін де кетпен-күрекпен өңдеп-жөндеп, жайнатып жүргендер жүздеп-мыңдап саналар. Кетпен-күрек ұстамаққа намыстанып, кежірліктен кегежесі кері кеткендер “кербез кедейлерге” айналар. Кембағалсып көрініп, әлдекім әлдене әкеп берсе деп күтетіндер де көбейген. Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы бірер кісінің басын қосып ақылдасқан еді. Онда да осы жағдаяттар сөз етілді. Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова ханым Ордабасы ауданына Жолдауды насихаттау мақсатымен іссапарға барыпты. Алыстағы ауылда мынадай көрініске куә бопты. Көшенің басында зейнетақыларын алған шалдар ортаға шөлмек қойып, жантайып карта соғып жатыпты. Дәл сол көшенің аяғында жастар топ-топқа бөлініп, шөлмектерін шөп арасына жасырыңқырап, карта ойнап отырыпты.
Ішкі саясат басқармасының жаңа бастығы Батырбек Жалмұрзаев мырза да бірқатар аудандардың біраз қыстақтарына барып қайтыпты. Көптеген ауылдарда жасөспірімдер мен жастар түні бойы елтең-селтең сенделіп, күндіз ұйықтауды біраз жылдан бері үйреншікті үрдіске айналдырған сыңайлы. Ауыл әкімдерінің арасында ауылдық мектептерге мүлде бас сұқпайтындары жетіп-артылады екен. Ата-аналардың басым көпшілігі балаларын қалаға жібереді. Қалада біраз жүріңкіреген жастар ешқашан ауылдарына орнығуға оралмайды. Қылмыстың, бұзақылықтың өршіп бара жатқанын және жоққа шығара алмайсыз.
Сол басқосуда бұрынғы сенатор Сайлаукүл Барақова ханым бірталай ой білдірді. Ол кісінің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының жастарын жұмысқа орналастыру, жоспарлы түрде өзге өңірлерге қоныс аударту жөнінде мемлекеттік, республикалық деңгейдегі арнайы бағдарлама қажет. Себебі, әрбір бесінші қазақ осы Оңтүстікте, әрбір бесінші, кейде төртінші жас пен жасөспірім осы Оңтүстікте. Сондықтан да республиканың түкпір-түкпірінде, кез келген кенті мен шаһарында шымкенттіктердің, оңтүстікқазақстандықтардың жиі кездесетіні – заңды жағдай. Бірақ осы жағдайды түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. “Өзіміз көрдік қой Астанада жүргенде, – дейді күні кешегі сенаторыңыз Сайлаукүл. – Елордамыздың базарында да шымкенттіктер, дәмханаларында да, таксиінде де, құрылыстарында да шымкенттіктер, көше сыпырып, қар тазалаушылары да шымкенттіктер. Астанасына бармағанда, оңтүстікқазақстандықтар қайда кетеді енді? Алматыда да қара жұмыста қаптап жүрген шымкенттіктер. Арнайы бағдарлама керек дейтінім содан...”
Бұл-дағы – қаперде қаттырақ ұстар, қорытынды шығарар ұсыныс. Бірақ, бәрібір, бірталай нәрсе жастың да, жасамыстың да өздеріне байланысты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жеңісбек Мәуленқұловтың мағлұмдауынша, былтыр жұмыс іздеп келген 36,2 мың адамның 30 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапқан. Бірнеше жылдан бері бос жұмыс орындары мен лауазымдық қызметтерге жәрмеңке өткізіліп жүр. 2009 жылы облыс бойынша 72 жәрмеңке ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам жас орналасып, 219 адам қоғамдық жұмыстарға, 150 жас қайта даярлау курстарына жіберілген. Жалпы “Жол картасы” аясында 37971 жұмыс орны ашылыпты. “Жастар тәжірибесі” бойынша 15 мыңға жуық жас маман еңбек дағдысын жетілдіруге жіберіліпті.
Әрине, бұл цифрларыңыздың бәрі, бір қарағанда, жаман емес секілді. Алайда, алтын құрсақты аймақ үшін онша үлкен көрсеткіштер емес. Өкінішке қарай, көптеген жас мамандар жалақысы жоғары жұмыстардың өзін ауырсынып, оңайға қарай қашқақтайды. Биігірек лауазымдарды жылдам иеленіп, жайлы-жұмсақ орындарға жедел жайғаспақты көздейді. Мұндай мысалдар былтыр Сайрам, Сарыағаш, тағы басқа да бірқатар аудандар мен қалаларда көбірек орын алды. “Жол картасы” бойынша дәнекерлеуші, механизатор, шаштараз сияқты аса ділгір мамандықтардың өзін тегін меңгергісі келмейтін, бостан-босқа сенделіп жүрген жастарға не айтуға болады?
Бюджет қаржысынан ұйымдастырылған қысқа мерзімді курстарға жолдама берілген жастардың сабақтарға салғырт қарауына қалайша ренжімейсіз? “Өткен жылы Ордабасы, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Шымкент қаласының жастары және жұмыспен қамту бөлімдерінен бекітілген жауапты қызметкерлер бізді қатты әуре-сарсаңға салды. Бұдан кім ұтылады? Өз тағдырларына немқұрайды қарайтын жастар да, басқалар да, сайып келгенде, мемлекетіміз де ұтылады”, – дейді Мәуленқұлов мырза. Түрлі себептерді сылтауратып, ешқандай жұмысқа барғысы келмейтіндердің, ешбір тірлікті істегісі келмейтіндердің, тек атаулы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы түрлері арқылы азық-ауқат айырып, күйзеу-жүдеу жүре бергісі барлардың азайып емес, көбейіп бара жатқаны ойлантуы тиіс. Бар-баршаны.
Берекеңіз бейнетіңізден
Еңбекке деген көзқарас, еңбек адамын құрмет тұту, еңбексүйгіштікті мадақтап, жан-жақты насихаттау жөнінде қай-қай тараптардан да олқылықтар аз емес. “Қазақ әдебиеті” газетінің 2010 жылғы 5 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, мәдениеттанушы ғалым Ақтолқын Құлсариева қарындасымыздың “Еңбекке құрметті орнықтыру немесе ол туралы бүгінгі түсінік” деген мақаласы көптің көкейіндегі ойды дөп басатын дүние екен. Ақтолқын қарындасымыз қоғамдағы құндылықтарды қайта қарау және олардың оң жүйесін қалыптастыру, қазақ менталитетіне тән билік пен қарапайым еңбек адамы арасындағы қарым-қатынастар хақында тағылымды ойлар қозғайды. Еңбектің құнсыздану және қадірсіздену себептерін, содан туындайтын салдарын таразылап, талдайды. Тер төкпей-ақ табыс табудың, алдап-арбаудың, алаяқтықтың, лауазымын пайдалану арқылы қорқытып-үркітудің, парақорлықтың пайдакүнемдік көзіне айналғанын ашып көрсетеді. Сөйте келе, бүй дейді: “Адал еңбекті биік құндылық деп білмеген жерде, адал еңбекпен сый-құрметке бөленбеген елде іскерлікке тірек болар еңбек мәдениеті қалыптаспайды. Ендеше, Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын экономикалық өрлеуге жол бастаймыз десек, еңбек адамына деген құрметті арттыруымыз, таза еңбекпен байлыққа кенелу мүмкін деген сенім қалыптастыруымыз қажет... Сенім мен имандылық мәселесіне мән беріп, діннің және қазақ зиялыларының адал еңбекке, ысырап пен үнемге қатысты ой-пікірлерін кеңінен уағыздап, еңбек адамын әрдайым ескеріп отырғанымыз абзал”.
Зиялылардың зиялысы боп өткен сөз зергері Ғабит Мүсірепов “айдалада кездескен екі қазақтың бірі кем дегенде екі ақыл айтады, соның біреуін өзі істесе, әлдеқайда алға озып кеткен болар едік”, дегенді мысқылдаңқырап меңзеген еді. Жақында Азаттық ауылында “Темір қатын” атанған Тойдық әпке қайтыс болды. Сегіз қызы, бір ұлы, құдай қосқан қосағы – бәрі тізіле жылап тұрды. Бүкіл Азаттық ауылы қимай-қимай қоштасты. Тойдық әпке үнемі күлімсіреп жүретін. Сирек сөйлейтін. Тек тірліктің адамы-тұғын. Күйеуі мұғалім. Мектептен босамайды. Қосымша табысы жоқ. Тойдық әпке бар бейнетті өз мойнына алды. Жиырма бес сотық жерде қызанақ, қияр, сәбіз және пияз өсірумен айналысты. Кешегі кеңес кезінде де, тәуелсіздік тұсында да. Түнде төрт сағаттан артық ұйықтамады. “Темір қатынның” қызанағы, қияры, сәбізі мен пиязы өзгелердікіне мүлде ұқсамайтын. Ірі-ірі, қарасаңыз көзіңізді ажыратып әкетуіңіз қиын, иістері бұрқырап тұрар таңғажайып дүниелертұғын. Тойдық әпкені Ташкентіңіз, Шымкентіңіз, қала берді ауыл-аймағыңыз танитын еді. Түнгі автобуспен, бірнеше шелегімен-ақ Ташкентке тартып кетіп (екі жүз елу шақырым), түс ауа Түлкібас стансасында жүретін. Сіз бен біз қит етсе, өзбек-өзбек деп өзағаларымызды айтамыз ғой. Диқаншылық жөнінде. Үйіргерлік телімдер туралы. Ал Тойдық әпке – қазақтың қарапайым ғана қызы-тұғын. Жұмат жездеміздің мұғалімдік қызметін төмендеткіміз келмейді. Бірақ сегіз қыз бен бір ұлдың жоғары білім алып, жұрт қызығарлықтай жақсы жандарға, еңбексүйгіш адамдарға айналуы “Темір қатын” атанған әпкеміздің арқасы десек, артық айтқандыққа жатпас.
Әпкемізді әдейілеп әспеттегелі отырған жоқпыз. Аз жасады демейміз. Сексеннің сеңгіріне қарай беттеген еді. Шүкіршілік. Біз береке әкелер бейнетқорлықты бөлектеңкірей мадақтап отырмыз. Қазір үйіргелік телімдер толайым-тұтас пайдаланып жүр дей алмайсыз. Үш қазақтың бірінде бос жатыпты. Ғабең (Мүсірепов) жазғандай мәніс қой. Үйіргелік телімдерді былай қойғанда, әжептеуір-әжептеуір көлемдегі жекешелендірілген жерлер ше? Шаруа қожалықтары ше? Ұсақ-түйек шаруашылықтарды, майда-шүйде қожалықтарды, барша жекешелерді жаппай жалқаулық жайлап барады деуден аулақпыз. Алайда істің көзін таппай, қаржыға қол жеткізе алмай, қиналушылар жылы жағыңызда да жетіп-артылады. Жиі-жиі жиналыстар жасалады. Сөзуарлық басымырақ. Нақтылы нәтиже кемшін. 2009 жылдың соңына дейінгі мәліметтерге қарасаңыз, Мақтаарал ауданы бойынша 19115 ұсақ шаруашылықтың 3424-і, Түркістанда 4314 ұсақ шаруашылықтың 1876-сы, Сарыағаш ауданындағы 8265 ұсақ шаруашылықтың 2320-сы, Қазығұрттағы 1966 ұсақ шаруашылықтың 864-і, Төле би ауданында 3428 ұсақ шаруашылықтың 1366-сы, Түлкібастағы 3526 ұсақ шаруашылықтың 987-сі ғана ірілендірілген. Облыс бойынша 58822 ұсақ шаруашылықтың 18261-і ірілендіріліп, 533 шаруашылық құрылған. Әрине, бұл үдерістің күрделі күрмеулері, қиын түйіндері аз емес. Заңнамаларда ірілендіруіңіз жер пайдаланушылардың еркімен ғана жүзеге асатыны анық көрсетілген. Дұрыс-ақ. Алайда, жоғарыда келтіргеніміздей, кілтипандар да кедергі келтіреді емес пе? Сондықтан, менталитетімізді ескере отырып, әкімдіктер, мәслихаттар, ауыл шаруашылық, жер қатынастары мекемелері тарапынан ынталандыру, ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстары пәрмендірек жүргізілмегі жөн емес пе? Хадистерде де көпке пайдалы пайымдарды жүз рет қана емес, жүз бірінші мәрте де мәністей қайталаудың қажеттігі қағидаланған емес пе?
Осындай-осындай себептер бар, басқалары бар, Оңтүстігіңіздің өзінде былтырғы есеп бойынша 189464 гектар егістік жерлердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның ішінде Отырар ауданында 30537 гектар суармалы жердің 19597 гектары немесе 64,17 пайызы, Арыста 41424 гектардың 23968 гектары немесе 57,8 пайызы, Бәйдібек ауданында 122944 гектар барлық егістіктің 51428 гектары немесе 41,8 пайызы, Түркістанда 43300 гектар суармалы жердің 13641 гектары немесе 31,5 пайызы, Шардарада 59975 гектар суармалы алқаптардың 16644 гектары немесе 27,7 пайызы, Ордабасыда 80231 гектар жердің 17783 гектары немесе 22,1 пайызы, Сарыағаш ауданында 64501 гектар егістіктің 11813 гектары немесе 18,3 пайызы пайдаланылмай қалған. Мұндай мысалдарды өзге аудандардан да келтіруге болады.
Тобықтайын түйіндеу
Күні кеше ғана адамзаттың алтын бесігі атанған, Нұқ пайғамбардың кемесі аялдап, кемел көкжиектерге көз тіккен Қазығұрт тауының баурайында жылы жағыңыздың жұрты – Оңтүстік Қазақстан өңірінің ардагерлері, ел ағалары мен ел аналары, облыстың, қалалар мен аудандардың тізгін ұстарлары, зиялы қауым мен жастар өкілдері, дәстүрлі дін, өзге де қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар филиалдары және БАҚ басшылары “Ырыс алды – ынтымақ” атты арнайы жиынға жиналды. Дәстүрге айнала бастаған басқосудың біріншісі былтыр түркі дүниесінің түп қазығы, текті төрі Түркістанда 22 наурыз күні ұйымдастырылған еді. Қазығұртта, Ұлыстың Ұлы күнінде өткен биылғы басқосу тікелей жастар тәрбиесі мәселелеріне арналды.
Осынау ойласуда Оңтүстіктің орны, Ұлысымыздың ұйытқысы екендігі ерекше әңгіме болды. Наурыз мейрамының алдында ғана Елбасымыздың көк теңізіміз – Көксарайдың алғашқы кезегін, Шымкент шаһарындағы керамогранит зауытын, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның жаңадан салынған ғажайып ғимаратын ашқаннан кейін айтқан “Оңтүстік мемлекет дамуының діңгегі болуға тиіс” деген сөзінің терең мәніне ден қойылды. Наурызға орайластырылған осы ойласуда баяндама жасаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов ынтымақ пен бірліктің арқасында Оңтүстікте оңды істердің еселене түскенін, өкінішке қарай, жастар белсенділігі жоғары дей алмайтынын атап көрсетті. Жастар тәрбиесі жөнінде қай тараптардан да кемшіліктер көбірек. Жастардың өздері жағынан да озық идеялар, жарқын бастамалар жеткіліксіз.
Ұрпақтар сабақтастығын ұлағатты жалғастыру үшін не істемек керек? Жастар бүгінгі уақыт талабына, заман зәрулігіне сай ма? Бизнес пен бәсекеге икемді ме? Ауылда да, қалада да елтең-селтеңге, сауыққұмарлыққа, еріккендікке елтушілік үдеп бара жатқан жоқ па? Дегендейін ділгір сауалдарға жауап іздеп, пікір білдірушілер аз болмады. Қазығұрт жиынында басылымымыздың басшысы Сауытбек Абдрахманов. “Оңтүстік ежелден-ақ еңбексүйгіштігімен ерекшеленер еді. Кейінгі кезде сол қасиетін кемітіңкіреп, бейнетқорлығын бәсеңдетіңкіреп бара жатқан сияқты. Осыны көкейге мықтап түйіп, тиісті қорытынды шығарайық, ағайын”, деді. “Рас-рас”, десті жиналғандар.
Иә, Оңтүстіктің орны бөлек. Еңбексүйгіштігі ерек. Солай болып қала бермегі – қасиет. Сол ұлы қасиеттен айныса, ол – қасірет. Жасыратыны жоқ, жалқаулыққа бой алдыру, бейнетқорлықтың бәсең тартуы белең алып бара жатқан жағдаяттар басымырақ байқалады. Кегежесі кейін кеткендер көбейгендей көрінетіні рас. Жылы жақты жалқаулық жайласа, еліңізде еріншектік есірер. Адамзаттың Абайы айтқандай, есірген еріншектіктен өткен кесепатты кесел жоқ.
Ойланайық, ағайын.
Мархабат БАЙҒҰТ.