Қазақстан • 07 Мамыр, 2020

Айбынды Алаш әскері

651 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәңіріміз Тәуелсіздікті тарту еткелі төрткүл дүниемен тереземіз теңелді, керегеміз кеңейді. Шекараны шегелеп, барымызды бағамдадық, жоғымызды түгендедік. Көкте – Көк Байрағымыз, төменде отты айбарымыз – Алаш әскері салтанат құрып тұр! Ол – бүгінгі бейбіт өмірдің шайқалмаған тұнығының, ертеңгі егемен елдің мызғымайтын тұғырының айғағы! Намыстың – найзасы, жігердің – қайрағы!

Айбынды Алаш әскері

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Қорғаны жоқ мемлекеттің болашағы да жоқ. Қатпарлы тарихты қазып-ақтарған са­йын көзіміз осыған жетті. Сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын ұстанып, түбі бір түркі жұртының алтын бесігін атамекен, атажұрт деп таныдық. Соны ғана аялап, қорғағымыз келді, біреуге құл, біреуге күң болғымыз келмеді. Бәлкім, «егеулі найза қолға алған, еңку-еңку жер шалған» (Махамбет) батырлар мен баһадүрлердің ерлігі болмаса – қазақтың бүгінгі елдігі де болмас еді. Ер жастанып, түн қатқан, алты малтаны ас көріп, сүйем жер үшін сүйегін берген, алшайып тұрып ат мінген арғы аталардың қайсарлығы, тәубе, бүгінгі ұрпақтың да бойынан табылады. Айбынды армиямыз – соның дәлелі!

Олар:

Теңізде – арыстан жалды толқынмен арпалысып, жарақталады.

Әуеде – алтын күннің нұрына шағы­лысып, қанаттанады.

Құрлықта – Күлтегіннің түмен-түмен қолындай Алтайдан Атырауға дейін тарап барады.

Теңіз. Әуе. Құрлық әскерлері... Тәуелсіздіктің үш кеңістіктегі үш түрлі қалқаны. Абай айтқан адамдықтың қасиеті де үшеу емес пе еді? «Ыстық қайрат, нұр­лы ақыл, жылы жүрек». Ұлттық рухпен суға­рылған осынау қасиет үш кеңістік сар­дарларының бойына сіңіп кетті. Олар­дың адамдықтан аттамауының да, жауыз­дықты жақтамауының да, еңсесі төменді таптамауының да сыры – осында!

Бірақ осы Үшеуі біріксе – аянбайды. Олар жұмса – жұдырық, ашса – алақан! Соны біліп ел іргесіне жау таянбайды. Әсілінде, Алаш – Алаш болғалы, ала тай ат болғалы жатқа тізе батырмадық, жаулық шақырмадық! «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» (Н.Назарбаев). Рухымыз жасық емес, бетіміз ашық. Сол сүрлеуден жаңылған жоқпыз. Кеңес Одағы ыдырап, өз алдына отау құрған Қазақ елі осынау отыз жылға жуықтаған тарихи жолында қыннан қылыш суырып, өз бетімен біреуге оқ атқан емес. Алаш – орман болғанда, әскер – қорған! Желіге құлын байлатқан елміз. «Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...» (Қазыбек би).

Қазақстан Қарулы Күштерінің қайратын танығыңыз келсе, шайдай ашық аспанға зер салыңызшы. Жау ұшағынан оқ борап, ақша бұлтыңызды отқа орап жатпағанына қарап, сүйсініңізші. Көзіңізден моншақ-моншақ жасыңыз домалап, тұс-тұсыңыздан дұшпан келіп табалап жатпағанына қарап, шексіз таңырқай беріңізші.

Міне! Күштік құрылымдардың қайраты – осы! Бейбіт күннің бейнесіне айналып, қарауылда Қазақ әскері тұр.