«Қазірге дейін елімізде коронавирус жұқтырған 4298 науқас тіркелді. Науқастардың жартысы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды. Жалпы 1279 науқас жазылып, үйлеріне шығарылса, стационарда 2897 сырқат ем алуда. Ал олардың 85%-ның жағдайы қалыпты, 14%-ы орташа қалыпты болса, 25 сырқат ауыр халде. 6 науқастың жағдайы өте ауыр, 7 сырқат жасанды демалу аппаратына қосылған. Вирус таралғаннан бері Қазақстанда 30 науқас көз жұмды. Науқастармен байланыста болған 59 204 адам анықталып, олардың 98%-ы оқшауланды», деді Тимур Сұлтанғазиев.
Комитет төрағасы елімізде эпидемиялық жағдайдың тұрақтанып, індеттің таралу деңгейі төмендегенін жеткізді. «Өткен тәулікте 156 жаңа жағдай тіркелді. Өсу деңгейінде айтарлықтай төмендеу үрдісі байқалады. Атап айтқанда, сәуір айында орташа өсім 15-16% болса, соңғы екі аптада ол 7%-дан асқан жоқ. Ал соңғы 3 күнде індеттің таралу деңгейі – 4%. Мұның барлығы Мемлекеттік комиссия мен бас санитарлық дәрігердің бақылауында. Карантинді жоюдың нақты өлшемдері бар. Бұған қол жеткізу үшін халық Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шараларды орындауы керек», деді ол.
Қазірге дейін анықталған науқастардың жартысынан көбі елімізде жаппай тестілеу жүргізудің нәтижесінде анықталған. Осыны айтқан Тимур Сұлтанғазиев карантин ережелері дұрыс сақталмаса індет қайтадан лап беруі де мүмкін екенін айтты. «Бүгінгі күнге дейін тіркелген науқастардың 57%-ы скрининг кезінде, 36%-ы медициналық көмекке жүгіну барысында анықталса, ал 7,2%-ы тасымалдаушылар арқылы жұқтырған. Бұл жаңа вирус. Екінші толқынның пайда болатын-болмайтынына нақты жауап беру өте қиын. Біз кейбір мемлекеттерде аурудың қайта бас көтергенін көріп отырмыз. Сондықтан карантин ережелері қатаң сақталуы керек», деді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде халықты жаппай вакцинациялау туралы фотосуреттер мен аудио хабарламалар тарауда. Нұршай Әзімбаева бұл ақпараттардың жалған екенін айтты. «Осыған байланысты мен барлық азаматты әлеуметтік желілердегі бейресми ақпараттарға сенбеуге және таратпауға, тек ресми ақпарат көздерін негіз етуге шақырамын. Жалған ақпарат таратқан адамдардың жауапкершілікке тартылатынын тағы бір рет еске салғым келеді», деді ол.
Вирус жұқтырған науқастарға қандай ем-дом жасалып жатқанын хабарлаған Арнұр Нұртаев: «Бүгінде Қазақстанда коронавирусты емдеу протоколына сәйкес энтеровирусты препараттардан бастап антибиотиктерге дейін бірқатар препарат қолданылады. Олар өз нәтижесін көрсетті. Аталған дәрі-дәрмектердің барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен алынған. Апта сайын жаңа дәрі-дәрмек қосылып, кейбірі қолданыстан алынып жатады», деді.
Ал Берік Шәріп Үндістаннан алынатын вакциналардың сапасына тоқталды. «Үндістаннан міндетті түрде қолданатын үш вакцина аламыз. Оның біреуі АДС-М вакцинасы, екіншісі қызылшаның алдын алуға қолданылатын вакцина, ал үшіншісі туберкулезге қарсы вакцина. Үш вакцина да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала тексерісінен өткен. Өзінің арнайы сертификаты бар және әлемнің 70 мемлекетінде қолданылады. Олардың нәтижелілігі мен қауіпсіздігі дәлелденген», деді ол.