Қоғам • 08 Мамыр, 2020

Қазақстандық академикке Ресей президенті мерекелік медаль жолдады

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел тарихына өшпестей із қалдырған Ұлы Жеңіс күнінің 75-жылдық мерекесінің қарсаңында тұрмыз. Есімі елге мұра, ұрпаққа ұран болған ардагерлерді құрметтеу қаншалықты маңызды болса, жастайынан бейнетпен белдескен тыл ардагерлерін  қадірлеудің де жөні бөлек. Бұл тұрғыда  балалық шағын майданға берген соғыс балалары да қиындықтың кермек дәмін татты.

Қазақстандық академикке Ресей президенті мерекелік медаль жолдады

Әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты, атаулы мерекені сән-салтанатпен атап өтуге шектеу қойылғанымен, бейбіт күннің орнауына үлес қосқан жандарды құттықтауға арналған шаралар легі жалғасып жатыр. Күні кеше елімізге белгілі академик, экономика ғылымдарының көрнекті өкілі Ораз Баймұратовқа Ресей президенті Владимир Путиннің атынан мерекелік медаль табысталды.

– Бұл күн тарихымызға өшпестей із қалдырған ұмытылмас күн. Әрбір ұрпақ бұл қасіретті де қиын тарихты жадынан шығармауы тиіс. Әкелеріміз майдан даласында елін қорғады. Біз секілді соғыс заманының балалары да аналарымызға қолдау көрсетіп, еңбекпен өстік. Мереке аясында арнайы медаль жолдаған Ресей  президентіне алғысымды білдіремін. Бұл маған ғана емес, біздің елімізге, өзім басшылық ететін Әлеуметтік экономика және қаржы институтына жасалған құрмет деп есептеймін. Отбасымның және ұжымымның атынан Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мырзаға алғыс білдіремін, – дейді академик Ораз Баймұратов.