Бізде бинестің академиктері де, акулалары да қалыптасты. Бизнес өкілдерінің әлеумет алдындағы жауапкершілігінің салмағы атан түйеге жүк болатынын қазіргі жағдай көрсетіп отыр. Қазір бізге бизнесті 1990 жылдары Алматының қара базарларында ала дорбамен тауар сатып бастағандардың да, кейін ес жиып, теориялық жағынан өзін-өзін дамытқандардың да тәжірибесі қызық. Енді олардың тәжірибесін мектеп, балалар-бақшасының бағдарламаларына академиялық пән сабағы ретінде енгізу ғана қалды.
«Шеттен келген кәсіпкерлер біздің елімізге бір түйір нан алып келсе, өз елдеріне қайтар тұста сол нанның үстіне май мен уылдырық салып әкетіп жатыр» деген тіркесті айта-айта сөздің қадірі қашып, қаламымыз қайырылып қалатындай деңгейге жеткен едік. Үкімет тарапынан да, қоғам тарапынан да қозғалыс бар.
Осы мақсатта отандық өнім легін өндіруге күш салу, импортқа тәуелділіктен құтылу, қазақ бизнесінің жауапкершілігін арттыру тәрізді шаралар атқарылып жатқаны белгілі. Қазақ Үкіметі қал-қадірі жеткенше, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, дем беруді жөн санап отыр. Ал бұл ретте қазақ кәсіпкерлерінің биікке ұмтылған талпынысы көңіл көншіте ме? Ұлтымыздың шаруақор азаматтары бизнес классигі болуға дайын ба? Міне, біз бүгін осы жағын саралап көрмекпіз...
Жалпы, Кеңестік дәуірде коммунистік тәрбиенің уызын ішіп, максималистік көзақараспен есейген аға буын «қазақтың сауда жасауға, бизнеспен айналысуға қыры жоқ» деген түсінікпен күн кешті. «Сауда-саттық өз-ағам өзбектердің тірлігі» деп білетін қазақ баласына ол кездері саудагерлікпен айналысып, шаруасын дөңгелету қиын іс болып саналатын. Ал қазіргінің қазағы жаймен болса да нарық заңдылығына бейімделіп, нарықтың қағидаттарын жүйелі түсінуге тырысқан болады. Әйтсе де бір тиынды екі етіп ұқсата білуге қазақтардың басым бөлігінің ебі жоқ екені тағы бар.
Егер ресми деректерге жүгінсек, Қазақстан халқының 15 пайыздайын бай-манаптар, 30 пайызын жарлы-жақыбайлар, қалған 55 пайызын орта шауарлар құрайды. Халықтың 30 пайызы кедейлер (!). Бұл ретте мамандар: «Шведтердің әлеуметтік бағдарламасының есебі бойынша Швеция халқының 5 пайызы байлар болса, 10 пайыздайы кедейлер, қалғаны орта таптағы адамдар. Швецияда орташа өмір сүретін адам саны көп, жарлылар мен байлар саны аз. Егер халықтың әлеуметтік жағдайын түзейміз десек, бізге де осындай жүйеге көшу керек» дейді. Мамандардың енді бір бөлігі: «Халықтың жағдайын жақсартып орташа деңгейде өмір сүретін шаруалар легін көбейту үшін қазақтың бизнестік белсенділігін арттыру қажет» деген пікірде.
Кәсіп пен нәсіп
Сонымен қазақтың бизнеске деген ықыласын қалай арттырамыз?
... Негізінде өркениетті елдердің басым бөлігі – бизнес саласында өзіндік орнын ойып тұрып алу үшін белгілі бір жүйеге сүйенеді. Мәселен, әлем нарығында электронды құралдарымен аты шыққан жапондар баласына жеті жасынан бастап «Бизнес әліппесін» үйрететін көрінеді. Нақ осы тұрғыда жапондарда мектеп бағдарламасына енгізілген арнайы жүйелі жоспарлар бар. Ал Еврейлер бес жасынан бастап баласына қолындағы ақшасын қалай ұқсатудың жөн-жобасын түсіндіруден жалықпайды. Іргеміздегі Қытайдың өзі мектеп қабырғасынан-ақ баланы үнемшіл, қанағатшыл болуға, барды ұқсата білуге тәрбиелейді.
Бұл ретте біздің отандық кәсіпкерлеріміздің бірі – Ұзақбай Айтжанов былай дейді: «Бізде бизнес әліппесі деген мүлде жоқ. Мәселен, шетелдік жоғары оқу орындарында тек қана экономист, қаржыгер мамандығын оқытып қана қоймайды. Оларда бизнестік саланың жүйе-жүйесін бөліп, терең байыптап оқытатын арнайы сабақ бар. Дамыған және дамушы елдердің тұрғындары баласына жастайынан бизнесмен болудың қыр-сырын үйретеді. Ал Қазақстанда мұндай жүйе орнықпаған. Бұл да біздің байлық көзін ұқсатудың дұрыс жүйеге қоя алмағанымыздың бір айғағы. Қолына кетпенді ұстатып қоя берсе, өмірі кетпен ұстап көрмеген адам не істейді? Не кетпенді сындырады, немесе өзін жарымжан қылады. Біздің нарықтағы отандық беделіміздің ақсап жатуы да осы іспеттес дүние. Алғаш жекешелендіру тұсында не істедік? Ауылға «өз күніңді өзің көр» дедік те, таратып жібердік. Ақыры немен тынды? Ауылшаруашылығы тұралады, мал басы азайды. Ол да тәжірибесіз кетпеншінің қылығы іспеттес нәрсе болды. Шала надандық пен шалағайлықтың түбі оңдырмайтынын ата-бабаларымыз нықтап тұрып айтып кеткен. Мысалы, Африка елдерін қараңызшы, иен тегін байлыққа батқан ел. Жерінің асты толы қазына. Бірақ әлеуметтік жағдайы өте төмен елдердің сапында тұр. Құдай осындайдан сақтасын. Қанша жерден ұланғайыр даламыз, байлыққа малынған жеріміз болғанмен, оны ұқсатудың ұтымды жолын меңгеруіміз керек.
Бұл кәсіпкерлік арқылы несібесін тауып жүрген азаматтың пікірі. Рас, біліксіз адамнан шаруаны шырқ үйірер талпыныс шықпасы анық. Демек, бизнесті байсалды ету үшін де асқан білім керек...
Бизнес және біліктілік
Ал қазақ кәсіпкерлері бизнестегі біліктілік болашаққа жасалған капитал екенін жете түсіне ме? Бұл ретте қаржыгер, кәсіпкер Ерлан Ибрагим қазақ бизнесінің көсегесін көгерту үшін білім және білік қажет екенін айтады. Мысалы, әлем нарығында бір ғана қол сағатымен танылған Швейцария өзінің жас кәсіпкерлеріне «Алдымен басыңда білімің болсын, содан соң барып бизнеспен айналыс» дегенді жиі түсіндіреді. Және оларда арнайы жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамдарды оқытатын жоғары оқу орындары баршылық. «Ал біздің Қазақстанда қалай? Біздің елде алғаш бизнесті бастап жеке шаруашылық ашу, акционерлік қоғам құру оңай нәрсе. Ал әрі қарай оның жұмысын жандандыру өте қиын. Бұл жерде кәсіпкерлердің қажыр-қайраты, білік-білімі сыр беріп жататынын жасырын емес. Қажет десеңіз, бізде заң білмейтін, еліміздің заңына мойынұсына бермейтін кәсіпкерлер де жетіп-артылады. Өз басым бизнесін жандандыру үшін кәсіпкер алдымен сол елдің заңын жетік меңгеретін білімді болуы керек деп ойлаймын. Сонда ғана Қазақстанда классик бизнесмендер қатары көбейетін болады», деді Ерлан Ибрагим.
Сарапшылар қаақтың бизнеске деген жауапкершілігінің артуын, қазақ баласының бизнесте білімді болғанын қаласақ, мектеп жасынан бастап балаға жапондар тәрізді «Бизнес әліппесін» оқытқан абзал. Мұны осы бастан қолға алсақ, күні ертең ұрпағымыз бизнес дарабоздарының қатарынан көрінері анық. Бүгінде қазақ баласы қолынан іс келетін, еңбекқор екенін танытып үлгерді. Қазір Қазақстанның бірқатар ірі компаниялары мен корпорациялары әлемдік нарықта таныла бастады. Десек те, «жаһандық экономикада қазақтың ұлттық бедерін айшықтап көрсететін бренд қалыптастырдық» деп айтуға әлі ертерек. «Бірақ бізде соған ұмтылыс бар. Қазақ кәсіпкерлерінің ізгі армандарының бір парасы – дүниежүзіндегі алпауыт компаниялармен иық тірестіру. Менің ойымша, отандық кәсіпкерлердің әлемдік нарықта кең көсілуге ерік-жігері жетеді. Осы мақсатта түрлі жобалар жасалынып, бағдарламалар қабылданып, біршама оңтайлы істер тындырылуда. Сондықтан осы істердің орнымен жүзеге асып, оң нәтиже беретініне зор үміт арту керек» дейді Ерлан Ибрагим.
Рас, біз бүгінгі ғасырды «Технологиялық даму ғасыры» деп айшықтаймыз. Бір әттеген-айы әзірше сол технологияның тілін меңгеру бізге мұң болып-ақ тұр. Қазірде шетелдік инвесторлар Қазақстанның байлығының арқасында миллиардтарды айналымға салып жүр. Шеттен келген кәсіпкерлер біздің елімізге бір түйір нан алып келсе, өз елдеріне қайтар тұста сол нанның үстіне май мен уылдырық салып әкетіп жатыр. Олардың бар мақсаты – Қазақстанның байлығын пайдаланып, шауарсын дөңгелету. Құдай оның бетін әрі қылсын, басымызға күн туа қалса, сол шертіп жүрген шетелдіктердің бәрі қарақан басын сауғалап кетері анық. Қазірде біз қарапайым тұтынушы ретінде шетелдік өнімнің «қызығын» көреміз. Киетініміз – шетелдің киімі, жейтініміз – өзге елдің тамағы. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлерге бар күшті сарқа отырып, бизнес саласының классигі болуға ұмтылатын кез жетті. Қазір осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Қоғам мүшелері бизнес әліппесінің мектеп бағдарламасына кеш болса да енгізілетінін қуанып отыр.
Академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, бізде отбасылық немесе балалардың күнделікті қалта шығыны деген түсінік қалыптаспаған. Соның салдарынан балалар ақшаның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын түсінбей өседі. «Баланың қоершаған ортаның экономикалық сипаттамасы туралы түсінігі ата-анасының «мектепте шай ішесің» деп берген ақшасынан басталуы керек. «Ақша қайдан, қалай келді, қайда, неге жұмсалды?» деген сауалдың жауабын кішкентай кезінен білген баладан ғана есейгенде сауатты кәсіпкер шығады», – дейді Асқар Жұмаділдаев.
«Бүгінгі таңда «Q3 Worldwide» холдингінің негізін салушы Қайрат Құдайбергенов, «BI Group» басшысы Айдын Рахымбаев, «Медиамагнат», «Мегаполис», «Бизнес и Власть», «Forbes Kazakhstan» басылымдарының негізін қалаушы, «United Media Group» компаниясының жетекшісі Арманжан Байтасов сынды кәсіпкерлерді әлеуметтік желі арқылы жақсы танимыз. Кейбірі жастар арасына жиі шығып, кездесулер өткізеді. Бұл бизнес өкілдерінің қарапайым халыққа біртабан жақындағанының белгісі.
Экономист Мырзакелді Кемелдің пайымдауынша, кәсіпкерлік және бизнес негіздері академиялық пән ретінде мектеп бағдарламасына енсе, мәселені теориямен шектемей, тәжірибемен ұштастырып отыру қажет. «Кәсіпкер Қайрат Құдайберген өз ісін 25 жасында бастаған. Арманжан Байтасов пен Айдын Рахымбаев та бизнеске осы жаста бет бұрған. Жаңа пәнді білім бағдарламасына енгізердің алдында Алматы, Астана қалаларында аты аталған бизнесмендердің қатысуымен бизнес-тренинг ұйымдастыру керек», – деді Мырзакелді Кемел.
Сарапшылар қазақ баласының мықты бизнесмен болуын қаласақ, бизнес әліппесін мектеп жасынан бастап меңгерту қажет.
Танымал кәсіпкер Гүлмира Мамытбаева 1990 жылдардың басында жеке бизнеске бет бұруына ресейлік басылымда жарық көрген шағын ақпарат себеп болғанын айтады. Ол кезде Ресейде «кофебум» болып жатыпты. Осыны назарға алған жас келіншек телеарнадағы жауапты қызметін тастап, жеке кәсіпке бет бұрыпты. «Жолдасыма пәтерімізді сату туралы ұсыныс жасадым. Бұған дейін жинаған қаржымызға пәтердің ақшасын қосып, Алматыдан кофехана ашайық дедім. Италияға барып, сапалы кофе жасайтын технология сатып әкелдік. Ісіміз алға басқан кезде кофемен бірге кәмпит, тәтті нан сататын болдық», деді Гүлмира Мамытбаева.
Кәсіпкердің айтуынша, жеке бизнесте тыңға түрен салғандар ғана табысқа кенеледі. «Мен жеке бизнеспен айналысатын адамдарды екі топқа бөлемін: бірі – спринтерлер, екіншісі марафоншылар. Алғашқылары істі ерекше екпінмен бастайды, алайда соңына дейін жеткізбейді. Соңғылары қандай қиындық болса да төтеп береді, табысқа қажыры мен қайратының арқасында жетеді», деді ол.
Гүлмира Мамытбаеваның мәлімдеуінше, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні болашақтың бай-бағландарына алдын ала ойлау, жоспарлау, тәуекелге бара білу сынды қасиеттерді меңгертуі тиіс. Ал өсем, өнем, табысқа кенелемін дегене кез келген кәсіпкер спринтер емес, марафоншы болуы керек.