Қоғам • 09 Мамыр, 2020

Бір серпіліп қалдық

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Ардагерлер туралы» заңға қол қойғанын ықыласпен қабыл алдық. Мұны кешегі заманда оқ пен оттың ортасында болып, Отан қорғаған ардагерлерге көрсетілген үлкен құрмет пен қолдау деп білемін.

Бір серпіліп қалдық

Аталған заң арқылы мемлекет тарапынан Ұлы Отан соғысының және оған теңестірілген барлық ардагерлердің әлеуметтік мәсе­лелері, олардың тағы да басқа қажет­тіліктерін өтеу тура­лы мәсе­лелер қарастырылған. Қазақ­стандық ардагерлерге төленетін жәр­демақы ұлғайып, олар салық­тың 11 түрінен босатылады. Со­нымен қатар аталған заңда жеке тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жер учаскесін алу құқығы, кепіл­дік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көлемін бірінші кезекте алу және басқа да жеңілдіктер бар.

Бүгінде еліміз әлеуметтік әлеуеті артқан, экономикасы дамыған мемлекетке айналып отыр. Сонымен қатар Президент рухани құндылықтарды да насихаттауда лайықты еңбек етуде. Соның бір дәлелі – қабылданып отырған «Ардагерлер туралы» заң. Бұл жастарды Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан барлық ардагерлерді құрметтеуге шақыратын бастама деп білемін. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ардагерлеріміз қолына қару алып, Отанымызды қорғады. Олар қай қиырда жүрсе де Отан алдындағы борышын адал атқарды. Еліміздегі бүгінгі бейбіт күннің орнауына үлес қосты. Бұл үшін де болашақ ұрпақ ардагерлердің ерен еңбегін біліп өсуі, сол арқылы қалыптасуы тиіс дер едім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ерлік шежіресін жасаған ардагерлер үшін заңға қол қойып, құрмет көрсетуі де еліміздегі айтулы оқиғаның бірі. Президент барлық деңгейдегі ардагерлерге әлеуметтік көмектердің көрсетілетінін, олардың әрдайым мемлекет қамқорлығында болатынын нақтылады. Мемлекет тарапынан ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп те келеді. Мәселен, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Біз біргеміз!» акциясы аясында аз қамтылған жамбылдық 250 ауған соғысының ардагеріне 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілді. Бұл да мемлекетіміздің ардагерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы мен қолдауы. Енді ешқашан соғыс болмасын! Жастарымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміз тұғырында мәңгі тұрсын деген тілегім бар.

 

Дүкенбай ЕРМЕКОВ,

«Жамбыл облысы Ауған соғысы ардагерлері мүгедектері» одағының төрағасы, Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері