Менің атам Тоқтасын Әбимолдаұлы 1916 жылы Шығыс Қазақстандағы оймақтай ғана Қызылшілік ауылында дүниеге келді. Ауыл молдасынан аз ғана сауат ашқан ол 1930 жылы Семей қаласындағы теxникумға оқуға түседі. 1942 жылы Ташкентте үш айлық әскери байланысшы оқуын бітіріп, майданға аттанады. Курск доғасы, Днепр өзенін қорғауға атсалысты. Киевті жаудан азат етуге қатысты. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен сол қиын-қыстау жылдары атам да табандылық танытқан жандардың бірі болыпты. Қан қасап майдан көріп, жауынгер етігімен сонау Берлинге жаяу жеткен атамыз жеңіс туын желбіретуге қатысты. Қан майданда жүріп «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Жуков» және өзге де орден-медальдармен марапатталған.
Елге аман-есен оралған соң әжеміз Нұрзия Солтанбекқызымен отау құрды. Атам өмірінің соңғы жылдарын Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Кіші Қарасу ауылында өткізді. Тоқтасын атам дала мінез, бала көңіл жан еді. Ал, Нұрзия апам қонақжай кісі болатын. Өмір де адам баласы үшін толқыған теңіз секілді емес пе. Желкеніңді жел кернеген сәттерде алға сүйреген арманың адастырып кетпес үшін бағыт-бағдарыңды айқындар темірқазық іспеттес жанашыр, ақылгөй жандар болады. Тәңірден тілеуіңді тілеп, ғұмыр жолыңның бақытқа толы күндер болғанын қалайтын тек шын жанашыр жандар ғана. Ол да әрине, менің атам мен апам еді. Сол ата-апамның ең қастерлі мерекесі Жеңіс күні болатын. Ес білгеннен бері білетінім 9 мамыр күні біз тайлы-тұяғымызбен қара шаңыраққа жиналып, мәре-сәре болып жататынбыз. Көптен қара көрсетпей кеткен қаладағы ағайын да ауылға келіп арқа-жарқа. Ал біз болсақ омырауындағы орден-медальдары жарқ-жұрқ еткен атамыздың қуанышты жүзіне қызықтай қарап отыратын едік. Сол күні атамның шаңырағына Өнербек, Жолдыбек, Ұлыпқан, Мәсәлім, Мұратқан, Әбушаxман және Жошы аталарымыз да түстене келіп, дастарқан басында әңгіме айтушы еді. Төрт жылдық қана білімі бар қазақтың сол бір қара шалдарының білмейтіні жоқ еді.
2009 жылдың 9 мамырын да дәл осылай тойлады. Дастарқан басында атам: «Ау, ағайын, келесі жылы Жеңістің 65 жылдығы ғой, жұбымыз жазылмай, баршамыз осы шаңырақта жиналайық. Алла амандығын берсе, тай сойып, той жасаймын, тек Алла соған жеткізсін», деді. Қатарластары: «О, бәрекелді, тек сөзіңде тұратын бол», деп жатты. Иә, Алла атамды сол 65 жылдыққа жеткізді. Той да болды, бірақ атамның бұл соңғы көктемі, соңғы Жеңіс мерекесі екен.
Менің кітап құмарлығым атамнан дарыған қасиет пе деймін. Ол кісі де жастана жатып газет-журнал оқитын. Әр апта сайын републикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай», аудандық «Рауан-Восход» пен төте жазумен шығатын «Шалқар» газеттерінің жаңа нөмірін асыға күтетін. Басылымдар келген бойда рет нөмірлері мен беттерін түгендеп алады да көзілдірігін тағып, мақалаларды мұқият оқитын. Үзіліс жасаса, тоқтаған жерін қаламмен белгілеп қоятын. Кейін оқығандарын апама әңгіме қылып айтып отыратын жарықтық. Газет тұрған жаққа жолай қалсақ, атам «не істейін деп тұрсың?» деп газет ұрлауға келгенімізді сезіп қоятын. Баламыз ғой. Сол кезде апам марқұм бізді қорғап «Осы сен өлсең, сені осы газетке ораймыз-ау» деп қалжыңдайтын.
Атам мен апам ән тыңдағанды да ұнатушы еді. Әсіресе, Досхан Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» таспасын жиі қойғызатын. Сондағы «Кемпірбай мен Әсет», «Екі жирен», «Теміртас», «Ойлан, балам», «Кененге көңіл айту», «Ақтоқтының аужырын» тыңдай бергеннен біз де жаттап алған едік. Ал Жеңіс күні қарсаңында «Широка страна моя родная» әнінің таспасын қайта-қайта қойғызып, қосыла орындап отырғанын талай көрдік. Кейде біз де жағаласып жатқанымыз. Сондағы атамның нұрлы жанарын көрсеңіз ғой. Еркелігім бе, қызды-қыздымен кейде мен саптағы кәнігі сарбаздай әрлі-берлі шерулік маршқа басамын. Оныммен қоймай атамды да мәжбүрлеймін. Ол кісі менің көңілімді жыққысы келмей, таяғын тастай сала жанымнан табылады.
Ата-әжем таңмен таласа тұрып, қас қарайғанша бел бүкпеуші еді. Ауылдағы алма, шие ағаштарын да атам отырғызған. Өзі суаратын. Біз көмектеспек болғанда қарсылық білдіріп жатқаны. «Аталарың жатып қалмасын десеңдер, бұл жұмысты маған беріңдер, мен үшін дене шынықтыру ғой», дейтін.
Биылғы Жеңіс күнін де ата-әжемсіз өткіземін. Он жыл бұл шаңырақта атам бардағыдай мереке болған жоқ. Мені еркелете айтатын «Нәзәкөн» дауысын естімегенге де он жыл. Көзкөргендер: «Сенің атаң қиындықтан қашпайтын, түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл-кеңесін аямайтын көпшіл еді», дейді.
Пенденің артында жүріп өткен өмірі, халқына жасаған жақсылығы, істері, мінезі, тағы басқаша қасиеттері қалады, таразыға салынады. Жақсы адамды жұрт сағынады. Жылы жүзін жиі еске түсіреміз, нұсқалы бейнесін қара жер қойнына қимай, көз алдымыздан өткеріп, өткен күннің сағымына көз тігеміз...
Ләззат НОҒАЙБАЙ,
журналист