Көзінің тірісінде майдангер Наху Бақтыбайұлы сол ұрыс даласын былай еске алып отыратын: «Біз 1943 жылдың қаңтар айында Харьковке таяу жердегі Соколово селосында соғыс қимылдарына қатыстық. Бірде батальон командирінің бұйрығымен екі-үш жауынгер болып таңда бірнеше шақырым жердегі орман ішіндегі «дала кухнясынан» тамақ әкелуге жанұшыра аттандық. Бірақ таң атар-атпастан біздің шепке неміс танкілері жаяу әскерін қалқалай отырып күтпеген жерден шабуыл жасағанын білдік. Келсек, біздің окопта тірі жан қалмапты. Бір батальон солайымен жоқ. Жау танкілері біздің жауынгерлерді табандарымен таптап кете барыпты. Мен қасымдағы жерлесім, шетпелік Қоңыр деген жігітті іздедім. Бірақ өліктердің ішінде жоқ болып шықты. Тұтқынға түсіп қалған болар деп топшыладым. Сол жоқтан жоқ, көз жазып қалдым. Өлі-тірісін бүгінге дейін білмей келемін».
Наху ақсақал көргенін қалт жібермейтін, естігенін ұмытпайтын адам еді. Қапыда айырылып қалған жауынгер жолдасы Қоңыр туралы әңгімесін оның Қарақия ауданы Жетібай кентінде тұратын баласы Тілекбай Қоңыровқа айтқан. Сол Тілекбаймен ойда жоқта біз өткен жылы сәуір айында кездесіп қалдық. Ол – сары өңділеу келген, қайың денелі, сұйықтау қара қасты, сөзі ұстамды, оқтын-оқтын әзіл шыны аралас қуақылана да сөйлейтін кісі. Әңгіме барысында алыс жақтан жеткен хабарымен бөлісті.
«Таяуда осы Жетібайдағы бір қарындасым екі кештің арасында қуанып келе қалды. «Аға, сіздің әкеңізді интернет арқылы көріп-білдім» деді. Онда «Қазбаев Қоңыр 1896 жылы жылы туған. Әйелі Жұбатқан Қазбаева 1916 жылы туған. Германияның Ганновер қаласындағы Шаталаг УІС концлагері, тұтқын. №47009. Өлген жылы – 1943 жылы 19 мамыр» деп жазылып, суретімен қоса беріліпті. Марқұм анам әкеңнің өлі-тірісі туралы ең болмаса «хабарсыз кетті» деген бір ауыз хабар да болған жоқ дейтін. Мен әкем майданға кеткенде бір жарым жаста екенмін. Бірақ үмітсіз шайтан дегендей өмір бойы іштей күтіп жүрдім. Әкем суретінде өңі жүдеу, жүзі түнеріңкі, сақал-мұрты, шашы өсіп кеткен, үстіндегі өзінің әскери киімі сияқты. Концлагерьде үлкейтіліп жазылған тұтқындық нөмірін қолына ұстап отыр. Бірақ қалай қайтыс болғаны туралы жазылмаған» деп сөзін сабақтады Тілекең.
Осылайша майдангер Қоңыр туралы бір хабар алған ол біразға дейін көзіне жас келіп, әкесі тіріліп келгендей күй кешіпті. Бір малды садақа жасап, аруағына бағыштап Құран оқытқан. Қазір жасы 76-ға келген қария сонау Германияға әкесінің жатқан жерді іздеп баруға денсаулығы жарамайтынын айтты.
«Германияның картасын қарап шықтым. Ганновер Германияның батысындағы, Лейна деген өзеннің бойындағы шағын бір қала екен. Соғыс жылдарында мал шаруашылығымен, егістікпен шұғылданған көрінеді. Әкем бұрын Шетпедегі «Ұшқын» совхозында мал баққан. Менің бір таңғалғаным, атылса да, асылса да, әрбір тұтқынға қысқаша бір өмірбаяны мен суретін қоса анықтамалық құжат жасақтау, оның мұрағатқа сақталуы болды. Міне, менің өмір бойы күткен әкем туралы бар білгенім осы» деп,Тілекбай Қоңыров ауыр күрсінді.
Аллаберген Қонарбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ақтау