Қоғам • 09 Мамыр, 2020

Майдандас досын 35 жыл іздеген

1390 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

1980 жылдың 13 наурызында Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық «Приуралье» газетінде «Өзбекстанда тұратын Сарыбаев Ғафуржан Абдувахобович майдандас досы Сәрсенғали Оспановты іздейді» деген шағын ғана хабарландыру жарияланады. Бес-алты сөйлемнен тұратын хабарландыруда Ғафуржан мен Сәрсенғали екеуі 1944 жылы Чкалов қаласының (қазіргі Орынбор) госпиталінде бірге емделіп, дос болып кеткені, кейіннен жолдары екі айырылғаны, тек Сәрсенғалидың Орал облысынан екені ғана есінде қалғаны жазылыпты. «Осы хабарландыруыма Сәрсенғали немесе оның туған-туыстары үн қатады деп ойлаймын. Менің мекенжайым: 702519, Ташкент облысы, Ангрен қаласы – №19, Танғатопты селосы» деп аяқтапты сөзін өзбекстандық майдангер.

Майдандас досын 35 жыл іздеген

 

Жасыратыны жоқ, Ғафуржан Сарыбаевтың майдандас досын іздегені туралы хабарландыру бұған дейін де осы басылымда бірнеше мәрте жарық көр­ген болатын. Ол Оспановты 35 жыл бойы іздепті. Досының Қ­азақстанның Орал облысынан екенін білгендіктен, Орал об­лыстық партия комитетіне де хат жолдайды. Олардан «Сіздің ха­тыңызды облыстық газеттің редакциясына жібердік» деген жауап келеді. Бірақ, өзбекстандық ақсақалдың хаттарын тек орыс газеті ғана жариялап отырыпты. Ал ол іздеген Оспановтар отбасы бұл кезде Тайпақ ауданының Қурайлысай ауылында тұратын. Бір орысы жоқ ауылға орысша газет қайдан келсін. Әйтпесе, соғыс ардагерлерінің көбінің көзі тірі, Жеңіс күнінде бір-бірімен мәре-сәре болып жататын кез еді ғой ол жылдар... Оның үстіне ауыл, кеңшарлардың аттары жиі өзгеріп жатты. Бұл аралықта Оспановтар отбасы бір-екі мәрте көрші ауылдарға қоныс аударған да екен. Сөйтіп Сәрсенғали Ос­пановтың дерегі жуық арада шыға қоймайды. Тіпті, Қазақ­станнан хабар бол­маған соң Ға­фур­жан ақсақал Ресей­дің Орал ок­ругіне кіретін Свердловск об­лы­сының редакция­ларына да хат жазады. Тек 1980 жылдың 13 наурызында Орал облыстық газетінде жарияланған кезекті шағын дүниені Қурайлысайдағы Оспановтар әулетін жақсы танитын бір азамат кездейсоқ оқып қалып, «Осы бір хабарлан­дырудың сендерге қатысы жоқ па?» деп құлаққағыс қылыпты. Сол кезде ғана Сәрсенғали Оспа­нов­тың балалары өзбекстандық ардагердің іздеп жүрген досы өз әкелері екенін біледі.

Ал осы уақытқа дейін орал­­­дық майдангердің дерегі шық­пай, ұзақ жылдар бойы хабарсыз болуының өзіндік себебі де бар еді. Сәрсенғали Оспанов 1969 жылы 54 жасында дүниеден өтіп кеткен болатын. Соңында қалған ұрпағының асқар тау әкелерін майдандас досы іздейді деген ой үш ұйық­таса да түстеріне кірмегені анық. Балаларының айтуына қа­рағанда, әкелері көзі тірісінде соғыс туралы, сол қанқасапта көр­­ген қиындықтары, қарулас дос­тары туралы көп айта бермеген де көрінеді. Оның үстіне Сәрсенғали мен Ғафуржан еке­уі майдан даласында бірге жүр­меген. Госпитальда ғана танысып, бірнеше ай қатар жатып емделген. Өзбек ардагерінің қазақ досын ұзақ іздеп, бір көруді отыз бес жыл бойы армандауы бұл екі азаматтың сол бір қиын-қыстау кезеңде бір-біріне бауырдан да жақын болып кеткенін білдірсе керек. 

22

Сәрсенғали Оспанов 1914 жы­лы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Кенсуат ауы­лында дүниеге келеді. 1942 жылы соғысқа аттанып, алдымен атты әскер, кейіннен артиллерия полкінде қызмет еткен. 1944 жылы ауыр жараланып, бір аяғынан айы­рылып, Чка­лов қаласындағы әскери госпитальға түседі. Ал Ғафуржан Са­ры­баев әскерге 1943 жылдың 23 ақпанында ша­­­қырылып, 1-ші Балтық майда­нында артил­лерист ретінде со­ғысады. 120 м­м минометі рас­четінің коман­дирі болған. 1944 жыл­дың 3 ақ­панында жараланып, Чка­лов қаласындағы әскери гос­пи­тальға түседі. Ғафуржан да соғысқа бір аяғын берген. Міне, осынау зұлматтан аман шы­­­ғып, тағдырлары госпитальда түйіс­­­кен екі майдангер осы күн­деріне тәубе етіп, бір-бірін құр­мет тұтып, қиын сәттерде бір-бірі­не қолдау көрсетіп, аға-інілік ізет­пен мәңгілік досқа айналып кет­кендері анық.

Газетке шыққан хабарлан­дырудан кейін көп ұзамай Сәр­сенғали Оспановтың ұлы Жеңіс өзбекстандық майдангер­ге хат жазады. Қарт майдангерге ал­ғысын айта отырып, осы­дан он бір жыл бұрын әкесі­нің қайтыс болып кеткенін, соңы­нда үбірлі-шүбірлі ұрпағы қалғанын, бауырлары біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатқанын жет­кізеді. Көп ұзамай Ғафуржан Сары­баевтан да хат келеді.

«Құрметті менің туғандарым Жеңісбек және жеңеше!

Сіздерден хат алғанда Сәр­сен­ғали ағадан ба деп қуа­нып қалдым. Бірақ, бұл хат Жеңіс­бектен екенін білдім. Мен сіздер­дің әкелеріңізді іздегеніме көп уақыт болды. Оның тек Орал облысынан екенін ғана білетінмін. Сондықтан Орал облыстық партия комитетіне де, жергілікті газеттерге де көп хат жаздым. Міне, ақырында өздеріңізден хат алып отырмын. Ол үшін Жеңіс­бекке көп рахмет.

Мен Сәрсенғали ағамен гос­питальда танысып, туған бауырдай сыйластық. Палатадағы кереуеттеріміз қатар тұрды, та­маққа үнемі бірге баратынбыз. Мен сол кезде 21 жаста едім. Мені госпитальдан 22 тамызда босатты. Біз бір-бірімізді қи­май, жылап қоштастық. Одан кейін біраз уақытқа дейін ол кісі­­ден госпитальдан хат келіп тұрды. Сосын үйінен де хат келді. Бірақ, соғыс біткеннен кейін бәрі ұмытылды. Хаттардың бәрі жо­ғалды. Байланысымыз үзіліп қалды.

Жеңісбек, Сәрсенғали ағаның қайтыс боп кеткенін естігенде қатты күйзелдім. Ол кісі ең кемі 70-80 жыл өмір сүретіндей денсаулығы мықты еді. Тағдыр­дың жазғанына көнбеске шара жоқ. Сіздерде аға екеуміздің гос­питальда түскен суретіміз сақ­талып қалуы мүмкін. Егер сол сурет бар болса, ағаның қасында әскери фуражкада тұрған мен. Жас бала сияқты көрінемін.

Қымбатты Жеңісбек және жеңгей! Егер уақыттарыңыз болса бізге қонаққа келіңіздер. Біз өте қарапайым тұрамыз.

Сәлеммен, әкелеріңіздің досы Ғафуржан Сарыбаев. 15 сәуір, 1980 жыл».

Расында екі майдангер соғыс­тан қайтқаннан кейін бір-екі мәрте хат алысқан екен. Бірақ кейіннен сол үш бұрышты хаттар жоғалып, бұлардың өздері бейбіт өмірдің иіріміне шымдай батып кете барған ғой. Осылайша госпитальда бір-бірімен қимай қоштасқан қос майдангерге бір-бірін қайта тірідей көруді құдай жазбапты. Тағдырдың ісіне шара жоқ. Әйтсе де, Сәрсенғали Оспановты ұрпағы естен шығарған емес. Қайта оның ерліктерін бүгінгі ұрпағы мақтанышпен айтады. Тіпті, Алматы қаласында тұратын шөбересі Іңкәр Ер­болат­қызы Оспанова мектепте оқып жүргенде атасының ер­лігін шығармасына арқау етіп, оны мақтан тұтатынын нәзік жүрегімен жеткізді. 1943 жылдың 20 қыркүйегінде Морозов атын­дағы 8-гвардиялық атты әскер дивизиясы 29-гвардиялық атты әскер полкінің командирі, гвардия майоры В.Симбуховский Сәрсенғали Оспановты ерлік көрсеткені үшін Қызыл Ту орденіне ұсынады. Марапатқа ұсыну қағазында былай деп жазылған: «Гвардияның 120 мм минометінің дәлдеушісі қатардағы гвардия жауынгері қазақ Сәрсенғали Оспанов 1943 жылдың 8 қыркүйегінде Старые Луки деревнясы үшін болған шай­қаста артиллерияның жалынды снарядымен үш мәрте жау шабуылының бетін қайтарып, 50-ден аса дұшпанның көзін жойды. Осы шайқаста С.Оспанов өмірін қатерге тігіп, жәшіктегі миналарды оттан сақтап, өртті сөндіріп, минометтен оқ атуды ары қарай жалғастыра берді». Ерлік ескерусіз қалмайды. Сол жылдың қазан айында Сәрсенғали Оспанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Соғыстан кейінгі жылда­ры С.Оспанов Батыс Қазақ­стан­ облысының Тайпақ (қазір­гі­ Ақжайық) ауданында ең­бек­ етіп, жұбайы екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Ұл-қыз­дары­ның барлығы жоғары білімді. Екеуі математика және медицина саласы бойынша ғылым докторлары атанады. Тіпті, Ке­ңес Сәрсенғалиұлының еңбегі жанып, қатардағы дәрігерден Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне дейін көтерілді. Яғни Кеңес Оспанов осы сала қызметі құрылғалы бергі 90 жылда бірінші басшы болған ең алғашқы қазақ азаматы атанды. Ол өз қызметін абыроймен атқарып, елімізде оба, тырысқақ, түйнеме, бруцеллез сияқты аса қауіпті аурулармен қатар атип­тік пневмония, құс, шошқа тұ­мауы сияқты жағдайлардан болған індетке қарсы республи­ка бойынша нәтижелі шаралар ұйымдастыруымен ерек­ше­леніп, кейінгі жылдары ғана зейнеткерлікке шықты.

Майдангер Сарыбаевтан хат келгеннен кейін де екі жақ бірден барыс-келіс жасай қоймайды. Өмір ғой. Күнделікті тірлік, жұ­мыс, отбасы, әйтеуір, бітпейтін тір­шілік бәрін ұмыттырып, арада он жылдай уақыт өтіп кетеді. Оның үстіне бұл жылдары одақтас елдердің жағдайы күрт өзгеріп, заман алмағайып болып тұрды емес пе? Дегенмен де екі жақ сирек болса да хат алмасып тұрған. Тек 1990 жылы ғана Сәрсенғали Оспановтың үлкен ұлы Серік әкесінің досын іздеп, Өзбекстанға барады.

Бірақ, қарт майдангерді до­сының ұлдарына да тірі көруді жазбапты. Серік барғаннан аз ғана уақыт бұрын Ғафуржан аға о дүниелік болған екен. Ғафуржан ақсақалдың бала-шағасы Серіктің іздеп келгеніне қатты риза болып, өзбектің ұлттық шапанын жауып, екі майдангердің госпитальда түскен ескі суретін естелікке сыйлайды. Содан кейін де екі жақтың қарым-қатынасы үзілген емес. Әлі күнге жақын ағайындар сияқты араласып тұрады. Яғни бабалардың мәңгілік достығы ұрпағымен жалғасып, тәуелсіз екі елдің, екі әулетінің сыйластығына сызат түсірген емес. Қазағым мен өз-ағамның осынау достығы бүгінгі ұрпаққа да үлгі бола бергей...