Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Елордада Ұлы Отан соғысының батырларына арналған 8 ескерткіш бар

5976 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаладағы Ұлы Отан соғысы мен оның батырларына арналған ескерткіштер – бүгінгі ұрпақтың батырларға құрметінің белгісі. Бұл өнер туындылары жас ұрпақты ерлікке баулитын құрал. Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында сол ескерткіштер туралы қысқаша мәлімет ұсынбақпыз. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада Ұлы Отан соғысының батырларына арналған 8 ескерткіш бар

Жалпы, елордада 46 ескерткіш және 50-ден астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар. Нұр-Сұлтан қаласының ескерткіштері мен тарихы және мәдениетін сақтау дирекциясының директоры Нарима Абылқызының айтуынша, олардың барлығы заңмен қорғалған және талапқа сай күтім жасалады. Жеңіс күні қарсаңында әскери тақырыптағы бірқатар ескерткіштер жөндеуден өткен.

«Дирекция Нұр-Сұлтан қаласының ескерткіштерін есепке алу, сақтау және танымал ету мәселелерімен айналысады. Қазір қалпына келтірілген әскери тақырыптағы ескерткіштердің ішінде Б.Момышұлы, И.Панфиловтың ескерткіштері, 1941-1945 жж. Ақмола қаласындағы ауруханаларда жарақаттан қайтыс болған соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш, Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған монументалды кешен бар», – дейді Н.Абылқызы.

Сондай-ақ, ол биыл Алматы ауданымен «Отан қорғаушылар» монументалды кешенін жөндеу жоспарланып, дирекция Алия Молдағұлова ескерткішін жөндеуді аяқтайтынын атап өтті. «Болашақ ұрпақ үшін өткен тарихты сақтау баршаға міндет», – дейді Н.Абылқызы.

Елордада Ұлы Отан соғысының батырларына арналған 8 ескерткіш бар:

  1. Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған монументалды кешен. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Жеңіс даңғылында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шайқастарда қаза болған отандастарға арналған кешен бой көтерді. Ақмолалық жауынгерлердің бейнесін сомдайтын мүсіндік композиция авторлары - мүсінші Валерий Пирожков, сәулетші Василий Тоскин.
  2. Әлия Молдағұлова мемориалдық кешені. 2008 жылы Жеңіс даңғылы мен Ә.Молдағұлова көшесінің қиылысында ашылды. Мемориалдық кешенінің авторлары – мүсіншілер Б.Әбішев, Е.Сергебаев, сәулетшілер В.Кацев, Ж.Айнабеков. Кеңес Одағының Батыры, мерген Ә.Молдағұлованың қола мүсіні тұғырда қызғылт гранитпен орнатылған.
  3. Мәншүк Мәметова ескерткіші. 2018 жылы Батыс Қазақстан облысы «Өңірлер Астанаға сыйлық» жобасының аясында елорданың 20 жылдығына орай М.Мәметованың ескерткіші мен «Ақжайық» алаңын тарту етті. Авторы – мүсінші Мұрат Мансұров.
  4. Рақымжан Қошқарбаев ескерткіші. 2016 жылы Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында ашылды. Қоладан құйылған туындының авторы – мүсінші Асқар Нартов.
  5. Бауыржан Момышұлы ескерткіші. 2008 жылы аты аңызға айналған батырдың ескерткіші Астананың 10 жылдығына арнайы сыйға жасалып, Б.Момышұлының туған жері Жамбыл облысынан тарту етілді. Авторлары – мүсінші Темірхан Қолжігіт, сәулетші Бақытжан Сыздықов.
  6. И.В.Панфилов ескерткіші. 2015 жылы Кеңес әскери қолбасшысы, генерал-майор И.В. Панфиловқа арналған ескерткіш Б.Момышұлы даңғылы мен Жұмабаев көшесінің қиылысындағы Жерұйық саябағында орнатылды. Авторы – мүсінші Ренат Әбенов.
  7. «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені 2001 жылдың 9 мамырында Тәуелсіздік даңғылы мен Қ.Мұңайтпасов көшесінің қиылысында ашылды. Мемориалдық кешеннің монументалды композициясы Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың бірлігін білдіретін масақ бау түріндегі қола стела мен бірлікке, келісімге шақыратын Отан-Ана бейнесінен тұрады.
  8. 1941-1946 жж. Ақмола госпитальдарындағы жарақаттан қайтыс болған соғыс ардагерлеріне ескерткіш. Қалалық зиратта орналасқан нысан елорда тарихымен бірге жасасып келе жатқан алғашқы ескерткіштердің бірі.