Қоғам • 11 Мамыр, 2020

Қиындықты оңайлатқан онлайн

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдың аяғында басталып, жаңа жылдан соң әлемге кеңінен тарала бас­таған коронавирус атты індеттің елімізде таралмауы үшін Президент Қ.К.Тоқаев тышқан жылы қарсаңында төтенше жағдай жариялап, шекараны ғана емес, қалаларды карантинге жапқаны белгілі. Осы жағдайға байланысты біз­дің университет студенттері де алдын ала үйлеріне, Қазақстанның түк­пір-түкпіріне жіберілді.

Қиындықты оңайлатқан онлайн

Осындай жағдайда оқу процесі қа­шық­тан оқытуға көшірілді. Лекциялар, тә­жірибелік сабақтар онлайн жүйесінде zoom және т.б. платформаларда өткізіле бастады. Әрине жаппай мұндай оқу түріне көшу барысында қиыншылықтар да кездескені ақиқат. Дегенмен біртіндеп кемшіліктер жойылып, оқу әдістемесі толықтырылып, қалыпқа келе бастады.

Мұндай күйді бастан өткерген оқы­ту­­шылар алдында тағы бір мәселе пайда болды. Сәуір айында бітіруші түлектер өндірістік және диплом алды тәжірибеден өтуге тиіс еді. Карантин жағдайында өз үйлері жа­ғын­да тәжірибеден өтетіндерге онша қиындық жоқ болатын. Ал алыс жерлер, облыстардағы шаруашылыққа баратындарға қиындық туғызды. Оның ішінде он шақты студентіміз Алматы облысы Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС-не баруы керек еді. Ал Алматы қаласы карантинге жабылып, көлік қатынастары да тоқтағаны бел­гі­лі. Осы жағдайды ескере келе кафед­ра меңгерушісі С.Бостанова ғылы­ми жетекшілермен шұғыл жиналыс өткізді. Әртүрлі пікірлерді тыңдай келе Сәуле Қуанышбекқызы биылғы баратын студенттердің өткен жылы аталған аймақта өндірістік тәжірибеден өткенін, есептерін тапсырғанын айта келе шаруашылықпен байланысқа шығып, қалған қажетті деректерге қолұшын беруді сұраңдар деді. Бұл жерде­ ай­тып кетеріміз, «Байсерке-Агро» ЖШС университетімізбен көптен тығыз қарым-қатынаста болатын. Тек «Мал шаруашылығы» мамандығы ғана емес, агрономдар мен мал дәрігерлері де жылда тәжірибеден өтеді. Өйткені «Байсерке-Агро» республикадағы ал­дыңғы қатарлы ет және сүт бағы­тын­дағы асыл тұқымды ірі қара мал өсі­ру­мен, қой, жылқы, түйе және өсімдік шаруашылығы және т.б. айналысатын көпсалалы аг­ро­­­­холдинг. Осы жағдайды ескере келе шаруашылықтың директоры М.Әлиевпен байланысқа шығып, жағ­дайды айттық. Біздің өтінішімізге шар­уа­шылық басшылығы түсіністікпен қарап, тиісті мамандарға тапсырма берілетінін жеткізді. Бізге бекітілген үш студенттің тақырыбы спорт­тық ба­ғыт­тағы жылқы шаруашылығы бола­тын. Шаруашылықтың осы салаға жауап­ты мамандары Мәди Қайырхан, Елена Тұрсынова бізбен байланысқа шы­ғып, қажет мәліметтер, деректермен қам­­тамасыз етуге ниет білдірді. Қа­зір алын­ған деректерді Ш.Бақыт, С.Айт­мұрат, Ә.Нұр­ма­ханбетова секілді сту­дент­­тер талдап зерделеу үстінде.

Сөйтіп тығырықтан шығатын жол табы­лып, мәселе оңтайлы шешімін тапты. 

 

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті