Әдебиет • 11 Мамыр, 2020

Абай тойына арналған мүшәйра өз мәресіне жетті

972 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Өскемен қаласы әкімдігі, Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында жарияланған «Өлең – сөздің патшасы» атты республикалық онлайн мүшәйрасы өз мәресіне жетті.

Абай тойына арналған мүшәйра өз мәресіне жетті

Жас ақындардың онлайн мүшәйрасына өлеңдер 15 сәуір – 5 мамыр аралығында қабылданған болатын. Жыр додасына 18 бен 35 жас аралығындағы 130-дан астам жас ақыннан өлеңдер келіп түскен.

Жас буынның таланты мен талғамына, поэтикалық қарымы мен қуатына ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызы; ақын Бауыржан Бабажанұлы Өтеулиев; ақын Әлібек Шегебай; ақын, Махамбет сыйлығының иегері Бақытгүл Бабаш; ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин қазылық етті.

Хакім Абайдың мерейтойы қарсаңында онлайн өткен өлең бәйгесі көптеген жас ақындардың қаламалыстарын байқатты. Осы орайда:
«Есімдері танылып, өлеңдері қазақ поэзиясының көңіл қуантарлық туындысына айналып үлгірген сақа ақындар мен поэзия бәйгесіне келіп қосылған жас ақындардың жырларына қуандық. Жаңа есімдер жарқырап көрінсе екен, қазақ поэзиясынан өз орындарын алып үлгерген ақындарымыз іздерін басып, өздерін өкшелеп келе жатқан буынның тынысын сезіп, өлең сөздің өлмейтініне бек сенімді болсын деген ниетпен жастардың «ішіндегі жастарына» барынша қолдау білдіруді мақсат еттік», дейді ұйымдастырушылар.

Сонымен аталған мүшәйрада төмендегі талантты ақындар үздік деп танылды.

Бірінші орын: Дәурен Тілеухан (700 мың)
Екінші орын : Ерболат Қуатбек, Тасқын Болатұлы (әрқайсысы 500 мыңнан)
Үшінші орын: Айнұр Төлеу, Біржан Ахмер, Қуаныш Еркінұлы (әрқайсысы 300 мыңнан)

АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ:
Нұрлан Мәукенұлы атындағы сыйлық – Мирас Асан (200 мың)
Бауыржан Үсенов атындағы сыйлық – Мерей Қарт (200 мың)
Аманхан Әлімұлы атындағы сыйлық – Асылбек Жаңбырбай (200 мың)
Серік Ғабдуллин атындағы сыйлық – Бауыржан Әлқожа (200 мың)
Ғалым Байбатыров атындағы сыйлық – Жанат Жаңқашұлы (200 мың)
Хамит Балшабеков атындағы сыйлық – Рауан Қабиолдин (200 мың)