Біз Розовка ауылында орналасқан «Киров» серіктестігіне Антуан Лекривен есімді француз жігітін іздеп келдік. Газеттің белгілеген жоспары бойынша, осы жазып отырған мақаламыз тамыз айында шығу керек еді, бірақ, жігітіміз Францияға, Парижге демалысқа кетіп қалып, біраз күтіп қалдық. Елінен келіп отырған беті осы екен.

Біз Розовка ауылында орналасқан «Киров» серіктестігіне Антуан Лекривен есімді француз жігітін іздеп келдік. Газеттің белгілеген жоспары бойынша, осы жазып отырған мақаламыз тамыз айында шығу керек еді, бірақ, жігітіміз Францияға, Парижге демалысқа кетіп қалып, біраз күтіп қалдық. Елінен келіп отырған беті осы екен.

– Туған жердің аты туған жер, сағынасың ғой. Әке-шешем, атам осы жаққа, ауылды көргілері келіп, жақында ғана қонақ болып қайтты. Бәрінен бұрын мен оларға мына, кең көсіліп жатқан даланы көрсетіп, таңқалдырғым келген еді, – дейді Антуан. Енді міне, осы даладағы күзгі жиын-терін, қызу жұмыс басталды да кетті. Орыс тілін осы жаққа келгелі аздап үйреніп алыпты. Қазақ тілінде «жарайды», «рахмет», «сау бол» деген сөздерді айтады. «Жұқа нан салынған ет жеймін, дәмді сорпа ішемін. Қымыз қандай! Нан-тоқаш, бауырсақ көп», – дейді.
Мамандығы бойынша инженер-зоотехник 28 жастар Антуан Лекривен оқу бітірген соң, жас маман ретінде мал шаруашылығы жақсы өркендеген Австралияда, өз елі Францияда еңбек етіпті. Ауылдың 400-дей тұрғыны еңбек ететін серіктестікті басқарып отырғанына 4 жылдай уақыт болыпты. Жалпы «Киров» атындағы бұл шаруашылық 2008 жылы Францияның «Laktalis» компаниясының иелігіне өткені де белгілі. Ал, бұл компанияның Алматыдағы «Фудмастер» аталатын филиалы ауылдағы серіктестіктеріне қаржылай демеушілік жасап отыратын көрінеді. Жуырда, Розовка ауылындағы «Киров» атындағы серіктестікке сүт өнімдерін дайындайтын «Фудмастер» компаниясының өкілдері келіп қайтты. Серіктестікке қарасты егістік алқаптарын суару бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба жұмысын өз көздерімен көрді. Инвестициялар өңір экономикасы мен ауыл тұрғындарына көмек деген сөз. Осы «Фудмастер» компаниясы 2006 жылы Розовка ауылындағы «Киров» атындағы серіктестіктің өндірістік кешенін сатып алып, іске қосқан. Қазір серіктестіктен облыс орталығындағы сүт зауыты күніне 150 тонна шикізат қабылдайды. Кәсіпорын енді салқындатқыш құралдарының көмегімен жаз мезгілінде шығаратын сүт өнімдерінің мөлшерін көбейтуді қолға алуда.
Ал, «Киров» ЖШС алдағы уақытта өндірілетін сүттің жылдық көлемін 5,2 миллион литрге жеткізбекші. Сауын сиырлардың санын 1000 басқа, малдың қыстық жемшөбін әзірлеу үшін суармалы жер көлемін 1000 гектарға жеткізіп, одан 20500 тонна жемшөп жинауды жоспарлап отыр. Бұл күндері облыс орталығындағы «Фудмастер» компаниясының фермаларында дайындалған сүт өнімдері еліміздің солтүстік, орталық және батыс өңірлеріне жіберіледі. Негізінен француз жігіті берер өнімі мол кең даламен жұмыс жасаймын деп келген Павлодар ауданы облыс көлемінде қара мал өсіретін ірі шаруа қожалықтарымен ерекшеленеді. Мұнда мал, егін шаруашылығы жақсы дамыған.
– «Мангуст 21176», «Дубок 21020» атты элиталық рекордтар жасай алатын симменталды асыл тұқымды бұқаларын сатылымға қойдық. Екі жарым жасар «Дубок 21020 бұқасы» 615 келі салмақ жинаса, оның әкесі «Максимум 0740» 900 келі болды, – дейді Антуан.
Міне, біз Антуанның жеңіл көлігімен шегі жоқ шетсіздей көрінген жүгері алқаптарын аралап келеміз. Айнала толы жап-жасыл алқап, қаптаған жүгері. Піскен, тек жиналып алуын ғана күтіп тұр.
– Даланың ауасы қандай! Сіз қаладан келдіңіз ғой, қараңызшы дала қандай керемет! Ал, бізде мұндай дала жоқ қой, – дейді ол сүйсінісін жасыра алмай. Ауылда өскен біз сонау Францияда туған мына жігітке қарап, Парижге ғашық болудан гөрі – далаға ғашық болудың кереметі қалай болады екен, ә?!» – деп күлдік.
– Бұған әрине, сөз жоқ, сөз жоқ. Керемет! Байлық! Дала! Жер! – деді қайталап.
– Әйелің қарағандылық, бала-шағаң осы жерде болса, аралас некеден туған қазақ қаны бар қызымыз болса, біздің дала сені қайта Францияға жібере қоймас, – деп жатырмыз қалжыңдап.
– Бірақ, осындай тамаша елде, жерде, ауылда жүріп неге қазақ тілінде аз сөйлейсіздер? – деп сұрақ қойғанда үнсіз қалдық. Ұялған жеріміз осы болды. Ауылымыздың аты Киров, ауд анымыздың, облысымыздың аты Павлодар деймісің толып жатыр, шеттен келген француздың таңғалып тұрғаны да осы ғой. Шаруашылық басшысы Антуан Лекривеннің айтуынша, алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша сүт өндірісін дамытуға 150 миллион теңге көлемінде субсидия алу жоспарлануда. Өтініш аймақтық үйлестіру кеңесінің мәжілісінде қаралып, мақұлданыпты. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде екен. Шаруашылықта егіннің жайқалып, шығымды, дәнді болып өсуін агроном Зұлқарнайын Мұстафин қолға алған. Егістік алқабы жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы 250 гектар суармалы жер игерілсе, биыл тағы 150 гектар жер қосылмақ. Тіпті, ауыл мен алқаптар арасын қосатын 7,5 шақырымдық электр сымдарын да өткізіпті. Антуанмен бірге бригадир Виктор Фрик және бас инженер Артур Моргенштерн, тағы бір француз Элен Кийе еңбек етуде.
– Өкініштісі, – дейді Антуан, – шаруашылықта жұмыс жасауға адам қолы жетіспейді. Механизаторлар, сауыншылар аз.
Шаруашылыққа қарайтын 25 үй және 2 жатақхана бар. Жұмысшыларға ет арзан бағамен беріледі. Жерімізде, ауылымызда сонау Франциядан келіп Антуандар еңбек етіп жүргенде, біздің жастарымыз қалада жүргені көңіл құлазытады. Ауылдан жастар қашып кеткен бе деп қарадай ұяласың. Соңғы жылдары ауданда жерасты суларының көздері аршылып, бұрынғы артезиан құдықтары қайта қолданыла бастады. Бұл егістік жерлерді суаруға, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге де үлкен көмек. Ал, судың тапшылығы және құрғақшылық егін егуге кері әсерін тигізіп келді. Мысалы, Антуан Лекривен басқаратын серіктестік кеңестік кезеңнен қалған артезиан құдықтарын тазалауда. Жерасты су қорларын барлап, зерттеді. Нәтижесінде бітеліп қалған құдықтар қайта ашылды.
– Судың тапшылығы, егін егуге кедергі келтірді. Сондықтан, бұрынғы жерасты суларының ошақтарын пайдалануды жөн санадық. Біздің «Киров» серіктестігі осы жерді жасанды суару үшін, 90 миллион теңге қаржы шығарып, биыл 5 құдықты жөндеді. Осы жылы 250 гектар егін алқабын суарып отырмыз. Бұл жобаны 2018 жылға дейін жалғастырып, тағы 15 құдықты тазалап аламыз, – деп Антуан бізге өздері жүзеге асырған жұмыстарын көрсетіп жатыр. Құдықтары жаңа қондырғылармен жабдықталған. Егін алқаптарын суару кезінде ғана іске қосылады.
Иә, елiмiзде жерасты суларының көлемi қаншама мол болса да, ауылдарымыз әлі ауыз суға жарымай отыр. Бір есептен оған өзіміз де кінәліміз ғой.
Әйпесе, мына Антуандар сияқты талай жыл тазаланбай жатқан құдықтарды су шығарамын деп тазалап, электр сымдарын тартып, жарық жағып ауылдың өркендеуі үшін жұмыс жасап жүрмейміз бе?.. Бұл жұмыс неге біздің өзіміздің қолымыздан келмейді?..
– Жалпы, жерасты суларын түрлі мақсаттарға пайдалануға болады. Мәселен, мына жүгері алқабы тереңдігі 800 метр болатын бес артезиан құдығы арқылы суарылады. Құдықтан шыққан су ұзындығы 400 метр болатын фрегатқа таралып, егін алқаптары шашырату әдісі арқылы суарылады. Жерасты суларын пайдалану мол өнім алуға мүмкіндік береді, – дейді Анутан.
Жалпы, «Киров» серіктестігіндегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің жалпы көлемі 36561 гектарды құрайды. Соның 12 мың гектарына қыс мезгілінде малға беретін дәнді дақылдар егіледі. Қазіргі таңда осы жылға белгіленген жоспардың 50 пайыздан астамы орындалған. Сонымен бірге, жалпы көлемі 1000 гектар болатын суармалы алқап құру бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны 1144,0 миллион теңге тұрады. Серіктестіктің өткен жылғы инвестиция көлемі 100 миллион теңге болса, осы жылы салым мөлшерін 150 миллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Шаруашылықтың негізгі бағыты асыл тұқымды ірі қара мал өсіруге арналған. Мал басы – 1700. Өткен жылы бір сиырдан орташа есеппен 4657 литр сүт алыпты. Қарамағында мал шаруашылығы кешені және бірнеше суармалы техникалары, көктемгі егіс жұмыстары мен науқандық жинау жұмыстарына арналған 70-тен астам комбайн, тракторлары бар. Көпшілігі – соңғы үлгідегі заманауи техникалар. Шаруашылық ауылдың әлеуметтік саласына да демеуші. Мектеп пен балабақшаға тегін ет және сүт өнімдері беріледі. Франциядан келген Антуан әне, көлігіне мініп алқаптарды аралауға кең далаға беттеп кетіп барады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы.