Әскери қызметшінің мәйіті сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын жүргізу кезінде табылған еді. Қаза болған жауынгердің сақталып қалған медалі арқылы аты-жөні анықталды. Белгісіз жауынгер Қарағанды облысы, Шет ауданы Жастерек ауылының тумасы Медет Аманжолов болып шықты. Соғыс алдында ол әскерге шақырылып, 1941 жылы 24 жасында майданға аттанады. Ол 125-ші жеке атқыштар бригадасы сапында жауға қарсы соғысқан.
Жауынгердің туыстары əлі күнге дейін Шет ауданында тұрады. 1942 жылы отбасы Медет Аманжоловтың Смоленскіні қорғауда ерлікпен қаза болғаны туралы хат алады. Көптеген жыл бойы ұрпақтары оның жерленген жерін табуға тырысып, 78 жылдан кейін жауынгер Отанына оралды.
Соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасы жерлеу орнына барғысы келді, бірақ төтенше жағдайға байланысты мүмкіндік болмады. Қазақ жауынгерлерінің сүйектерін Отанына қайтаруға әскери авиация күштері қол жеткізді. Жақын арада Шет ауданының Ағадыр зиратында жауынгерді әскери құрметпен қайта жерлеу үшін туыстарына берілетін болады.