Президент прогрессивті салық төлеуді де ұсынды. Бұл қадамға бірден бара қоймасақ та, біртіндеп өтуіміз қажет. Прогрессивті салық нені білдіреді? Бұл дегеніміз айлығы онша жоғары емес азаматтар қазіргіге қарағанда салықты аз төлесе, айлығы жоғары азаматтар үшін салық мөлшері көбейеді деген сөз.
Белгілі болғандай, 4 жарым миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Халық арасында тепе-теңдікті сақтау үшін бұл бастама тиімді әрі дұрыс деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 15 млн шаршы метр немесе 150 мың үй мен пәтер салынатынын хабарлады. Қазіргі карантин кезінде халық үй алу үшін жинаған қаражатын жаратып қоюы мүмкін. Сол үшін баспаналы болудың мүмкіндіктерін арттыру көзделіп отыр. Бұған дейін қолданылып келген «7-20-25» бағдарламасының негізінде кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосу тапсырылды. Тапсырманы орындау үшін Мемлекет басшысы 390 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті. Осы ретте жаңа бағдарлама еліміздегі тұрғын үй бағасына да айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. 20 жыл мерзімге жоспарланған бағдарламаның сапалы жүргізіліп, тұрғын үйдің қолжетімді болуы – еліміз үшін маңызды.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты