Осы елдің ішінде үйленгеніне көп жыл болмаған жас отбасы өмір сүріпті. Олардың қолында әбден қартайған, асырауға мұқтаж кәрі әкелері бар екен. Жасында бағып-қағып өсіргеніне қарамай жас жігіт қарт әкесіне жөнді көңіл бөлмейді. О дүниеге аттанатын өлмелі шал ретінде қарайды. Қарияның қарны бірде аш, бірде тоқ, бала мен келіннің бергенін ішіп, бермесе сабыр сақтап, бір Құдайға ғана жалбарынып жата береді.
Қарияның жатқан жері мұндай жайсыз болар ма. Балалары болса бұтағы дұрыс аршылмаған тал ағаштан жасалған төсек-сәкіге жұқа төсеніш тастап, соған жатқызып қояды. Қарияның қарсыласуға қауқары жоқ, ағаш төсекте жамбасы тесіліп, көзі боталап жатады. Тек қана енді-енді есі кіріп келе жатқан төрт жасар немересі атасына келіп, маңдайынан сипап, сақалын тарап қасынан шықпайды.
Атасының ағаш батып, жауыр болған арқасын сипайды, жарасына май жағып көмектеседі. Атама бұлай жасамаңдар деп, өзінің әке-шешесіне айтып көреді. Олар әдеттегідей мән бермейді. Содан әбден амалы таусылған немере шағын ауланың ішіне жас шыбықтарды жинайды. Оларды нан жабатын пештің үстіне қойып шала кептіреді. Содан кейін асықпай тоқуды бастайды. Төрт жасар баланың қолынан әрине бірдеме келмесі анық. Бірақ жұмысын тоқтатпайды. Қашан көрсеңіз аулада шыбық тоқып отырғаны.
Содан бір күні баланың әке-шешесі: «сен осы не істеп жүрсің, мына жас шыбықтарды қайтесің?», деп сұрайды. Сонда бала: «Жас шыбықтардан сәкі-төсек тоқып жатырмын», дейді. «Оны қайтесің?». «Сіздер қартайғанда сонда жатқызамын», дейді. Сонда барып әке-шешесі есін жиған екен. Сол сәттен бастап әкесі қарияны жұмсақ төсекке жатқызып, күтіп бағыпты.