Қазіргі қоғамдағы дұшпаныңа да тілемейтін аурудың бірі – адамның иммун тапшылығы вирусы, яғни «ВИЧ» жұқпасы. Бұрын бұл сырқат көбіне есірткіқұмарлар мен жеңіл жүрістілерде кездессе, қазір ол адам талғамайтын болған. Медицина мамандарының айтуынша, бұл індет инфекция жұқтырғандардың жеке бас қайғысына айналмауы тиіс, оған көпшіліктің назарын аударту қажет. Бүгінде облыс бойынша 735 адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған деген дерек бар.
– Науқастарды біз тіркеуге алып, мемлекет есебінен емдейміз. Оларға жаңа дәрі-дәрмектер де беріледі. Мәселен, биыл науқастар осы дәрілердің арқасында өз денсаулықтарын біраз жақсартып алды. Жалпы, ВИЧ инфекциясын емдейтін дәрілер өте қымбат. Бірақ олардың барлығы мемлекет есебінен сатып алынады,–дейді облыстық СПИД-пен күресу және оның алдын-алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов.
Өткен жылдың осы мерзімінде қауіпті індетті жұқтырған 45 азамат тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары ВИЧ-инфекциясы бей-берекет жыныстық қатынас арқылы тарауда. Адамның ағзасын иммун тапшылығына ұшырататын дерттің дауасы бүгінге дейін табылмай тұр.