Білім • 12 Мамыр, 2020

Басқарма мен бөлімдерге білім беру мекемелеріне сауал жолдауға тиым салынды

786 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім беру бөлімдері мен басқармаларына ақпарат қажет болған жағдайда білім беру мекемелеріне сауал жолдауға тиым салынды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. 

Басқарма мен бөлімдерге білім беру мекемелеріне сауал жолдауға тиым салынды

– Білім және ғылым министрлігі тарапынан ҰБДҚ (Ұлттық білім беру деректер қоры) жүйесін жаңарту бойынша жүргізілген жұмыстар аяқталуға жақын.

Енді барлық өзекті ақпарат бірыңғай базада жинақталады, сондықтан қажетті мәлімет алу үшін сауал хаттар жіберіп, жауап күтуге уақыт шығындамауға болады. Мемлекеттік құрылымдардан (әкімдіктер, білім беру, полиция бөлімдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ҮЕҰ, біліктілікті арттыру институттары мен әдістемелік кабинеттер және т.б.) келіп түсетін көптеген сауалдарға жауап дайындау қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік бермейді және уақыт шығынын талап етеді, – деді министр.

А.Аймағамбетовтың айтуынша, баланың балабақшадағы, кейін мектептегі, колледж немесе ЖОО-дағы үлгерімі жайлы ақпарат, білім беру мекемелеріндегі толық мәлімет базада қамтылады. Сондықтан мектеп басшыларына сауал хаттарға жауап беруге уақыт жұмсаудың енді қажеті жоқ.

– Біз білім беру бөлімдері мен басқармаларына ақпарат қажет болған жағдайда білім беру мекемелеріне сауал жолдауға тиым салдық. Дегенмен, әлі кейбір мамандар қажет мәліметті ҰБДҚ-дан алғаннан гөрі мектептерге сауал хат жіберуді оңай көреді. Бірақ, бұл әдеттен арылу қажет. Жаңа ережелерді елемейтіндерге әкімшілік және тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады, – деді ведомство басшысы.