Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Теміртау: Тоғызыншы қабаттан автокөлікті «атқылаған»

627 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантин әсер етті ме, әлде өзі сондай көкдолы ма, әйтеуір Теміртауда тұратын қырық жастағы келіншек күйеуімен ұрысып қалғаннан кейін, тоғызыншы қабаттан үйдегі заттарды лақтыра бастаған.

Теміртау: Тоғызыншы қабаттан автокөлікті «атқылаған»

Лақтырғанда да, айдалаға емес, күйеуінің сүлікқара көлігіне дәлдеп тұрып лақтырған. Тоғызыншы қабаттың балконынан асқан дәлдікпен ұшқан ішінде суы бар пластмасса шөлмек, гүл өсіп тұрған құмыра, басқа да қатты заттар көлікке едәуір зақым келтіріпті. Темір тұлпардың төбесі майысып, мемлекеттік номер тағатын тетігі сынып, қапталындағы айнасының күл-паршасы шыққан.

Осы оқиғаның куәсі болып, оны ұялы телефонның камерасына түсірген тұрғандар, әгәраки, әлгі заттар адамның төбесіне түссе, бассүйегін ойып жіберер еді дегенді айтады.

Көп ұзамай полиция қызметкерлері тұрғындар түсірген бейне көрініс арқылы қызуқанды әйелді тауып, оған әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша айыппұл салды. Әйел мұндай қадамға отбасында болған кикілжіңнен кейін барғанын айтып, өз кінәсін мойындаған.

 

Қарағанды облысы