Тарих • 13 Мамыр, 2020

Бұйырмаған батыр атағы

810 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалағаштан әскерге алын­ған Ернияз Сәтов көп жылдар бойы хабарсыз кеткендер қата­рын­да саналып келген еді. Кейін­нен ғана Одер өзенінен өтерде оққа ұшып, бақилық болғаны анықталған жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен, бірақ бұйырғаны «Қызыл Жұлдыз» ордені болыпты. Оның өзі де туыстарына 1991 жылы табысталған.

Бұйырмаған батыр атағы

Ернияз Сәтовтің батыр ата­ғына ұсынылғаны жөнінде алғаш рет осы аудандағы «Жала­ғаш жаршысы» газеті жазды. Ма­қала авторы, газет редакторы Әзиз Батырбековке хабарласып, мәселенің мән-жайына қанықтық. Әріптесіміздің сіл­теуімен батырдың ағасының қы­зы Айжан апайды таптық.

– Бұл хабарды бізге Nur Otan партиясының облыстық филиалы мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері жеткізді. Негізі әкеміз атадан үш ағайынды. Үлкені – менің әкем Тәжі­бай, ортаншысы Шернияз, кішісі осы – Ернияз. Ернияз аға­мыз­дың дерегі кештеу болса да шық­ты, ал Шернияз хабарсыз кетті. Әкем Тәжібай оқу-ағарту са­ласында, ұзақ жыл партия қызметінде жемісті еңбек еткен, – дейді Айжан апай.

Ернияз Сәтов ауыл мекте­бін бітіріп, Қызылорда қаласын­да 2 жылдық курста оқыпты. 1918 жылы туған ол 21 жасын­да әскерге алынып, соғыс бас­талған соң майданда қала­ды. Жеңісті жақындатқан жауын­гердің ерлігі туралы «Подвиг народа» және «Память народа»  деп аталатын ресейлік сайттарда жазылған.

Ресейлік ақпарат құралда­рында тегі Сятов деп көрсетілген жерлесіміздің 1945 жылдың 9 наурызындағы Кюстрин қа­ласы үшін болған шайқаста үл­кен ерлік көрсеткені баяндалады. Біздің жауынгерлерге бас көтертпей қойған жау пулеметшісінің жатқан жерін анықтап, граната тастап жарып жіберген. Осы ұрыста жал­­ғыз өзі 14 неміс сарбазы мен бір офицерінің көзін жо­йып­ты. Взводын бастап, жау ты­лы­на өтіп,  50 фашисті тұт­қындаған екен.  Бір әттеген-айы, батырдың хаты да, суреті де сақ­талмаған. 

Ерлігі елеусіз қалған батыр есімін ұлықтау бастамасы Nur Otan партиясының «Ар­дагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қолға алынып отыр екен. Қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының «Ұмы­тылған қаһармандар» атты кітабында Ернияз Сәтов ерлігі лайықты бағаланбай қалған майдангерлердің бірі ретінде аталады. Кітапта Ернияз сияқ­ты Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынылып, бірақ әртүр­лі себептермен бұл жоғары марапатты ала алмай қалған тағы 3 қызылордалық майдангер туралы дерек бар. 

Ернияз Сәтовті Кеңес Ода­­ғының Батыры атағына 1368-ші атқыштар полкінің ко­ман­дирі, подполковник В.Кур­ка­цишвили 1945 жылдың 19 наурызында ұсыныпты. Төрт күннен кейін бұл ұсынысқа 416-ші дивизия командирі, генерал-майор Д.Сызранов қол қояды. Осы жылғы 2 сәуірде әскери кеңестің шешімі шығып, оны 5-ші армия қолбасшысы генерал-лейтенант Н.Берзарин, кеңес мүшесі, генерал-лейтенант Ф. Боков  қолдарын қойып, бекітеді.

Бірақ неге екені белгісіз қан­­дай ұрыста да қаймығып қал­май, алдыңғы шептен табыл­ған жауынгердің ерлігі «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен баға­лана­ды.    

Партия филиалының қызмет­керлері Ернияз Сәтовпен қатар «Ұмытылған қаһармандар» кітабында есімдері аталатын Ор­да Ержанов, Пірімжар Бай­маханұлы, Мұса Рыскелдиев секілді ерлер есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қалалық, аудандық ономастикалық ко­мис­­сияларға ұсыныс енгізді.

– Ағамызға берілген  «Қызыл Жұлдыз» ордені Жалағашқа жеткенде әкем бар еді, інісінің ха­бары шыққанына қатты қуан­ғанын әлі ұмытпаймын. Ал әжеміз Үмітай Шернияз бен Ер­ниязын өмір бойы жоқтап өтті. Алтынбек Қоразбаев айтатын «Қара кемпір» әні соғыстан кеткен ұлының хабарын үмітпен күткен күллі аналардың зар-мұңы ғой. Менің әжем де жылай-жылай екі көзден қалып, 1977 жылы 90 жасында қайтыс болды, – дейді батырдың қарын­дасы.     

Осылайша жерлесімізге со­нау 1945 жылы берілуі тиіс на­гра­даның хабары 75 жылдан кейін белгілі болып отыр. Бұл ер­лік­тің ел жадынан ешқашан өш­пей­тіндігінің дәлелі болса керек.

 

Қызылорда