Руханият • 13 Мамыр, 2020

Қан майданның куәгері

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шалқар ауданынан соғысқа 7200-дей жауынгер аттанып, 1500-ге жуығы ғана елге аман-есен оралған. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін аудан бойынша жалғыз ардагер тойлады. Оның есімі тоқсаннан асса да салтанатты шаралардың сәнін кіргізіп, шаршы топта көпке батасын беріп жүрген Шудабай Тақай. Уақытында қария тыл мен майданда тең жүріп тер төгіпті. Бұлай деуге оның өмір жолының өзі дәлел. Шудабай ата 1926 жылы ауданға қарасты Жаңажол колхозында дүниеге келеді. Ол кішкентайынан ат жалында ойнап өседі. Өйткені оларды заманы солай ыңғайлап, бұғанасы бекіместен ауылға тән қара жұмысқа жегеді.

Қан майданның куәгері

– Соғыстың басталғанын біз Қарашеген деген жерде отырғанымызда ауылы­мыз­да пошташы болып жұмыс істейтін кісіден естідік. Со­ғыстың не екенін де біл­мей­міз. Бірақ сол хабар жеткенде үлкен кісілердің өңдерінің бұ­зыл­­ғанын көріп, бір жаман­дықтың болғанын жас бол­сақ та сездік. Әркімнің май­дан­ға аттанып жатқанын көз­бен көрдік. 1942 жылдың кү­зінде жоғарының шешімі бо­йынша, біздің Жаңажол кол­хозының қоғамдық малын Талдықорған облысына көшіретін болды. Мен осы мал айдасушылардың қатарына ендім. Жолда Қы­зылорда облысының Терең­өз­ек стансасына табан тіре­дік. Осы жерге келген кезде жоға­ры­дан көшке тоқтау салып, алдымыздағы малды осында бір жылдай қыстататын болдық. Қыстаққа түскен сол кездегі мал саны – 600 қой, 80 жылқы, 80 сиыр және 9 түйе. Сөйтіп, 1943 жылдың маусым айында малды түгелдей Шалқарға қайта айдадық. Арты­нан білгеніміздей, бұл ер­сілі-қарсылы мал айда­уы­мыз­дың себебінің өзі – со­ғыс­тан сақтанудың бір шаралары екен, – дейді майдангер қарт.

Он сегіз жастағы Шудабай 1944 жылы аудандық әске­ри комиссариатының ша­қыр­туы­мен әскер қатары­на алынады. Онымен бірге Шалқардан Бақыт Әбуов, Сермұхан Сайымов, Қой­шы­бай Есенқұлов, Күзенбай Мақашов, Жұмабек Құдияров есімді азаматтар бірге кетеді.

Олар Ресейдің Чкалов (қа­зіргі Орынбор) қаласында за­­пас­тағы 92-дивизияның құрамында болып, төрт ай арнайы әскери дайындықтан өтеді. Майдангердің айтуынша, сол кезде олар Берлин үшін ақтық шайқасқа дайындалыпты. Нағыз қақтығысқа сайдың тасындай жа­уынгерлер іріктелген. Сол Берлин түбіндегі шайқаста Шудабай Тақай да болады.

– Сөйтіп, бізді Берлинге әкелді. Бұл 1945 жылдың сәуір айы болатын. Кеңес жа­уын­­­герлері осы айдың ая­ғын­да Германия астанасын қор­шау­ға алды. Ең алғашқы болып 57384-ші артиллерия полкы ұрысқа кірісті. Мен осы полк­тың құрамында зеңбірек көз­деушісі болдым. Берлин қа­ласына қуаты мықты артил­ле­риядан қатты соққылар бе­рі­ліп жатты. Немістердің бас қаласына бірінші болып генерал Сухов бастаған бронды танк жауынгерлері басып кірді. Сол жерде көп­те­ген достарымыз ерлік­пен қаза тапты. Мен де сол қо­лымнан ауыр жарақат алып, екі айдай Бранденбург қала­сын­дағы №3253 госпиталына таңылдым. Жеңіске жет­ке­ні­мізді осы госпитальда жатып естідім. Қалай десек те, соғыстың жарасы жүрегімізде әлі тұр. Осы соғыс салдарынан ІІ топ мүгедегі атандым. Өскелең ұрпақ мұндай қасіретті көрмесін, деп өт­кенді ауыр күрсініп есіне алды кейіпкеріміз.

Соғыс аяқталғанымен, ол елге бірден оралмайды. 1946-1947 жылдары Бран­ден­бург қаласындағы артил­ле­рия пол­кін­де училищеде оқып, аға сержант ше­нін алады. Содан жас жауын­гер­лерді 1950 жылдың 13 қара­шасына дейін кәнігі артил­лерист мамандығына оқытып, полк құру ісіне белсене атсалысады. Осы жерде жауынгердің еңбегі еленіп, бірқатар марапатқа ие болады. Соның бірі 1950 жылы полковник Юдкиннің қолы қойылған «Үздік артиллерист» төсбелгісі болатын.

Майдангер соғыстан елге оралғанда Шалқар ауданында халықтың тұрмысы, әлеу­меттік жағдайы ауыр кезең еді. Әсіресе, ауыл шаруа­шы­лығы тұралап жатты. Ол осы мал шаруашылығын бір жолға қою жұмысына белсене атсалысады.

Майдангер Шудабай Та­қай «Германияны жеңгені үшін», «Польшаны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», маршал Жуковтың ме­далін, Екінші дүниежүзілік соғы­сы­ның ордендерімен, Же­ңістің әр жылдардағы мере­келік медальдарымен марапатталған. Отбасында әлі күнге дейін шүйір­келесіп отырған қоса­ғы Бәдигүл әжемен 11 бала өсі­ріп, одан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отырған өне­гелі қариялар. Жылда үрім-бұтақтары Ұлы Жеңіс мере­ке­сін осы ата мен әже отырған киелі шаңыраққа келіп тойлайды.

Ардагер жастар алдында берген батасында ылғи өске­лең буынның өмірлері со­ғыс­қа ұрынбауын, мәңгілік бей­біт­ші­лік болуын тілейді.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Ақтөбе облысы