Тарих • 13 Мамыр, 2020

Абылайдың ақ үйі – патриотизм ошағы

336 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Петропавлда «Абылайдың ақ үйі» аталған тарихи үйдің қирап, сүрудің аз-ақ алдында қалған жерінен оның баға жетпес ескерткіш екенін дәлелдеп ақсақалдар мен журналистер аман алып қалған еді. Әсіресе, қазір «Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген Жақсыбай Самрат ағамыздың еңбегі зор.

Абылайдың ақ үйі – патриотизм ошағы

Ол Абылайға Петропавл қорғанының қарсысында хан­ның өзі­нің және патша­лықтың жер­гі­лікті әкімшілігінің ұсы­ны­сы­­мен ІІ Екатерина патшайым қыстық үй салдырғанын дә­лел­дей­тін құжаттар іздеп елі­­міз­дегі барлық архивтерді, дерек­терді ақтарумен қоймай бір шеті Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларының архив­те­ріне де барып, жұмыс істе­ген. Ақыры оның жұмысы нәти­желі болып, Мәскеудегі Сырт­қы істер министрлігінің архи­вінен Абы­лай­ға салынған үйдің жоспары табылды. Ал Омбы қаласының архивінен үй салуға шеберлердің жібе­ріл­гені және Абылайдың олар­дың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ететіндігі жөнінде де құ­жат­тар табылды. Соның арқа­сында енді құлатамыз, жер бе­ті­­нен жоқ қыламыз деген үй қай­тадан жанданып, жөндеу жұмыстары басталған. Ал оны «құлату керек» деген шешімді жергілікті өлкетатанушыларды қатарына қосып алған мәдени мұраларды қорғауға міндетті шенеуніктердің өздері болған еді...

Абылайдың ақ үйін қорғауға ақсақалдар арасынан Кенжебек Әбішев атамыз үлкен еңбек сіңірген. Үйді қорғау жөнінде алғаш рет әңгіме қозғап, оны Жақсыбай Самратқа жеткізген де сол атамыз марқұм. Жергілікті әкімдік тарапынан сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов ағамыздың да еңбегін атап айтқан жөн. Ол Жақсыбай Самрат пен облыстық архивтің сол кездегі директоры Жұқаш Қосыбаевтың Санкт-Петербург са­парын қаржыландыруға кө­мек­­тескен еді.

Ал құжаттар табылғаннан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дарламасының аясында үйді қал­пына келтіруге бюджет­тен алынатын қаражатты бөл­ді­руге күш салған сол жыл­дардағы облыстың әкімі Т.Мансұров еді. Ол кісі үй­дің тарихи маңыз­ын бірд­ен түсініп, оны қал­пына келтіру шығынын «Мәдени мұра» бағдарламасына бөлінген қара­жаттар қатарына енгізе алды. Екі-үш жылға созылған жөн­деу жұмыстарынан кейін Абы­лай­дың ақ үйі 2008 жылғы та­мыз­­да музей ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың лентасын қиюымен есігін ай­қара ашты.

Міне, осы ағаларымыздың арқасында қазір Қызылжар қаласында «Абылайдың ақ үйі» резиденциясы музейі ретінде асқақтап тұр. Қалаға алыс-жақы­н­нан келген қонақтардың оған кірмейтіні жоқ шығар. Тіпті, алыстан туыстарына келген қонақтар да Абылайдың үйіне соқпай кетпейді. Соның арқа­сында жылына 25-30 мың адам музейдің қона­ғы болады. Қала және облыс мектептерінің оқушылары үлкен топ­пен экскурсияға келеді. ЖОО мен орта арнаулы оқу орын­да­рының студенттері де біздің жиі қонағымыз. Біз ғана емес бар­лық журналистер, білікті адамдар Абылайдың ақ үйін облыс­­тағы ең басты тарихи мұра деп санайды. Оған келген жас­­тарға отандық патриотизм рухы егіліп, әңгімелер айтылады. Талай жастың көздерінде жарқ еткен ұшқын пайда болатынын да білеміз. Әсіресе, «Аңырақай соғысының» экспозициясы және Абылай ханның балауыздан жасалған мүсініне жастар құмартады. Олардың алдында жас балғындардың ұзағырақ тұратынын байқаймыз. Соны­мен бірге оларға қазақ­тар­дың қару-жарақтары да қызы­ғу­шы­лық тудырады. Осын­дағы көріністерден кейін талай жас қазақ тарихына қызығушылық білдіріп, сұрақтары көбейетінін тарих пәні мұғалімдерінің аузы­нан жиі естиміз. Экс­ку­р­­сияға келгендерге біздің көп жылдардан бері қызмет атқа­ратын білікті мамандары­мыз Гүлнәр Жұмабекова, Людмила Шераухова және т.б. Абылайдың қызметі мен ХVІІІ ғасырдағы қазақ өмірінен әңгі­ме­лер айтады. Қазір музейде директорымыз Аян Садаев бас­та­ған 30 шақты адам қызмет етеді. Тек оған республикалық мәртебенің берілуі шешілмей тұр. Абылай ханның еліміздегі жалғыз музейі болса да оған осы мәртебе әлі берілмей-ақ қойды.

Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 75 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есінде» атты патриоттық көрме ұйым­дас­тыр­дық. Карантин күндерінде де музейіміз жұмысын жал­ғас­ты­рып, онлайн режімде жұмыс істеді. Біз көрермендерге 25-тен астам онлайн тақырыптық экскурсиялар, музей сабақтары, дәрістер мен интерактивті шаралар ұсындық. Ол 4500-5000-дай көрерменді қамтыды. Жалпы, біздің музейіміз облыстағы патриотизм ошағы деуімізге толық негіз бар.

 

Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,

«Абылай хан резиденциясы» музейі директорының орынбасары

 

ПЕТРОПАВЛ