Ол Абылайға Петропавл қорғанының қарсысында ханның өзінің және патшалықтың жергілікті әкімшілігінің ұсынысымен ІІ Екатерина патшайым қыстық үй салдырғанын дәлелдейтін құжаттар іздеп еліміздегі барлық архивтерді, деректерді ақтарумен қоймай бір шеті Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларының архивтеріне де барып, жұмыс істеген. Ақыры оның жұмысы нәтижелі болып, Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің архивінен Абылайға салынған үйдің жоспары табылды. Ал Омбы қаласының архивінен үй салуға шеберлердің жіберілгені және Абылайдың олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігі жөнінде де құжаттар табылды. Соның арқасында енді құлатамыз, жер бетінен жоқ қыламыз деген үй қайтадан жанданып, жөндеу жұмыстары басталған. Ал оны «құлату керек» деген шешімді жергілікті өлкетатанушыларды қатарына қосып алған мәдени мұраларды қорғауға міндетті шенеуніктердің өздері болған еді...
Абылайдың ақ үйін қорғауға ақсақалдар арасынан Кенжебек Әбішев атамыз үлкен еңбек сіңірген. Үйді қорғау жөнінде алғаш рет әңгіме қозғап, оны Жақсыбай Самратқа жеткізген де сол атамыз марқұм. Жергілікті әкімдік тарапынан сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Қуат Есімханов ағамыздың да еңбегін атап айтқан жөн. Ол Жақсыбай Самрат пен облыстық архивтің сол кездегі директоры Жұқаш Қосыбаевтың Санкт-Петербург сапарын қаржыландыруға көмектескен еді.
Ал құжаттар табылғаннан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында үйді қалпына келтіруге бюджеттен алынатын қаражатты бөлдіруге күш салған сол жылдардағы облыстың әкімі Т.Мансұров еді. Ол кісі үйдің тарихи маңызын бірден түсініп, оны қалпына келтіру шығынын «Мәдени мұра» бағдарламасына бөлінген қаражаттар қатарына енгізе алды. Екі-үш жылға созылған жөндеу жұмыстарынан кейін Абылайдың ақ үйі 2008 жылғы тамызда музей ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың лентасын қиюымен есігін айқара ашты.
Міне, осы ағаларымыздың арқасында қазір Қызылжар қаласында «Абылайдың ақ үйі» резиденциясы музейі ретінде асқақтап тұр. Қалаға алыс-жақыннан келген қонақтардың оған кірмейтіні жоқ шығар. Тіпті, алыстан туыстарына келген қонақтар да Абылайдың үйіне соқпай кетпейді. Соның арқасында жылына 25-30 мың адам музейдің қонағы болады. Қала және облыс мектептерінің оқушылары үлкен топпен экскурсияға келеді. ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарының студенттері де біздің жиі қонағымыз. Біз ғана емес барлық журналистер, білікті адамдар Абылайдың ақ үйін облыстағы ең басты тарихи мұра деп санайды. Оған келген жастарға отандық патриотизм рухы егіліп, әңгімелер айтылады. Талай жастың көздерінде жарқ еткен ұшқын пайда болатынын да білеміз. Әсіресе, «Аңырақай соғысының» экспозициясы және Абылай ханның балауыздан жасалған мүсініне жастар құмартады. Олардың алдында жас балғындардың ұзағырақ тұратынын байқаймыз. Сонымен бірге оларға қазақтардың қару-жарақтары да қызығушылық тудырады. Осындағы көріністерден кейін талай жас қазақ тарихына қызығушылық білдіріп, сұрақтары көбейетінін тарих пәні мұғалімдерінің аузынан жиі естиміз. Экскурсияға келгендерге біздің көп жылдардан бері қызмет атқаратын білікті мамандарымыз Гүлнәр Жұмабекова, Людмила Шераухова және т.б. Абылайдың қызметі мен ХVІІІ ғасырдағы қазақ өмірінен әңгімелер айтады. Қазір музейде директорымыз Аян Садаев бастаған 30 шақты адам қызмет етеді. Тек оған республикалық мәртебенің берілуі шешілмей тұр. Абылай ханның еліміздегі жалғыз музейі болса да оған осы мәртебе әлі берілмей-ақ қойды.
Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 75 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есінде» атты патриоттық көрме ұйымдастырдық. Карантин күндерінде де музейіміз жұмысын жалғастырып, онлайн режімде жұмыс істеді. Біз көрермендерге 25-тен астам онлайн тақырыптық экскурсиялар, музей сабақтары, дәрістер мен интерактивті шаралар ұсындық. Ол 4500-5000-дай көрерменді қамтыды. Жалпы, біздің музейіміз облыстағы патриотизм ошағы деуімізге толық негіз бар.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
«Абылай хан резиденциясы» музейі директорының орынбасары
ПЕТРОПАВЛ