Алдағы уақыт жоғары биліктен тартып төменгі негізгі сатыға дейінгі атқамінер азаматтардың ары алдындағы сын сағаты болмақ. Күллі әлем әбігерге түсіп, адамдарды үрей билеп, тіршіліктен береке кеткен келеңсіз жағдайда әрі-сәрі күй кешкеніміз рас. Отбасымыздан Отанымызға дейін, әулетімізден әлемге дейін жүрек күпті, шарасыз күй кешкен шақта сабырлы да салмақты ой айтып, отандастарымызды орнықтыру үлкен көрегендік болды. Бауыржан Момышұлы «Жеңістің кепілі – психикалық үрейді жеңу», деген екен. Әр істің басында сенімділік, тәуекелшілдік, тұрақтылық тұратыны анық. Ендеше, топ бастайтын көсемнің осындай сын сағатта суырылып алға шығып жол бастай білуі бәрінен маңызды екені бұрыннан келе жатқан қағида. Аталған сұхбатта Президент тығырықтан шығудың механизмдерін қоса ұсынып отырғаны қуантады.
Індеттің салдарынан әр мемлекет шекарасын қымтап, етек жеңін жинады, тәуелсіздік пен қауіпсіздік күн тәртібіне қойылды. Осы кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдына шығып халықтың қам-қайғысымен, проблемасымен ортақтасты. Енді міне, ерекше сипатқа ие маңызды сұхбатты назарымызға ұсынып отыр.
Аталған сұхбаттың өн бойынан көңілге қонымды, уақыттың қысылтаяң сәтінен қалай құтылуға болатын құнды дүниелерді аңғардым. Коронавирус пандемиясына қарсы күреске Ұлттық қордан алты триллион теңге жұмсалғанын біліп, мемлекетіміздің әлеуетіне сүйсіндім. 42 500 теңге көмектің төрт миллион адамға екі ай бойы берілгенін көріп таң қалдым. «Ел иесіз болмайды» деген осы емес пе?!.. Жұмыссыздықты жою үшін жастарды негіз етіп, 250 мың адамды жаңадан жұмыспен қамту керемет көрсеткіш. Шынында, бұл өскелең ұрпақтың мемлекетке сенімін арттырып, болашаққа құштарлығын оятады. Пандемия кезінде халықтың тәртіпке бағынып, бірлікті сақтап оқшаулануға дағдыланғанын көрдік. Тұтас қоғам тез арада қашықтан жұмыс істеуге бірден үйлесіп кетуінің өзі қазақстандықтардың қарым-қабілетінің арта түскенін әйгіледі. Азық-түлік мәселесі де ұлттық орнықтылықтың кепілі болғандықтан, ол жағында реттеп ұстап отырғаны көңіл қуантады. Осыларды көрген соң, әл-Фарабидің «Бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» құру идеясы мен хакім Абайдың «Толық адам» ұстанымының заңды жалғасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасымен рухтас, өзектес екеніне көзіміз жетті. Осындай оңды шешім жасай алған адам ғана «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» заңнамасын жаңалауға қадам басар еді. «Қарсылық тек қана қарсылықты тудырады». Сол себепті диалог пен сұхбаттасу ортақ шешім табуға алып келеді. Шынында бұл заң қабылданса, Президентіміз айтқандай «Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат» болары анық. Еліміздің басты заң шығару құрылымы болған Мәжіліс пен Сенаттың құрамында әйелдер мен жастардың көрсеткіші отыз пайызға дейін арттырылуы қазақ қоғамына сөзсіз жаңа серпін берері сөзсіз. «Парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру» идеясы жоғарыда айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуымыздың алғашқы баспалдағы екенін сезіп отырмын. Көзқарастары әр алуан болғанымен осы елде жасап отырған әр адам еліміздің дамуын, кемелденуін аңсайды. Оның ішкі сырымен, озық пікірімен санасу мемлекет мүддесі үшін өте қажет-ақ!..
Президентіміздің 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялауының қаншалықты дұрыс болғанын пандемиядан сақтану шарасы кезінде жақсы түсіндік. Волонтерлер мемлекет қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, халықтың ауыртпалығын бірге көтерісті. Денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыра түсу заманның талабы екенін карантин кезі дәлелдеді. Сол үшін мемлекет тарапынан медицинаны дамыту жедел қолға алынып жатқаны қуантады. Бұл да Президенттің алдыңғы мақаласындағы «Халықтың денсаулығы ұлттық қауіпсіздігіміздің бір бөлігі» екенінің дәлелі болмақ. «Күшті Президент – Ықпалды парламент – Есеп беретін үкімет» формуласы тұтас қоғамның күткен арманы дер едім.
«Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Қазақтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген Президент сөзінің астарында үлкен шындық жатыр. Дүниеге көз жүгіртсек, бір тілді елдер ғана күшті, орнықты өмір сүріп отыр. Ұйытар тілі жоқ, бірлестірер ұраны жоқ елді берекесіздік жайлағанын көрер едік. «Тілі екеудің проблемасы төртеу» деп екіленбей айтуға болады. Оқу-ағарту білім жүйесіне көңіл бөлініп, ұстаздар қауымының дәрежесін көтеру, олардың білім сапасы мен еңбек ақысын жоғарылату мәселесін тікелей қолға алуы да құптарлық шара. Өйткені «Болашағын ойлаған ел алдымен ұрпақ тәрбиелейді». Жұмысы жоқ, ойсыз, жалқау ұрпақ бой көрсеткен елдің болашағы бұлыңғыр. Сұхбатта келесі бір айтылған мәселе, «Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу.
...Сондықтан еңбекке баулу – жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек» делінген екен. Менің сөзімнің де түйіні осы дана шешім болмақ.
Ахметжан АШИРИ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері