Саясат • 13 Мамыр, 2020

Президенттің алғысы ұстаздарға күш-жігер берді

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты қазіргідей коро­навирус індеті жер-жаһанды шар­пып отырған әлемдік дағдарыс кезін­де елімізді сол қиындықтардан сүріндір­мей алып шығуға бағытталған бағдар­ламалық сұхбат болды десек асыра айт­қанымыз емес.

Президенттің алғысы ұстаздарға күш-жігер берді

Бұл сұхбат Прези­денттің жуыр­дағы Қазақстан халқы­на жасаған Мәлім­демесімен сабақтасып, оны толықтыра түсті деуге негіз бар. Сондай-ақ мұн­да Президенттің басшылығымен елі­міз­де бір жыл ішінде атқарылған жұмыс­тар­дың қорытындысы ел назарына ұсы­нылып отыр.

Президент атап өткендей, пандемия әлем халқына, оның ішінде біздің Қа­зақстан жұртшылығына да үлкен сы­нақ болды. «Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар.

...Әрине, мұн­дай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұ­ғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде», дейді Қ.Тоқаев осы сұхбатында.

Мемлекет басшысы Қазақстанда дағ­дарысқа қарсы шаралар кешенді түрде жасалып жатқанын атап өтті. Бұл шаралар экономика және банк секторын дамытумен бірге әлеуметтік маңызды ба­ғыттарды қамтиды. Біріншіден, 4,2 миллион адамға 42 500 теңгеден арнайы кө­мек пен 1 млн-ға жуық жандарды азық-түлікпен және қажетті заттармен қам­тамасыз ету осы кезеңде жұмыссыз қал­ған және мұқтаж кісілерге үлкен көмек болды.

Екіншіден, экономиканың түрлі салалары мен кәсіпкерлікті қолдауға үлкен күш салынуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бөлінген
1 триллион теңге жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттары мен несие беруге жұмсалатын болды. Бір жарым миллионнан астам кәсіпкердің салықтар мен міндетті төлемдер мерзімі ұзартылып, несиесін қайтару мерзімін кейінге шегеру төтенше жағдай кезіндегі қызметтері тұрып қалған кіші және орта бизнеске үлкен көмек.

Үшіншіден, еліміздің экономика­сын­да ерекше орын алатын ауыл шаруа­­шы­лығына басты назар аударылу­да. Пре­зидент бүгінгі күні басты міндет егіс нау­қанын уақтылы өткізуге қажетті жағдай жасалғанын көрсетті. Бұл бағытқа 200 млрд теңге, оның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға бөлінгені диқандар мен шаруа қожалықтарына көп жеңілдік беретін болды.

Сұхбатта айтылған банк жүйесін қол­дау, теңге бағамын тұрақтандыру, халық­ты азық-түлікпен, баспанамен қамта­масыз етуді жақсарту, сарабдал сырт­қы саясат жүргізу арқылы халық­аралық қатынастарды дамыту сияқты өзекті мәселелер еліміздің стратегиялық дамуының басымды бағыттарын іске асыруды айқын айғағын көрсетеді.

Мемлекет басшысы пандемия­мен күресіп жүрген медицина қызметкер­леріне жасалып отырған қолдау-көмек туралы да нақты айтты. Төтеннен келген індет денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласында шешімін күткен көптеген өзекті мәселенің бар екенін көрсетті. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, дәрігерлерге берілетін әлеу­меттік кепілдік аясын кеңейтіп, ынта­лан­дыру жүйесін жетілдіру қажет. Екін­шіден, елімізде медициналық-биоло­гиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осылайша Президент Қ.Тоқаев денсаулық сақтау айбынды әс­кер­мен бірге мемлекеттің негізгі қалқа­ны, ұлт­тық қауіпсіздіктің маңызды бір саласы екенін атап көрсетті.

Сұхбатта білім беру саласы да назардан тыс қалмады. Президент еліміздің оқу орындары қашықтан оқыта бас­тағ­ан кезде көптеген қиындыққа тап болғанымызды еске алды. «Телесабақ, интернет-платформадағы сабақтар ұйымдастырылды. ...Жергілікті атқа­ру­шы органдар мұғалімдер мен оқу­шыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. ...Осының нәтижесінде, қашықтықтан оқыту қазір қалыпқа түсті», – деді Президент. Осы сөздердің артында қашықтықтан оқы­туды ұйым­дас­тырудағы ұстаздардың, білім беру мекемелері, саланың және аймақ бас­шыларының орасан еңбегі жатқаны белгілі. Сол себепті, Мемлекет басшысының «...Шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін», деген сөздерін білім беру саласының қызметкерлері айрықша ынтамен қарсы алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ризашылығы ұстаздардың бекзат та қадірлі істеріне берілген өте жоғары баға ғана емес халқымызға сол еңбекті бағалаудың үлгісін көрсетеді. Біз осы бағалау барлығымызға орасан күш-жігер беретін күш екенін атай келе, Прези­ден­тімізге зор алғысымызды білдіреміз.

Мемлекет басшысы әлемнің көптеген жоғары оқу орны қашықтан оқыту әдісін біраздан пайдаланып келе жатқанын, сондықтан алдағы уақытта бізде де онлайн жүйесін жетілдіре түсу керектігін ескертті. Иә, осы айтылған коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері біздің Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университеті де студент­терін үйлеріне қайтарып, олармен онлайн дәрістер өткізуде. Қашықтықтан оқыту жағдайында оқу үдерісінің сапалы жүргізілуі біздің басты назарымызда. Қазір алдағы сессия мен қорытынды емтихандарды талап деңгейінде өткі­зуге толығымен әзірлік жүргізілді. Сон­дықтан біз оқу жылындағы барлық жос­парларымызды толық аяқтаймыз.

Президент өткен жолғы Мәлімдемесі мен осы сұхбатында еліміздегі интернет байланысын дамыту және жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сапалы өзгерістер жасап іске асыру мін­деті мемлекетіміздің құзырында бола­тынын айтты. Бұл еліміздің эконо­ми­касының барлық саласының оның ішінде білім берудің (әсіресе қашықтықтан оқытудың) дамуына ерекше үлес қоса­тыны сөзсіз.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор