Медицина • 13 Мамыр, 2020

Мамандығыммен мақтанамын

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі мейірбикелер екен. Соған сай мейірбикелердің денсаулық сақтау саласындағы қызметінің маңызы да зор. Өйткені емдеу ісінде біздің қызметіміз өте маңызды, жауапты, сондай-ақ асқан төзімділікті талап етеді.

Мамандығыммен мақтанамын

1990 жылы Балқаш қаласын­дағы медициналық колледжді бітіргеннен бері осы салада еңбек етіп келемін. 2006 жылы елордадағы №11 қалалық емханасына ауыстым. Өзім таңдаған мамандығым болғандықтан қандай қиындықтар мен қауіп-қатерге қарамай білек сыбана кірісуге тиіспін деп есептеймін. Әрине жұмыс жүктемесінің ауырлығынан ішкі дүниеміз кей кездері алай-дүлей болып жататыны бар. Ондайда жағымсыз ойлар мен жабырқаңқы көңіл күйді есіктің сырт жағында қал­ды­рып, әр пациентке күлімсі­реген күйде қызмет көрсетуге,  біз­ден медет тілеп келген нау­қас­тардан жасыруға тура келеді.

Әрине әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы болаты­ны анық. Өз басым осы салада еңбек етіп жүргенімді мақ­тан тұтамын. Яғни өз маман­ды­ғыммен мақтанамын. Медици­на­лық көмекке мұқтаж әрбір адам­ға жанымызды салып қыз­мет ету – біздің борышымыз. Біз дәрі­герлердің көмекшілері ретін­де профилактикалық іс-шара­лар жүргізуге, дәрілік заттар­ды тағайындау мен беруге, нау­қастарды алғашқы қарап-тексеру, қарапайым ме­дици­налық манипуляциялар, ана мен бала денсаулығын бақы­лау сияқты үрдістерге тікелей қатысамыз. Сонымен бірге қарт кісілер, аяғы ауыр әйелдер, балалар мен созылмалы аур­улары бар қарттарға үй жағ­дайында көмек көрсету, күтім мен әрі қарай емді жалғас­тыру­дың біріктірілген жүйесін ұйым­дастыру, дені сау және дис­пансерлік есепте тұрған науқас­тармен жұмыс істеуде бізге өте үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Мейірбикелер адам денсау­лығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрады. Пациенттермен бірінші болып қарым-қатынас жасайтын емхана қызметкерлері екені анық. Соған қарамастан біз бәріне сақадай сай дайын болдық. Өз емханамызға қарайтын қарт кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге және балалар мен созылмалы аурулары бар үлкендерге дәрі-дәрмектерін волонтерлер арқылы жеткізіп отырдық.

Міне, біздің жауапты да қа­жет­ті қызметіміз қай кезде де ма­­ңы­зын еш жоймақ емес. Сон­дық­­тан болар әлемді әлекке сал­ған қауіпті індетпен күрес кезінд­е де ақ желеңді жандардың еңбе­к­те­рі еленді. Мемлекет басшы­сы Қа­сым-Жомарт Тоқаев меди­цина қыз­мет­кер­леріне сыйақы тағ­а­йын­­дап, үлкен демеу көрсет­ті. Бұл – бізге көрсетілген зор құр­мет. Бұл біздің кәсіби жауап­кер­­ші­­лі­гімізді арттырмаса, әлсірет­пейді.

 

Саяжан МҰҚАТАЕВА,

Нұр-Сұлтан қалалық №11 емхананың мейірбикесі