Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Степногорскте 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Степногорск қаласында соңғы 30 жылда алғаш рет 45 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйден баспаналы болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Степногорскте 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Көп балалы ана Зәуре Қалиева жаңа пәтерде қоныс тойын тойлаған бақытты отбасы өкілдерінің бірі. Ол жылдар бойы баспана жалдап тұруға мәжбүр болған. Жолдасы қайтыс болған соң, бала тәрбиесі мен перзенттерін асырау бір өзінің мойнында еді. Аспазшы болып жұмыс істейтін Зәуренің жалақысына атаулы әлеуметтік төлем үлкен көмек. Үлкен қызы да жұмыс істеп,  анасына қолғабыс етеді.

– Мен 10 жыл бойы үй кезегінде тұрдым. Жуырда жаңа пәтерге қол жеткіздім. Үш бөлмелі пәтерім өте кең, жарық. Ең бастысы, балаларыма ұнайды. Қанша жыл пәтер жалдап тұрдық, баспанадан көп қиындық көрдік. Жаңа пәтердің кілті қолыма тиісімен бірден жүгіріп келіп, есік-терезелерді, еденді жуып, қашан көшкенімше асық болдым,– дейді көпбалалы ана.

Көпқабатты үй республикалық және жергілікті бюджеттің қаржысына салынды. Барлығы 45 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынғандықтан, 30 пәтері кезектегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына берілді.

Степногорск қаласында биыл тағы бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сөйтіп жыл соңына дейін тағы 45 отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда.