Әлем • 13 Мамыр, 2020

Мұхтар Тілеуберді ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты. Аталған іс-шара бейнеконференция форматында Ресей Федерациясының төрағалығымен өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Мұхтар Тілеуберді ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

Іс-шара барысында сыртқысаяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры халықаралық және аймақтық күн тәртібінің аса өзекті мәселелері, сондай-ақ жаңа коронавирус індетінің пандемиясы жағдайындағы ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ынтымақтастығы бойынша пікір алмасты.

Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері жаңа ахуалдағы сауда-экономикалық саладағы өзара әрекеттесу мәселелерін және Ұйымның халықаралық қызметін қарастырды. Бұдан басқа 2020 жылғы шілде айында өтетін ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің басшылары Кеңесінің отырысына дайындық барысы, сонымен қатар Ұйымның ағымдағы қызметі бойынша басқа да шешімдер талқыланды.

Отырыстың нәтижесі бойынша ШЫҰ мүше-мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің COVID-19 пандемиясына байланысты мәлімдемесі қабылданды. Атап айтқанда халықтың санитарлық-эпидемиялық саулығын қамтамасыз етудегі әр мемлекеттің рөлі мен жауапкершілігі, сондай-ақ пандемиямен күрес батыл, келісілген және көпжақты инклюзивті шаралардың талап ететіндігі айтылды.

Министрлер ШЫҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар және бірлестіктермен коронавирус індетімен күресудегі өзара тиімді әрекеттесуін құптады.