Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Қызылорда: 1823 кәсіпкерге ғимарат жалдауда жеңілдік жасалды

798 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

Қызылорда: 1823 кәсіпкерге ғимарат жалдауда  жеңілдік жасалды

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер үшін аса үлкен мәселелердің бірі ғимаратты жалдау ақысы болды. Карантин жағдайында жұмысын тоқтатуға мәжбүр болғандардың көбі оны төлей алмайтын еді. Кәсіпті дамыту үшін деп алған несиелері, 2 айға жуық уақыт жұмыссыз отыру айтарлықтай қаржылық қиындықтарға алып келді.

Бұл мәселе кәсіпкерлер палатасының назарынан тыс қалған жоқ.

- Жергілікті атқарушы органмен бірге ғимараттарын жалға беріп отырған кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздік. Оның барысында облыс бойынша көлемі 2000 шаршы метрден асатын ғимараты бар  отыздан астам кәсіпкер жалға алушы 1823 бизнес өкіліне жеңілдік жасайтынын жеткізді. Келіссөздердің басы-қасында болған жергілікті атқарушы органдарға да, ғимарат иелеріне де айтар алғысымыз шексіз,- дейді палата директоры.

Атап айтқанда, 2 сауда үйі 127 кәсіпкерге 50 пайыз, 1 сауда үйі 57 кәсіп иесіне 30 пайыз, 12 сауда нысаны 1372 бизнес өкіліне 20 пайыз жалдау ақысынан жеңілдік жасаған.

Ал Жаңақорған ауданындағы «Нұр» базары, «Нұр-Асыл», «Аркен» сауда үйлері, Қазалы ауданында «Мусаев», «Орын-Ай», «Ару-Илия» базарлары мен «Береке», «Бәйтерек» сауда үйлері, Қызылорда қаласындағы «Сәулет» базары иелері төтенше жағдай уақытында кәсіпкерлерді 100 пайыз жеңілдіктен босатты. Бұл да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары өз кезегінде кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер, несиені төлеу мерзімін шегерту, уақытша жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілгендерге әлеуметтік төлем алу мәселелерінде кеңестер беріп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.