Бұл міндеттің орындалуы қалай?
Қазір әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Бұл міндеттің орындалуы қалай?
Қазір әлем елдерінің әлеуметтік әлеуеті, жалпы хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Иә, әлемді әлекке салған қаржылық дағдарыстың салдары да осы жұмыссыздыққа кеп жұғысқан болатын. Талай елде береке кетіп, басына қиын күн туды. Мұндайда, «жұмысы жоқтық ашындырар адам баласын» демеске амалың жоқ. Себебі әлемде орын алып жатқан көтерілісшілердің көпшілігі, бей-берекет бүліктің, тіпті қантөгістің құрбандарының көбі осы жұмыссыз жүргендер еді.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, 2007 жылы қаржылық дағдарыс басталғаннан бері әлемде жұмыссыздық деңгейі 28 млн. адамға көбейіпті, ал 2009 жылы 199 млн. адам жұмыстан босатылған. Одан кейін жұмыссыздық шамалы азайғанымен, 2012 жылдан бастап қайтадан арта бастады. 2012 жылы олардың қатары 197 млн. адамға жеткен. Ал 2013 жылы әлемде жұмыссыздық деңгейі 5 млн.-нан артып, 202 млн. адамға жетуі мүмкін деп болжанған. 2014 жылы жұмыссыздар қатары тағы 3 млн. адамға көбейіп, 2017 жылы 210,6 млн. адамға жетеді-мыс. Дүние жүзіндегі экономикалық белсенді халықтың арасында жұмыссыздар қатары 6 пайыз деңгейінде болмақ.
Швейцарияның Женева қаласында орналасқан Халықаралық еңбек ұйымы әлемде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы – шамамен 75 миллион адам жұмыссыз қалған деп отыр. Олар «әлемде 6 миллионнан астам азамат жұмыс табудан үмітін үзген» деп хабарлаған. Осындай мәліметтермен дабыл қаққан Халықаралық еңбек ұйымы әлем елдерінің үкіметтерін жұмыс орнын ашу мәселесін «ең басты мақсат» деп қарастыруға шақырған болатын. Ұйым өкілі Хосе Мануэль Салазар-Ксиринакс «Дағдарыс деңгейіне жеткен жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы жұмыс орнын ашу мен шешім шығару үрдістеріндегі басты мақсатқа айналып, жекеменшік секторындағы инвестиция айтарлықтай дамыса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін» деген дейді G-Global коммуникативті алаңы жариялаған ақпарат көзі. Олай болса, жұмыссыздықпен күрес бүкіл жаһан жұртының басты міндеті болса керек.
Жаһандағы жағымсыз жаңалықтың жаңғырығы бізге де жұмыссыздық жайына бейжай қарауға болмайтындығын еске салатындай. Ендеше, елдегі жағдай қалай, енді соған тоқталайық.
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2010 жылы 5,8 пайызды құрап, 2011 жылы 5,4 пайызға дейін төмендеген болатын. 2012 жылы 5,3 пайыз, ал 2013 жылғы қаңтарда – 5,4, мамырда 5,3 пайызды құраған.
Қазір елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету, яғни жұмысбастылықты көтеру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясаты жүзеге асырылуда. Осыған байланысты «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаны орындау аясында 2016 жылға қарай 1,5 миллион адамды жұмыспен қамту қарастырылуда.
Бағдарлама негізінен 4 бағыттан құралған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бірінші бағыт, яғни білім беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша, кәсіптік білім беру аясында бүгінде 95,7 мың адам білім алып, 58,7 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасып, 31 мың адам халықаралық тәжірибеден өтіпті. Былтыр әлеуметтік жұмыс орындарына 27 373 адам орналасса, биыл 19 370 адам жұмысқа тұрған. Өткен жылы уақытша жұмыс орындарынан 21,5 пайызы, биыл 33,3 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Екінші бағыт арқылы, ол дегеніміз ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамтамасыз ете отырып, ауыл ішіндегі кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу, 11 мың адам кәсіпкерліктің негізі бойынша білім алған. Былтырғы жылы 6572 бағдарлама қатысушысы 12 млрд. 368,3 млн. теңге көлеміндегі шағын несиемен қамтамасыз етілді. Еңбек ресурстарын ың тиімділігін арттыруды көздейтін келесі бағыт бойынша 2011-2013 жылдарға 1211 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бүгінде соның 801-нің құрылысы аяқталған. Инфрақұрылымды дамыту арқылы халық көп шоғырланған ауылдарды дамыту негізінде 2700 отбасы әлеуеті төмен ауылдардан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары елді мекендерге қоныс аударды. Былтыр төртінші бағыт бойынша «Халық көп қоныстанған ауылдарды дамыту» бағдарламасын іске асыру кезеңі басталған. Нәтижесінде 565 жоба жүзеге асып, ауылды жерлерде 7,3 мың жұмыс орны ашылыпты.
Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру үшін 169,4 млрд. теңге қарастырылған. Оның 54,5 млрд. теңгесі кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмысқа орналастыруға, 32,9 млрд. теңге кәсіпкерлікті дамытуға, 26,9 млрд. теңге еңбек ресурстарының тиімділігін арттыруға, 42,3 млрд. теңге халық көп шоғырланған ауылдарды дамытуға бөлінген.
Негізінен бұл бағдарламаны жүзеге асыратын бірден-бір тиісті мекеме ол – жұмыспен қамту орталықтары. 2011 жылдан бастап еліміздің барлық облыстарында және Астана, Алматы қалаларында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыратын жұмыспен қамту орталықтары құрылған болатын. Ал осы жұмыспен қамту орталықтары халықты қаншалықты жұмыспен қамтып жатыр дегенге келсек, оған жоғарыда аталған көрсеткіштер жауап бола алады.
«Жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтып жатыр ма?» деген сауалдың жауабын биыл жазда өткен республикалық «Мамандықтар жәрмеңкесінен» де іздеп көрдік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі ақпараттық талдау орталығының мәліметтеріне қарағанда, биыл жазда еліміздің аймақтарында өткен аталмыш шараға 40,1 мыңнан астам адам қатысыпты. Олардың 61 пайызы, яғни 24,4 мың адам – жұмыссыздар, 23 пайызы немесе 9,3 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 5206 жұмыс беруші 31275 бос жұмыс орындары туралы жариялап, бұл жұмыс орындарына 10127 адам жолдама алып, оның 78,5 пайызы немесе 7953 адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, 517 оқу орны қатысып, олармен 1013 келісімшарт жасалған. 1505 адам оқуға, оның ішінде 632 адам немесе 42 пайызы кәсіптік дайындыққа жіберіліпті. Жәрмеңкеде жалпы құрылыс мамандықтарына деген сұранысы жоғары болғандығы байқалған. Сұранысы жоғарылар қатарында одан әрі мұғалім және дәрігер сынды мамандықтар тұр.
Қалай болғанда да, елімізде жұмыспен қамту жөнінде жұмыстар жүйелі жүріп жатқандай. Тек еңбекке деген ынта-жігер болса болғаны, екі қолға бір күрек табылады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».