Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Сыр бойында жасыл желек аз

510 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты жыл бұрын облыс орталығына «Жібек жолы» ка­налы тартылғанда дария жағасында тұрса да аяқсудан тап­шылық көріп отырған қалалықтар бір қуанып қалып еді. Бұл бастама, әсіресе қаланы көгалдандырумен айналысып жүрген табиғат жанашырларының жұмысына серпін бергендей болған. Бірақ содан бері біраз жылдың жүзі ауса да шаһардың жасыл желегі жұрт күткендей жайқалып кете қойған жоқ.

Сыр бойында жасыл желек аз

Қазір ел арасында «Осы уа­қытқа дейін егілген тал-дарақтың күтімі дұрыс болғанда Сырдың бойы әлдеқашан ну орманға ай­налар еді» деген пікір де айтылып қалады. Осы пікірдің жетегімен біз де біраз ізденіп көрдік. Мысалы, судың әр тамшысы алтынға бағаланатын Араб Әмірліктерінде абаттандыруға айрықша мән береді. Өзен тұрмақ жылап ағар жылғасы да жоқ біраз ел көркейту-көгалдандыру жағынан бізден көш ілгері кеткен. Жарайды, жырақтағыны қоя тұрайықшы, кәрі Каспийдің жағасына орын тепкен Ақтау қаласында әр дарақ­тың түбіне көлікпен су та­сып құяды екен. Олардың жанын­да өзен жағасында отырып өзегі талған біздікі енді ұят тірлік тіпті. 

Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Бұл бағытта біраз шаруа­ның басы қайырылғанын айтпағанымыз дұрыс болмас. Осы­дан 12 жыл бұрын қала сыр­тынан Тұңғыш Президент сая­­­­ба­ғының құрылысы басталып, Қы­зылордада «жасыл белдеу» қалыптас­ты­рудың алғашқы қада­мы жасалды. Жыл сайын бұл саябақтың аумағы ұлғайып келеді.

Жалпы, өңірді көгалдан­дыруға деген бетбұрыс сонау тоқсаныншы жылдардағы «Жасыл өлке – 2000» бағдарлама­сынан бастау алады. Ел экономикасы тұралап қалған тұста жергілікті ауқымда абаттандыру бағдар­ламасын қолға алудың өзі үлкен ерлік еді. Сол бағдарлама аясында қазір үйлер салынып, жаңа ауданға айналып кеткен Арай саяжайлық алқабына сырттан әкеліп егілген біраз тал-дарақ жерсініп, жақсы бой алып кетті.

Екі мыңыншы жылдардың басын­да ауыл-аймақты абаттан­дыруға мем­ле­кет­тік деңгейде мән беріле бастады.  Осы тұстағы аудан орталықтары мен ауыл­дарда табиғатты аялауға үндеген бил­бордтар науқанның қаншалықты қызу жүргізілгенін байқатса керек. Бірақ шаралар нақтыланып, әр саланың мін­деті белгіленіп берілгенімен тал егілген аумаққа аяқсу жетпегендіктен бұл іс­тен нәтиже шықпады. Барлық жұмыс көк­темде арығы да, қарығы да жоқ жерге шы­бық шаншып, күзде қурай жинаумен бітті. 

Материалды дайындау барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғауды пайдалану басқармасының мәліметіне көз жүгірттік.  Биыл  Қар­мақ­­шы ауданында 31 мыңға жуық көшет егіліпті. 15 мыңнан аса шы­бық шаншыған қазалылықтардың да көр­сеткіші жаман емес. Шиеліліктер егіл­ген көшет санын 14 мыңнан асырса, Жалағаш ауданы аумағына 11 400 данасы отыр­­ғызылған. Жаңақорған – 6000, Сыр­­дария – 5000, ал Арал ауданы 1820 тал егіпті.

Сөйтіп бұл жұмысқа 544 млн теңге жұмсалып, 4553 адам, 128 техника жұмылдырылған. Осы есепке жүгінсек, биыл облыс ор­талығынан бөлек аудан­дардың өзінде 80 мыңнан астам көшет егілген болып шығады. Бұған соңғы 5-6 жылда егіл­ген шыбық санын қоссақ, шынымен де Сыр бойының сың­сы­ған ну орманға айналатын кезі әлдеқашан жеткенін бағам­дайсыз. Айтпақшы, мамандар дер кезінде егілген талдың 70 пайызы бой алып кететінін айтады. Осы есеппен алғанның өзін­де мына отырғызылған көшет саны торғай миын қай­натар ыс­тықта тығы­ларға жер таппай қалатын біздің тақия­мызға тар келмес еді-ау.

Облыс орталығындағы аяқсу жүретін көше бойлары мен аллея, саябақтарға 3 мыңға жуық кө­шет отырғызылып, күтіп-баптау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Қосымша 5 мың түп қаламша және дайын тұр. Тұң­ғыш Президент саябағы, қалалық сая­бақ, «Сыр Ана» монументі мен орта­лық көшелер бойындағы 42 мың шар­шы метр аумаққа гүлдер мен гүлзарлар отырғызылуда.

Жалпы биыл Қызылорда қала­сындағы саябақтарға аяқсу жет­кізуде жақсы бастамалар бар. Жылда қаң­сып жататын Ба­тыр­хан Шүкенов саябағына «Сарқырама» арнасы ар­қылы су жетіп тұр. «Тағзым» ала­ңын­дағы өскіндерді арнайы қазылған ұңғыма арқылы суландыру жоспарлануда. Қаланың шет аймағы саналатын Шанхай мен әл-Фа­раби аудандарына су жеткізу үшін «Қызылжарма» каналының ар­насы тазаланды.

Осы күні қаладағы арық­тардың біразының көзі бітел­ген. Бұл ретте әрине шаһар­да алақандай жер қал­дыр­мастан құрылыс сала берген тұр­ғындардың да кінәсі аз емес. Жал­пы облыс орталығын кө­гал­дандыру бағытында ерік­тілер­ден құрылған жұмысшы тобы­ның мүшесі Ерлан Мұсаев биыл қала әкімдігімен жүйелі жұмыс істеудің арқасында орта­лық көшелерге су келетінін айтады.

Ешбір үгіттеусіз қаланы көр­кей­­ту-көгалдандырумен айналысып жүр­ген еріктілердің тағы бірі – Болат Нұрхожаев. Соңғы жылдар бедерінде белсенді азамат өңір климатына төзімді жергілікті ағаш көшеттерін егіп, оған су жеткізіп, өзгелерді осы іске жұмылдырып жүр.

– Біраз жылғы тәжірибемнен түй­генім – бізге қолайлысы терек, үйең­кі мен қарағаш. Осы үшеуі жергілікті жердің климатына әбден бейімделген. Қазір көшелерде жаз бойы бір тамшы су ішпесе де тамырын тереңге жіберген қарағаштар көп. Тағы бір жергілікті тұқым – Сыр талын лайық көретіндер бар. Бірақ ол суды көп қажет етеді және морт сынғыш болып келеді. Біздің өңір үшін бұл қол емес, – дейді ол.

Бұл жерде көп мәселе тұр­ғын­дар­дың өзіне де байланысты. Әркім өз ауласын көгалдандыру арқылы жақ­сы іске бастамашы бола алады. Кө­шет­тің де көңілден көк­тейтінін ұмытпасақ екен.

 

ҚЫЗЫЛОРДА