26 Қыркүйек, 2013

Мағжан әлемі

1143 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай халықтың болмасын әде­биеті мен өнері сол жұрттың мә­дениетінің қайнары, тереңге бой­лаған рухани тамыры екені ақиқат. Сол рухани тамырды тамыр­шыдай тап басып халқының мәдениеті мен өнерін өрге сүйрер даналар қай халықта да бар десек, қазақ жұртының жоғын іздеп, қиын-қыстау кезеңдерде еліне тұтқа бола білген атпал азаматымыздың бірі де бірегейі Мағжан Жұмабаев екені белгілі. Мағжан Жұмабаев шығармашылығына ең алғаш баға бергендердің бірі Мұхтар Әуезов Мағжанның сөзінің болашаққа анық жететіндігін тілге тиек етсе, көркем сөз шебері Жүсіпбек Аймауытов «...ол сыршыл, тол­ға­ғыш, суретші, сөз ұстасы, түр­шіл, романтик, мәдениетшіл, күн­шы­ғысшыл ақын», деп шынайы бағасын береді. Ал Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабында Мағжанның мөп-мөлдір асыл лирикасы ынта-ықылас қойған әрбір адамның ішкі жан-дүниесін байыта түсетінін атап көрсеткен.

ERA 4687

ERA 4699

Биыл осындай кемеңгер ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толып, ел-жұрты мәртебесін асырып жер-жерде атап өтті. Осыған орай ел көлемінде біраз игілікті шаралар да жүзеге асырылды. Мәселен, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2013 жылғы 28 мамырдан бастап номиналдық құны 50 теңгелік Мағжан Жұмабаевтың 120 жыл­дығына арналған ескерткіш монетаны айналысқа шығарды. Сол сияқты, «Тұранфильм» студия­сы түсірген ақынның өмірін, шы­ғармаларын, азаматтық бет-бейнесін бейнелейтін кинотуын­дыны ел-жұрты жылы қабылдаса, Мә­дениет және ақпарат ми­нистрлігі мен Солтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімдігі бір­ле­сіп «Мағжан көктемі» II респуб­ли­калық өнер фестивалін өткізді.

Мағжан Жұмабаевтың өшпес өнегелі мол мұрасымен ел-жұрты тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толыққанды таныса алғаны белгілі. Шығармалары бірнеше том болып оқырманымен қауышса, сондай игілікті шаралардың бірі – «Мағжан» атты журналдың жа­рық көруі еді. Осыған орай елордадағы Ұлттық кітапханада «Мағжан» журналының алғашқы санының шығуына байланысты тұсаукесер рәсімі болып өтті. Оқырман қауым алдында алғашқы болып сөз алған Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов: «Тәуелсіздік алғаннан кейін біз тарихымыздағы ақтаңдақтарды ақтарып, бұрын білмей келген тарихшыларымызды, көсемдерімізді, хандарымызды, шешендерімізді, небір дүлдүл ақын-жазушыларымызды қайта тірілттік. Солардың бірі де бірегейі Мағжан Жұмабаев бо­лып табылады. Біздің ұрпақ Мағ­жан Жұмабаевты, әрине, білген жоқ. Мағжан Жұмабаев қазақтың ұлы ақыны, ұлт тағдырының жыршысы» дей келіп, «Мағжан» журналының жарыққа шығуына қамқорлық жасаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіровке көпшілік атынан рахмет айтып, бүгін бір облыстың күшімен шығарылып отырған журналды республика көлемінде шығарсақ та артықтық етпейді деді. Одан кейін сөз алған қоғам қайраткері, белгілі ақын Кәкімбек Салықов қолға ал­ған игілікті шара ұзағынан сүйін­дірсін дей келіп, журналдың әлі де көлемін қалыңдата түсіп, ғы­лыми дәрежесін жоғары дең­гей­ге көтере түсу керектігіне тоқ­талып, басылымның еліміздің барлық аймақтарына таралуына күш салу керектігіне тоқталып өтті. Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Алдан Смайылдың Мағжан есімін студенттік шағында алғаш естігендігі жөніндегі әң­гі­месі әсерлі шықса, педагогика ғылымдарының докторы, ұстаз Күлтас Құрманбай қатысып отыр­ған жастарға қарата Мағжан ата­ларының өлеңін оқыңдар, ол кісі махаббатты шегіне жеткізе жырлаға н дүлдүл ақын деп ағынан жарылды. Заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Мағжан» журналының жарық көруін еліміздің әдеби, мәдени өміріндегі елеулі оқиға деп бағалады.

Сондай-ақ, бас қосуда фило­логия ғылымдарының докторы, ғалым Серік Негимов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай, басқа да сөз алған азаматтар қа­лың оқырманмен қауышып отыр­ған әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Мағжан» журналына ізгі тілектерін білдіріп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Баянғали Әлімжан жүргізіп отырды.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар