26 Қыркүйек, 2013

Ормандағы ойран оқиғасы бойынша сот процесі басталып кетті

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты былтырғы жылғы тамыз айында Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағы аумағында жасалған жаппай кісі өліміне басты күдікті саналып отырған Саян Қайыровтың үстінен сот процесін бастады.

 

Бұрнағы күні Алматы қаласы Алмалы аудандық соты былтырғы жылғы тамыз айында Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағы аумағында жасалған жаппай кісі өліміне басты күдікті саналып отырған Саян Қайыровтың үстінен сот процесін бастады.

Сотта алдымен ұлттық саябақтағы 12 адамның өліміне байланысты алдын ала жабық режімдегі тыңдау болып өтті. Адвокат Жандос Бұлхайырдың сөзіне қарағанда, оның қорғауындағы азаматқа шекараны заңсыз кесіп өтіп, террорлық ұйымның жұмысына және Іле Алатауы ұлттық саябағындағы қанды қырғынға қатысқан, деген айып тағылып отырған көрінеді. Қорғаушы сондай-ақ, оған кісі өлтірді деген нақтылы айып тағыла қоймағанын айтады. Себебі, ол қанды қасап жасалып жатқан кезде Қырғызстанда болған сияқты.

Айыпталушы Саян Қайыровтың зайыбы Шынар Бисенбаева да осылай дейді. Ол күйеуінің бұл оқиғадан бір ай бұрын Қырғызстан жаққа сапарлап кеткенін жеткізді. Ол сондай-ақ, өзінің сол уақыттары содырлар ұлттық паркке құрған лагерьде болғанын да жоққа шығармайды. Айтуы бойынша, мұнда одан басқа тағы бірнеше әйел мен балалар болған. Кейін орманшы мен оның жақындары тап осы лагерьдің үстінен түседі. Олар сол үшін де өлтірілген болып шықты.

Осы тұста бір айта кететін жайт, содырлар қырғыннан соң өздерімен бірге 10 жасар Ислам деген баланы ала кетеді. Ал Бағанашыл ауылы тұсында болған арнайы операцияның кезінде бұл балақай қаза табады. Жоғарыда аталған Шынар Бисенбаева күйеуі Саян қамауға алынғаннан кейін оның өз ұлы екенін айтып жүрген көрінеді. Мұның қаншалықты рас-өтірік екені әзірге анықталған жоқ. Себебі, журналистердің тікелей қойған сұрақтарына әйел жауап беруден бас тартып отыр.

Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға 2012 жылғы 13 тамыз күні Алматыға таяу маңдағы Ақсай шатқалында орын алды. Осы жерде қылмыскерлер 12 адамды бауыздап өлтірді. Олардың арасында өзінің браконьерлерге ымырасыздығымен ерекше көзге түсіп келген егерь Панайот Захаропуло, оның әйелі мен қызметтес достары болған. Ал орманшының ұлы Игорь аяқ астынан жоқ болып кеткен. Оның кейінгі тағдыры жөнінде әлі күнге дейін нақты дерек жоқ.

Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Бостандық ауылының тумасы болып табылатын 1975 жылғы Саян Қайыров – ұйымдасқан қылмыскерлер тобы мен Іле Алатауы саябағында болған қанды қырғын туралы жан-жақты айтып бере алатын бірден-бір адам. Ол Қазақстандағы радикалды діни ағымның белсенді мүшесі болып табылады. Саябақтағы оқиғадан кейін оған бірден іздеу жарияланған. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері С.Қайыровты биылғы 16 мамырда Қырғызстанның Шу облысында пәтер жалдап жатқан жерінде қолға түсірді. Ұсталған кезінде оның қалтасынан Қазақстан азаматтығын білдіретін құжаттан бөлек, Қырғызстанның екі пас­порты шыққан. Осы іс бойынша екінші бір күдікті адам – Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тұрғыны, 1978 жылғы Зәуірбек Ботабаев әлі іздестіріліп жатыр.

Мұрат АЙТҚОЖА.

Соңғы жаңалықтар