–Жұмыс орындарының кемінде 50 пайызы жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы жұмыссыздарға ұсынылуы тиіс. Осы мақсатта биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 35 млрд 308 млн теңге бөлінді, деді осыған орай арнайы кеңес өткізген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Мәселен, аталған бағдарламаны іске асыру барысында тек Атырау қаласында 17 инфрақұрылымдық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 2028 жұмыс орны ашылады. Оның 1043-ін жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздарға ұсыну көзделіпті.
–Төтенше жағдай кезіндегі карантин режиміне байланысты мердігер мекемелер өз жұмыстарына енді кіріседі. Көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90 пайызын отандық өндірушілерден тауар сатып алуға жұмсауды жоспарлап отырмыз, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің пікірінше, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырғандар бар. Енді тұрақты жұмыс орнын ашып, бөлінген қаражатты мақсатты және уақытылы игеру қажет.
–Басты мақсат – аймақтағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу. Қосымша жұмыс орындарын ашып, оларды барынша тұрақты жұмыс орындарына айналдыру арқылы әр отбасының табыс көзін қамтамасыз ету керек, - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.