Үкімет • 14 Мамыр, 2020

А. Мамин Ақмола облысында егіс науқанының жүргізілу барысын тексерді

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапары аясында Ақмола облысында көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілу барысын тексерді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

А. Мамин Ақмола облысында егіс науқанының жүргізілу барысын тексерді

Биыл Ақмола облысында жаздық егіс аумағы 4,9 млн га құрайды, оның ішінде 4,4 млн га – дәнді дақыл. Бүгінгі таңда 581 мың га (жоспардың 13,1%) дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 39 мың га астам майлы (15,5%) және 51 мың га мал азығы (28,4%)  дақылдары егілген.  

Егіс жұмыстарына шамамен 32 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, атап айтсақ, 14 мыңнан астам трактор, 16 мың тұқым сепкіш, 1 250 егіс кешені. Өңірде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 68 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді, оның құны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша фермерлер үшін литрі 165 теңгеге дейін арзандатылған.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді оңтайлы мерзімде – 20-25 жұмыс күні ішінде аяқтау көзделген.

Үкімет басшысы Сандықтау және Ақкөл аудандарының алқаптарындағы егіс жұмыстарымен, жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасымен, дәнді және жем-шөп дақылдарын өңдеу және тазалау, сондай-ақ ет және сүт өнімдерінің өндірісін кеңейту жобаларымен танысты.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуын бақылау аясында Премьер-Министр Сандықтау ауданының Максимовка және Балкашино ауылдарында, сондай-ақ Ақкөл ауданының Еңбек ауылында болып, онда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын — абаттандырылған тұрғын үйлерді, денсаулық сақтау, білім беру және спорт мекемелерін аралап көрді.

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 3,5%-ға өсті. Өңделген ет өндірісі 22,1%-ға (19 мың тонна), сүт өнімдері 0,4%-ға (26 мың тонна), ұн 29%-ға (122 мың тонна) және өсімдік майы 42,1%-ға (8 мың тонна) өсті.

Ақмоланың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері елорда тұрғындарын ет және сүттің шамамен үштен бір бөлігімен (33% және 34%-ға), тағамдық жұмыртқамен – 94%-ға қамтамасыз етеді. Өңірде ет фермаларын құру жобалары жүзеге асырыла бастады, барлығы 7600 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алумен 111 ет фермасы салынады. 2400 бас ірі қара малға арналған 18 сүт-тауар фермасын ашу жыл сайынғы сүт өндірісін кем дегенде 40 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.