Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Атырау: Далада «қыдырған» бала

1674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Баланың  көңілі –далада» деген... Осы бір тәмсілді дәлелдегісі келді ме, кім білсін, Миялы селосында тұратын 15 жасар жасөспірім үйінен шығып кетіп, төрт күн бойы күндіз далада «қыдырып», түнде достарының үйіне қонып жүріпті.

Атырау: Далада «қыдырған» бала

Осынша күн үйіне келмеген баласы үшін алаңдаған анасы Қызылқоға аудандық полиция бөлімінен көмек сұрады. Бейбіт күнде ұшты-күйлі жоғалған жасөспірімді іздеуге аудандық полиция бөлімінің, округтердегі полиция бөлімшелерінің  жеке құрамы  жұмылды. Кәмелетке толмаған баланы жан-жақты  іздестіру үшін топ-топқа бөлінген сақшылар аудан аумағындағы ауыл-селоларды түгел тінтіп, далалық жолдарды да назардан тыс қалдырмады.

–Полиция бөлімінің  учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны А.Сарсенғалиев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция майоры Б.Байжан, патрульдік полиция аға инспекторы, полиция капитаны  Ж.Аманжолов, анықтаушы,  полиция лейтенанты О.Еламан, жедел уәкіл, полиция капитаны  Ш.Наурызғалиев  баланы Миялыдан 4-5 км жердегі далалықтағы жол бойынан тауып,  анасына  тапсырды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғалған жасөспірімнің анасы –1976 жылғы  азаматшаның айтуынша, ұлының үйде жоғына алғашқыда  соншалықты  мән бермепті.  Ұлын  атасының үйіне  кеткен болар деп ойлағанын жасырмайды. Өйткені, жасөспірім бұрын да   отбасындағыларға  айтпастан, аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан Қарабау елді мекеніндегі  атасының үйіне жиі кетіп жүріпті.

–Бұл жолы да солай болар деп ойладым. Бірақ, Қарабаудағыларға телефон шалғанда, оның келмегенін білдім. Баруы мүмкін-ау деген болжаммен, барлық туған-туыстардан сұрастырып, төрт күн бойы іздестірдім. Амалым таусылғасын, полицияның көмегіне  жүгіндім, дейді төрт  күннен кейін табылған жасөспірімнің анасы.

Ювеналды полиция тобының инспекторлары мен арнайы психолог-мамандар  баламен сөйлесіп,  дәрігерлер оның денсаулығын, дене жарақаттарының бар-жоғын тексерді. Ал, полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен  түсіндіру жұмысын жүргізді.

Ал, жоғалып-табылған баланың  айтуынша, үйінен шығарда жылы киімін, арқаға асатын сөмкесіне азық-түлік салып алыпты. Күндіз далада «қыдырып»,  түнде таныс достарының үйіне  қоныпты.

Сонда бұл бала күндіз далада не іздеп жүрді екен?