Қазақстан • 14 Мамыр, 2020

Алтын Ордаға жаңаша көзқараспен қарау керек

284 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет тарихы институты Ұлттық академиялық кітапханада Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Ұлық Ұлыс – Ұлы дала тарихы» атты онлайн конференция өткізді. Отандық ғалымдар мен шет елдік ғалымдар қатысқан үлкен жиынның тікелей эфирі Ұлттық академиялық кітапхананың Фейсбук парақшасында трансляция жасалды. Жалпы, конференцияның өзі Zoom платформасы арқылы жүргізілді. Осы жерде айта кету керек, конференцияны ғылымның маңайында жүрген мыңға жуық адам тамашалады.

Алтын Ордаға жаңаша көзқараспен қарау керек

Бұл жиынның мақсаты не? Тарих сахнасына 750 жыл бұрын шыққан Алтын Орданың өткеніне үңіліп, оны замана талаптарына сай ой елегінен өткізіп, ғылыми тұрғыда зерделеу, өрелі, еркін, жаңаша көзқарастарға жол ашу. Екіншіден, Ұлы империя ретіндегі рөлін бекіту. Бұл тұрғыда жаңа ғылыми еңбектер мен экспедицияларға бастамашы болу.

Онлайн-конференция Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаеваның құттықтау сөзімен ашылып, ары қарай алғашқы сөз кезегі Халықаралық түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәліге берілді. Ол ең алдымен «Алтын Орда» атауына қатысты пікір білдірді. Ғалымның дәлелдеуі бойынша бұл орыс, славян, батыс жылнамаларында хан сарайының сипатына қарай  қолданылған атау. Сондықтан ол үлкен империяның «Ұлық ұлыс» деген әдепкі атауын қайтару керек деген пікірде.

Алтын орда қаншалықты көп зерттелгенімен, әлі де зерттей түсуді қажет ететін тұстары көп екені рас. Бұл ретте Д.Қыдырәлі Үгедейдің немересі Хайдудың тұлғасы толық ашылмағанына, тарихи Талас құрылтайы  туралы зерттеулердің аздығына, сондай-ақ, Жошы ханның өмірге келуі мен өмірден өтуінде әлі зерделеуді қажет ететін тұстар бар екеніне назар аудартты.  Ұлытаудағы Жошы ханның ескерткіші Шыңғыс хан әулетінен, сол заманнан жеткен жалғыз мұра екені белгілі. Ғалым осы ескерткішке қатысты да мәліметтер берді.

«Президент тапсырмасына сәйкес жыл аясында атқарылар жұмыстар әлі көп. Халықаралық түркі академиясы да 2015 жылдан бастап бірқатар шаралар өткізді. Жиырма шақты кітаптың жарыққа шығуына үлес қосты»-деді ғалым.

Назарбаев университеті, Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлы Алтын Орда дәуіріндегі мемлекет басқару мен оған ру-тайпалардың ықпалы жөнінде баяндады. Ол ХІІІ-ХІV ғасырлардағы араб, парсы, түрік дереккөздеріне сүйеніп,  Алтын Орда ханының жанында төрт ұлыс бегі болғанын айтты. «Беклер бегі» деген арнайы титул осы төрт бектің ішіндегі басшыға берілгенін жеткізді. Жалы, ғалымның айтуынша, ұлыс бектері мемлекет басқаруда, хан сайлауда, әскер басқару ісінде, шет елдермен қарым-қатынаста өте ықпалды тұлғалар болған. Яғни, Алтын Орданың билігінде автократтық сипат болмаған. Юлай Шамилоғлы осы тұрғыда түркі ру тайпаларының тарихына анализ жасауға болатынына тоқталды.

Ш.Маржани атындағы тарих институтының ғылыми қызметкері, Алтын Орда және  татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев (Татарстан) онлайн-конференция барысында өз орталықтары атқарып жатқан істер туралы мәлімет берді. Конференцияға қатысып отырған ғалымдарға орталық шығарған журналдар мен кітаптарға қалай қол жеткізуге болатынын айтты. Оның негізгі баяндамасы Абу Бакр Каландер Румидің «Каландер-наме» кітабы төңірегінде болды. Түркияның Ақсарай қаласында туып, жоғары білім алған Абу Бакрдың Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсында ордада қызмет атқарғанын баяндаған Миргалеев Ибн Батутаның естелігінде айтылған Абу бакр туралы еске алды. Ғалым екеуі бір адам деген болжам жасайды. Кітап не туралы дегенге келсек, онда Өзбек пен Жәнібекке арналған бәйіттер, Құран сүрелері мен аяттары, түрлі мысалдар жазылған. Ең негізгі нәрсе ретінде Аллаға ғашықтық баяндалған. Ғалым осы кітап арқылы Алтын Орда дәуіріндегі ислам дініне қатысты сұрақтарға біршама мәлімет алуға болады деген пікірде. Оның ойынша осы күнге дейін Алтын Орда негізінен исламның сопылық бағытын ұстанды деген пікір басым болған. Ал, кітаптағы мәліметтерде ордада түрлі ислам дінінің түрлі ағымдары қатар өмір сүрген.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов өз баяндамасының басты тезисі ретінде Алтын Орданы «меншіктеуге» болмайтынын жеткізді. «Рас, Алтын Орданың мұрагерлері саналатын көптеген халықтар бар. Олардың көпшілігі мемлекетінің бастауында Алтын Орда тұрғанын дәлелдеп бере алады. Соның ішінде біз де мұрагерміз. Жошы ұлысының территориясы Қазақ хандығын қамтиды. Талас құрылтайы біздің территориямызда өткен. Алтын Орданың ірі орталықтарының бірі – Сарайшық біздің елде. Жошыға қойылған ескерткіш Ұлытауда. Ол Ұлытауда жерленген. Мұны әлем ғалымдары мойындаған. Десе де біз Алтын орданы «бөліп алмауымыз» керек»-деді ғалым. Ғалымның пікірінше жартылай көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының көшпелі тұрмыс салтында Алтын Орда дәуіріндегі дәстүр, менталитет, тұрмыс 18-ғасырға дейін сақталған.

Қорыта айтқанда онлайн-конференцияға қатысқан ғалымдардың әрқайсысы осыдан 750 жыл бұрын құрылған үлкен империя жайлы көптеген тұшымды пікірлер айтты. Ұлық ұлыстың 750 жылдығы аясында атқарылған шаруалармен бөлісті. Онлайн-конференцияны Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жүргізді.