26 Қыркүйек, 2013

Ұрпаққа ұлағаты мол шара

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелерінде патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді дамыту бағытында жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше мән берілгені белгілі.

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелерінде патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрді дамыту бағытында жұмыстар жүргізу қажеттігіне ерекше мән берілгені белгілі.

Осы тұрғыдан алғанда, Ба­тыс Қазақстан өңіріндегі іргелі оқу орындарының бірі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік медицина универ­ситетінде өткен егемен еліміз Парламентінің тұңғыш спикері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық экономика ғылымдары академиясының академигі, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспа­новты еске алуға арналған мәдени-тәрбиелік шараның зор тәлім-тағылымдық ма­ңы­зы болды. Халқына қызмет ету­дің үлгісін көр­сеткен қоғам қай­раткерінің жарқын бейнесін жас ұрпақтың жадында жаңғырту ұлағаты мол шара ретінде есте қалды.

Осы жоғары оқу орны бас­шылығының, №1 жалпы медицина факультеті деканатының қолдауымен өткен бұл шараның басты ерекшелігі оның бұрынғы уақыттардағыдай жоғарыдан берілген тапсырмамен емес, уни­верситеттің «Әлеуметтік-сая­си пәндер» кафедрасы жанын­дағы «Зерде» қоғамдық пікір-сайыс клубының бастамасымен ұйымдастырылуында және жас­тардың тарапынан үлкен қызы­ғушылық пен ынталылық тудыруында еді.

Шараға жиналғандар универ­ситеттің бас ғимаратында ор­наласқан Марат Оспановтың ескерткіш-бюстіне гүл шоқ­тарын қойып, оқу орны му­зейімен, ондағы тұғырлы тұл­ғаға арналған экспонаттармен, фотосуреттермен танысты. Сонан соң олар университеттің үлкен мәжіліс залына жиналып, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері туралы бейне-материалды көрді. Онда Марат Тұрдыбекұлының жастық шағынан бастап, адам, азамат, үлкен тұлға болып қалыптасуы жолдары көрсетілді. Оның жасынан өнерге әуес болып трубада, гитарада ойнағаны және соңғы жылдарда қазақтың төл музыкалық аспабы домбыра тартуды жақсы игеріп, оны дәріптегенін көріп, тіпті Марат Тұрлыбекұлының «дом­быра аспабында ойнау әрбір қазаққа тән болу керек, ол тілді игеруге де септігін тигізеді» дегені көрермендер мен қатысушылардың көңілін толқытты.

Әріптестері және кейінгі буын өкілдері оны еске алып, «Қо­ғам қайраткері, ғалым, саяси тұлға» тақырыбында дөңгелек үстел ұйым­дастырды. «Зерде» қоғамдық пікір-сайыс клубының құрметті төрағасы, «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафе­драсының жетекшісі, философия ғылымдарының док­торы, профессор Алтай Тай­жанов Марат Тұрдыбекұлы туралы қысқаша баяндап, оның осы заман тудырған тұл­ға екендігін, біздің егемен, тә­у­елсіз Қазақстанның жаңа тари­хында, еліміздің саяси, әлеу­­меттік-экономикалық тұр­ғыдан дамуының теориясы мен басқарылуына қосқан зор үлесін айтып өтті.

Жалпы алғанда бұл шараның жас ұрпақ тәрбиесіне берер үлгілі жағы көп болды. Ұйым­дастырушылар алдағы уақытта дөңгелек үстелді ғылы­ми конференция деңгейіне көтеруге ұйғарым жасады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар