Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Сенат бұл жағдайда өз жұмысын тиімді ұйымдастыруға тиіс. Сол арқылы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, Мемлекет басшысы ұсынған даму стратегиясын іске асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуі қажет.
Отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын қарады. Құжаттың негізгі міндеті – азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналу, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу өткізу бойынша конституциялық құқығын іске асыру, сондай-ақ, олардың өткізілуі мүмкін арнайы орындарын айқындау.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жобада бейбіт жиналыстар өткізу үшін хабарлама тәртібін енгізу көзделгенін де атап өткен жөн.
Депутаттар заң жобасын талқылау барысында бірқатар тұжырымдамалық өзгерістер ұсынды. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында пикеттер, жиналыстар мен митингілер үшін арнайы орындар саны қаланың әрбір ауданының орталық бөлігінде кемінде үшеу болу керектігі айтылды. Сонымен қатар бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының оған қатысушылардан өз бетін бүркемеуді, оның ішінде бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті немесе өзге де заттарды пайдаланбауды талап ету жөніндегі міндетін алып тастау ұсынылды. Бұл ретте ұйымдастырушылар мен қатысушылардың денсаулық сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын пайдалану жөніндегі құқығын бекіту мәселесі назарға алынған. Сенаторлардың осы және басқа да түзетулері құжаттың қорытынды мәтінінде көрініс тапты.
Мәулен Әшімбаев азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін қабылданатын заң жобасының маңызын атап өтті.
– Қаралған заң жобалары еліміздің одан әрі дамуына оң әсер етеді. Ұсынылып отырған құжаттар Қазақстандағы саяси үдерістерді одан әрі дамыту, адам құқықтарын қамтамасыз ету мен демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар, – деді Сенат Төрағасы.
Жаңа заң жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оларға қатысушылардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілді және мемлекеттік органдардың құзыреті белгіленді. Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды өткізуге рұқсат бермейтін негіздердің барынша толық тізбесі нақтыланды, әрі бас тарту дәлелді және негізді болуы тиіс екені айқындалды.
Одан басқа, бейбіт жиналыстарға қатысушының (қатысушылардың) заңнама талаптарын бұзуы бейбіт жиналыстарды тоқтатуға негіз бола алмайтыны туралы ереже ұсынылды.
Отырыста бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе құжат та қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Сенат заң жобаларын енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжат азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және конституциялық құрылысты қорғау үшін төтенше жағдай кезеңінде шұғыл шара қабылдау мақсатында әзірленген болатын. Қосымша баяндама жасаған Төлеубек Мұқашевтың айтуынша, заң жобасын іске асыру дағдарысқа қарсы тиімді саясат арқылы барлық мемлекеттік жүйенің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен орнықтылығын және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа сенаторлар заңнамаға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заңды қабылдады. Құжаттың мақсаты – жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану бөлігінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру. Сенатор Талғат Мұсабаев заң жобасын қабылдау адамдардың жұмылдыру дайындығы саласындағы міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілігін арттыруға, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру бойынша іс-шаралардың ұйымдастырылуына және өткізілуіне тұрақты бақылау орнатуға, мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық ресурстардың қорын сақтауға және уақтылы жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, Жоғарғы палата депутаттары Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны да ратификациялады. Қазақстан аумағында мамандандырылған мекемелердің қызметі үшін Конвенцияда көрсетілген ерекше жағдайларды жасау ратификациялаудың негізгі міндеті болып табылады. Атап айтқанда, мұндай мекемелер, олардың активтері, кірістері және басқа да меншігі барлық тікелей салықтардан босатылады, ал лауазымды адамдар Біріккен Ұлттар Ұйымының лауазымды адамдарына тиесілі жеңілдіктерді пайдаланады. Қосымша баяндамашы Төлеубек Мұқашевтың айтуынша, заң жобасын қабылдау елімізде мамандандырылған мекемелердің екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, оның үйлестірілуі мен тиімділігін арттыруға ықпал ететін қызметіне қолайлы жағдай жасайды.