Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты бюросының отырысында Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобалары палата комитеттері арасында бөлініп берілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын Қаржы және бюджет комитеті зерделейтін болды.
“Биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетіне берілді.
Экономикалық және өңірлік саясат комитетіне “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы белгіленді.
Бюро отырысында сондай-ақ “Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындау туралы” Сенат Төрағасының ұсынысы да қаралды.
Отырыста палатаның 9 сәуірде болатын кезекті отырысының күн тәртібі бойынша комитеттердің ұсыныстары да талқыланды. Депутаттардың қарауына “Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы енгізілді.
Сондай-ақ басқа да бірқатар заң жобалары қаралатын болды.